Каржауова Мақпал Малдыбекқызы
«Новокаменка орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі,
Қызылжар ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы
Жігіт:
Мен келдім ауылыңа суды кешіп,
Қандырдым сусынымды суын ішіп.
Екеуміз өлең айтсақ ел сүйсінер,
Көктен де құстар қонар, жерге түсіп.
Қыз:
Бойыңды кең далада көрді көзім,
Тарадың шаштарыңды өріп өзің.
Ерлікпен шөл далада қала орнаттың,
«Рахмет», «Құтты болсын!» айтар сөзің.
Жігіт:
Жылқы ойнар кең далада тайдай болып,
Көрінді қара қасың жайдай болып.
Өсірген ата-анаңа көп рахмет,
Құлпырдың он төрт күндік айдай болып.
Қыз:
Ішінде алты қыздың атым- Зере,
Жүремін қыздарменен алма тере.
Ән салып өлең айтып сен келген соң,
Балқыдым, бойым жылып майдай ере.
Жігіт:
Жер мынау көлеңкелі майда тал-ды,
Сұлу қыз шашын сілкіп белге салды.
Әдейі өлең айттым қарасын деп,
Қарайлап қаршығадай мойным талды.
Қыз:
Жеріңіз жер екен-ау ойдым-ойдым,
Өзіңді келе ме деп сертке қойдым.
Келмеген соң «Кешігіп не болды?» деп,
Ішіп тұрған шайымды жерге қойдым.
Жігіт:
Есілдің өзенінде тас болады,
Жарасқан ақ бетіңе қас болады.
Көзіңнен құралайдай жалтылдаған,
Көрген жан балқиды да мас болады.