Home » Мақалалар » Каркабаева Парида. МҰҒАЛІМ ЕҢБЕГІ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ НЕГІЗІ

Каркабаева Парида. МҰҒАЛІМ ЕҢБЕГІ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ НЕГІЗІ

 Ғалым да, шахтер де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең


 Мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп қалай дәл тауып айтқан. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие  мен білім нәрі әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық.
«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
Бұл мәселені шешудің кілті ұстаз қолында. Өйткені, ұстаз ел­дің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу – ұлы міндет. Ол міндетті атқарушы – ұстаз. Ұстаздың негізгі құралы – сабақ.
Менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой – өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жа­ңа­шылдықтың бастаушысы, жүрегі – жылы, көңілі – дарқан адам.
Ұстаздан дәріс алмаған адам қазір жер бетінде жоқ десе де болар. Бұл мамандық содан да киелі. Жан – Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, бас­қаның бақытын аялау» деген нақыл сөзі жаныма өте жақын.
Болашақта мұғалім мамандығы ең беделді, әрі жоғары ақы төленетін мамандықтың біріне айналуы үшін оны сүйіп, талмай еңбек ету қажет. Ұстаздық қызметте, шәкірт­термен қарым – қатынаста ізгі ниеттілік, кішіпейілділік және мәдениеттілік бірінші кезекте тұру керектігіне көзім жетті. Бүгін білім берудің сапалы болуы үшін: біріншіден, ұстаздың жан – жақты академиялық білімінің болуы, екіншіден, мұғалімнің өз маманды­ғына деген шынайы сүйіспеншілігінің және ешқандай дипломмен бірге берілмейтін шығар­машылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қасиеттері болуы шарт.
Менің өмірдегі бақытым – жүрек қалауымен ұстаз болуым. Бұл сөзді мен жай ғана айта салмаймын себебі,  бұлай айтуым – маған үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы.  Егер де өмір қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттатсам – бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні. Өйткені, мен ҰСТАЗБЫН. Келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Менің шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде арман болмас… Міне, осындайда «Ұстаз — ұлық емес ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзін әрқашан есіме аламын.
«Ұстаздық» атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Өзің шын мәніндегі үлкен оқушы болғанда ғана кемел ұстаздыққа қол жеткізе аласың деп білемін. Бұл менің ұзақ жылдар ұстаздық еткен қызметімнің алтын арқауы, бәйтеректей биік діңгегі.
Ұстаз ретінде Мен,  тек қана жалаң білім беріп қоюмен шектеліп қалмауға барынша тырысамын. Ешбір сәтте есімнен ұлы ғұламамыз Әбу Насыр Әл — Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі естен шыққан емес.
Менің ұғымымда, біріншіден ұстаз міндеті өз пәнін шәкірттеріне жақсы үйретуден де тереңірек жатыр. Алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу –ұстаздардың бұлжытпас борышы. Екіншіден, мұғалім шын мәнінде баланы жан тәнімен беріле сүюі қажет.  Алдымен рухани қуат, мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттер арқылы ғана мұғалім өз мәртебесін көтере алады.Үшіншден, балаға үнемі қолдау көрсету – үлкен мәнді гуманды ізгі ұстаным. Оның астарында не бір қағидалар бар: баланы жақсы көру, оның адами өмір сүру ортасын шама жеткенше ұйымдастыру, баланың бойынан өзінің балалық шағын зерделі көзбен көру.Төртіншіден, мұғалім әр оқушының мінез — құлқын, көзқарасын, талғамы мен әдет дағдыларын зерделеп, әр баланың өз шамасына сай дамуын қамтамасыз ететін тәрбие сағаттарына бейімдеу қажет. Бұл сағаттар – ғибратты да әсерлі болуы тиіс — ақ.
Ұстаз-жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөліну қажет.
Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – МҰҒАЛІМ.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында дамудың  жеті басым бағытын айқындады, оларды жүзеге асыру әлемдегі бәсекелестікке қабілетті елдердің қатарына біздің еліміздің де қосылуына жол ашатын міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Осындай ең өзекті басымдылықтардың бірі қазіргі білім беру мен озық ғылымды дамыту болып табылады. Білім беру жүйесі – бұл ұлттық мәдениеттің, ұлттық сана – сезімнің даму көрсеткіші болып отыр. Бүгінгі таңда заман ағымына сай жас ұрпақтарды тәрбиелеуде ұстаздардың алдындағы жауапкершілік салмақтана түскендей. Жаңа формациялы мұғалім кәсіби шеберлігін жетілдіретін жаңа стильдегі тұлғалық-адамгершілік бағыттарын, педагогикалық шындықты және ондағы үздіксіз іс – әрекетті, жүйелі түрде қабылдау қабілеттерін, пән саласындағы еркін бағытты меңгеріп және қазіргі педагогикалық технологияларды игеруі тиіс. Білім беру талаптарын өзгерту, біліктілікті арттыру жүйесін жаңашылдандыру міндетін алға қояды, ал оның мақсаттарын жүзеге асыру біздің  алдымыздағы міндетіміз. Білімді ұрпақ – болашақ еліміздің жарқында кемелденген көшін алға бастайтын білімді де білікті  жеке тұлға қалыптасуы тиіс деп ойлаймын.
Қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін басты орынға қойылып отыр. Жаһандану үрдісінде, шығармашылық ізденістегі, әр баланың ақыл-ой еңбегінің дамуына ықпал жасайтын негізгі тұлғаның бірі – оқушының ұстазы. Қай кезеңде болмасын мектептегі басты тұлға мұғалім десек, дүниежүзілік даму деңгейінен кем түспейтін, иық тірестіре алатын, алған білімі мен тәрбиелік қазынасын туған еліне, адамзат игілігіне жұмсай алатын саналы азаматты қалыптастырып, жетілдіру-мұғалімге жауапты міндет. Қазіргі таңда Қазақстанда білім берудің өзіндік үлгісі қалыптасуда. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде.
ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру-үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол-жаңадан жаңаны табатын өнер»,-деген екен. Сондықтан қазіргі таңдағы педагогика жаңалықтарын, пән ерекшелігіне қарай қолдана білу-оқыту мақсатына жетудің бірден-бір жолы. Ұстаздық тәжірибемде алдыма қойған мақсатым-баланы қалайда өзінше қызықтыратын, қабілетін арттыратын жағдай туғызу. Оның бастысы оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу процесінде бірлесе әрекет ету.Ұлы Абай «Тегінде адам баласы бір-бірінен ілім, білімі жағынан ерекшеленіп тұрады»,- дегендей мұғалімнің құзыреттілігі, ең біріншіден, өзін-өзі дамытып, жан-жақты көрсетуіне байланысты деп ойлаймын.
Мұғалім кәсіби біліктілігін өзіндік дамытуы үшін өзінің іс-тәжірибесіне педагогикалық-психологиялық талдау жасауы, озық тәжірибелерді оқып үйренуі, ғылыми әдебиеттермен қарулануы, әріптестермен тәжірибе алмасуы, ата-аналарымен бірлесіп, мәселелерді шеше білу құзыреттілігін игеруі қажет.
Қазіргі кезде білім берудің әлемдік озық тәжірибелерін саралай отырып, бүгінгі оқытуда жасөспірімдерден күтілетін нәтиже, негізгі құзыреттіліктердің қалыптасуымен айқындалады. Жалпы құзыреттілік дегеніміз-дара тұлғаның білім,білік дағдыларды және өзіндік қабілеттерді жан-жақты игеруінен көрінетін білім нәтижесі.
Білім беру мазмұнындағы өзгерістер, тұлғаға бағытталған оқытуды жүзеге асыру-мұғалімнің шеңберінің кеңдігін қажет етеді. Заман талабына сай болу үшін мұғалім әрқашан ізденіс үстінде болу керек. Ендеше қазіргі таңдағы қазақ педагогикасының міндеті де осы қасиеттерді кез-келген қазақ оқушысының бойында қалыптастыру. Ертеңгі күні қазақ мектебін бітірген, соның ішінде ауыл мектебін бітірген, жас шәкірт қоғам алдында дәрменсіздік көрсетпеуі үшін, шаруашылықтың кез-келген саласына қажетті ортақ білік, дағдыны қалыптастырып мектептен алып шығуы тиіс. Өз ұлтымызды, мемлекетімізді өркендететін білімді, болашақ данышпан шәкірттер тәрбиелеу үшін, бірінші кезекте балалардың сезімталдығын, ойын, тілін дамытуды жолға алған жөн деп ойлаймын.«Мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті жинақтаса ғана ол-нағыз ұстаз»,- деп айтқандай мұғалімнің ізденісі жан-жақтылығы, құзыреттілігі арқылы айқындалады. Мұғалім құзыреттілігін дамыту, оқушылардың сабақтан алған білімдері арқасында шығармашылығын қалыптастырады.
Жаңа инновациялық технологияларды пайдалану — заман талабы. Қазіргі жаңа талаптар оқушыға емес, қазіргі заман мұғаліміне қойылады, мұғалімдер тек «сабақ беруші» ғана емес, баланың оқу ортасын құра алатын адам болуы керек. Педагогикалық технологияларды іске асыру үшін қалыпты емес жағдайда жұмыс істей алатын, технологиялық ұйымдастырылған білім беру процесін түсінетін, жаңа рөлді қабылдай алатын педагог болуы қажет. Ол үшін ол жаңашылдыққа дайын болуы керек.Осы жерде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Адам үшін XXI ғасыр-жаңа технологиялар ғасыры болмақ,ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып,өмірге енгізу,игеру және жетілдіру-бүгінгі жас ұрпақ,сіздердің еншілеріңіз..Ал жас ұрпақтың тағдыры-ұстаздардың қолында» деп атап көрсетті.Оқу процесінің тиімділігін арттырудың бірден-бір жолы- заманауи педагогикалық технологияларды қолдану. Жаңа заман  мұғалімдерінің білім мазмұнына өзгеріс енгізе алатын, оқыту мен тәрбиеге жаңа әдістер мен технологияларды енгізе алатын зор шығармашылық әлеуеті бар.
Қазіргі заманда оқушылардың белсенді танымдық және шығармашылық қызметі сұранысқа ие болу керек. Оқушылардың танымдық және шығармашылық белсенділігін дамытуда екі альтернативтік мәселені шешіп алу керек:
1) «Ұйқыдағы» оқушыларды ояту керек, яғни ортақ мақсатқа жету үшін белсенділігі жоғары оқушылардың арқасында белсенділігі төмен оқушыларды оқу процесіне тарту керек.
2) Заманауи қоғамның  шынайы проблемаларын шешуге тарту арқылы дарынды оқушылардың әлеуетін барынша ашу керек.
Менің бүгінгі тоқталғым келіп отырған нақты мәселемнің бірі — сабақта критериалды бағалаудың тиімділігі.
Критериалды бағалау- бұл оқушылардың білім мазмұны мен мақсаттарына сай, оқу- танымдық құзіреттілігін қалыптастыруда нақты анықталған, ұжыммен қалыптастырылған, алдын- ала оқушылардың барлығына белгілі білім жетістіктерін бағалауға негізделген үдеріс.
Критериалды бағалау  жүйесінің  мүмкіндіктері: Оқу үрдісінің әрбір кезеңінде оқушының дайындық деңгейін анықтау;
Оқу бағдарламасына сәйкес оқытудың мақсаты мен нәтижелерінің жетістіктерін оқушылардың өздерінің талдауы;
Әрбір оқушының жеке даму траекториясын бақылау;
Оқу бағдарламасын меңгерудегі олқылықтарды жою үшін оқушыларды ынталандыру;
Оқу бағдарламасының тиімділігін бақылау;
Оқу үрдісін ұйымдастырудың және оқу материалын меңгерудің ерекшеліктерін анықтау үшін мұғалім, оқушы және ата-ана арасында кері байланысты қамтамасыз ету.
Критериалды бағалау артықшылықтары:
Оқушының жеке басы емес, тек қана жұмысы бағаланады;
Оқушының жұмысын бағалау алдын –ала ұсынылған критерийлерге негізделеді. .
Бағалау алгоритмі оқушыларға алдын-ала белгілі;
Оқушы нақты не мақсатта жұмыс істеп отырғанын біледі;
Оқушыға өзінің білімділік деңгейі анық көрініп тұрады;
Критерий арқылы  бағалау мұғалімнің оқушы деңгейін анық біліп отыруына мүмкіндік береді;
Білім берудің сапасы артады.
Критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі:
-заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, іскер, ойлау жүйесі дамыған,   логикалық тұжырым жасауға бейім, еркін ойлай алатын жеке тұлғаны қалыптастырады;
-жеке жұмыстар жүргізу арқылы білім дәрежесін, ой-өрісін әрі қарай дамытады;
оқушылардың білім сапасын арттырады;
-оқушының тұлғалық бағытын белсенді позициясына бағыттауға мүмкіндік беретін бірден-бір бағалау жолы;
-тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, тұғырлы нәтижеге, бағытқа жеткізетін, шығармашыл бағалау жүйесі.
Сабақта қалыптастырушы бағалауды жүйелі өткізу — жиынтық бағалаудың  нәтижелі,сапалы болуының баспалдағы. Жиынтық бағалау тоқсан соңындағы оқушы білімінің жетістігін саралайтын жұмыс, ендеше осы жұмыстың  бастауы негізі  қалыптастырушы бағалауда қаланады. Бүгінгі таңда оқушы білімін критериалды жүйе бойынша бағалаудың өміршеңдігі мен ұтымдылығы дәлелденіп отыр.
А. Байтұрсынов: «Дүниеде өзгермейтін нәрсе жоқ. Ғылым да, тіл де, табиғат та дамиды. Осындай дамуды, өзгерісті басынан өткеретін күрделі құбылыс та – тіл» деп жазған. Жеке тұлға тәрбиелеуде тіл құзыреттілігінің маңызы ерекше. Әлеуметтік топтарда, қоғамдық түрлі әлеуметтік орындарда тұлғалармен қарым-қатынас жасауды және әрекет етуді қамтамасыз ететін ана тілін және басқа тілдерді меңгеру – заман талабы. Білім алушының тіл құзыреттілігін жетілдіруге критериалды бағалау жүйесінің ықпалы өте зор.Қазіргі заманда дамытудың нақты, бағытты, жүйеленген әдістемелері жасалып, психологиялық қолайлы жағдайлар тудырып отырса, кез келген  ерекше қабілетті оқушы дарынды оқушыға айнала алады. Ал дарынды ұрпақ – елдің ертеңі екенін, оқушы жастан белсенді азаматтық позициясымен ерекшеленетін бала қоғамымыздың ертеңгі интеллектуалдық потенциалы, зияткерлік тобы екенін үнемі есімізден шығармайық.
Адамның жақсы білім алуын, табысты оқуын, ақыл-ойының дамуын жоғары дәрежеде ұйымдастыру егеменді елімізді одан әрі дамытатын азаматтарды тәрбиелеуде маңызды қадам болып табылады. Терең білім – білім тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой азаматтығымыздың алдаспаны деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен қорытындылағым келеді.

Каркабаева Парида Пазыловна,
«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ,
«Басқару және білім сапасы » кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымының магистрі,
Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.