Менің болашақ мамандығым
Мұғалімнің негізгі міндеті — оқушының ешкімге ұқсамайтын даралығын, шеберлігін көрсету, оны дамыту, жарыққа шығару. «Баланы жан-жақты етіп тəрбиелеу үшін жан-жақты білу қажет», — деген болатын белгілі педагог К.Ушинский. Сол айтпақшы, оқушыны жан-жақты білу үшін мұғалімнің өзі жан-жақты дамуы керек деп ойлаймын.Себебі, болашақ мұғалім болғандықтан оқушыны түсіне білуі керек. Болашақ маманның кəсіби қалыптасуындағы қоғамдық факторлардың түрлері əр алуан болады. Болашақ маманның кəсіби қалыптасуы үшін, алдымен оның болмысында құндылықтарды қалыптасуы шарт, яғни адамгершілік, рух, тəрбие.
Қазіргі кездегі жаңа білім саласына қойылатын талап, жас маманның кəсіби білімділігін, біліктілігі мен дағдысын қойып отыр.»Қоғамның ең басты талаптарының бірі — əр азаматтың өмірде өз орнында толық күш-жігерін жұмсап, қоғамдық байлықты еселей түсуге еңбек үлесін қосуы, еңбекке адал, саналы қатынасу-қоғамның өмір салтының алғы шарты болып табылады » Мектептегі музыкалық тәрбиенің негізгі мақсаты мен міндеттерін іске асыруда орасан зор роль атқаратын – мұғалім.
Музыка мұғалімі мамандығы – біздің еліміздегі ең ардақты әрі қадірлі мамандықтардың бірі деуге болады. Қазіргі кезеңде – музыкалық тәрбие беру және жаңа адамды қалыптастыру ісіне аса маңыз беріліп отырғанда мұғалімнің рөлі мен жауапкершілігі ерекше арта түседі.Бүгінгі музыка мұғалімі – жан-жақты білім алған, оқушылардың бойында әсемдікке деген нәзік сезім қылдарын қозғай алатын шығармашылық тұлға болуы шарт деп білемін.
Мұғалімнің ісі мектеп жұмысымен ғана шектеліп қоймай халық арасында саяси – ағарту жұмысын жүргізуін талап етуі қажет. Оқытушы өз пәнін жете білуімен қатар, білімін жаңа еңбектермен үнемі толықтырып отыруы тиіс деді атамыз Ы.Алтынсарин. Балаларды оқыту және тәрбиелеу ісінде мұғалімдер рөлінің айырықша зор екендігін ескертті. Ұлы ағартушы өзінің бір хатында: «Халық ағарту жұмысы бұл арада тек қана жаңа басталып келеді. Сондықтан, жаңа салынып жатқан үйдің жақсы болуы оның іргесінің берік және мықты қалануына байланысты болатыны сияқты, біздің қолға алып отырған ісіміздің де, қазақ мектептерінің бар келешектері көбінесе, істің қазіргі басталуына байланысты. Сондықтан да, мен қазір жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәріненде қымбат көремін…».
Мектептің жалпы білім және тәрбие берудегі маңызын ескере отырып, Абай жас буынға мектепке жүйелі білім беру қажеттігін мойындайды. Абай оқыту ісіндегі схоластикалық әдіске, құрғақ жаттауға қарсы болды. Ол сапалы білім беруді қуаттады. Таяқ тәртібінің орнына, саналы тәртіптің болуын жақтады. Ғылымға шын құмартып аңсау білім алуға ең қажетті шарттың бірі деп санады. «Білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген – мұның бәрі жан құмары.
Жақсы музыка мұғалімі ең алдымен, өз жұмысының ерекшеліктерін, қиыншылықтарын терең білу жөн. Сондықтан, мен болашақтағы мамандығыма жан-жақты даярлық ретінде оның музыкалық-педагогикалық қызметінің негізінде ән айту, аспапта ойнау, дирижерлік іскерліктері жатыр деп білемін. Болашақ мамандығыма қазірден бастап жан-жақты даярлануға тырысамын. Педагог-музыкант оқушылардың ішкі жан-дүниесін ұға білетін психолог, еңбек үрдісін шебер ұйымдастыра алатын қабілеті болуы да тиіс. Музыка мұғалімі әр уақытта өзіне де, өзгеге де қатаң талап қойып, оқушыларға үлгілі болуы керек.
Кез-келген мамандықтың өзіндік ерекшеліктері болатын музыка мұғалімінің де өзіне тән “құпиясы” бар. Музыка мұғалімі әрдайым шығармашылық ізденісте жүреді. Өйткені, ол оқу-тәрбиелік жұмыстарын жүргізе отырып, балалардың көзқарастарын, сенім-нанымдарын, талғамдарын қалыптастырады. Ол тек жан-жақты дамыған білімді, өз пәнін жақсы меңгерген маман иесі болып қана қоймай, жеке тұлға болуы тиіс деп түсінемін.
Музыка өнері арқылы балаларды тәрбиелеуде, оның дүниетанымының, көзқарасының, түсінігінің мәнділігі қажет. Бұл мамандықты қалаған мұғалім әрдайым өзінің музыкалық қызығушылығы мен шығармашылық қабілеттерін жетілдіре түсуі тиіс. Мұғалімнің музыкалық аспапта орындауы, даусымен еркін ән салуы сабақтың қызықты, әрі әсерлі, мазмұнды өтуіне себебін тигізеді. Әсіресе, қажет болған жағдайда кез-келген тактіні, музыкалық сөйлемді қайта қайталауға ыңғайлы болады. Әр іс-әрекетінде мұғалім балалардың өздерінің орындауға қызығушылығын арттырады. Музыка мұғалімі кез-келген сауатты музыкант ретінде музыкалық әдебиетті, музыканың тарихын, музыка тілінің ерекшеліктері мен заңдылықтарын талдай білуі тиіс. Музыка мұғалімі “Музыка” пәніне арналған бағдарламалардың барлық түрлерімен танысып, оларға талдау жасап, оның ішіндегі қажеттілігін іс-жүзінде қолданып, өмір талабына сай шығармашылық тұрғыда түрлендіріп отыруы тиіс. Мұғалім үнемі бақылау жұмысын жүргізудің арқасында педагогикалық сезімталдығын жетілдіріп, әртүрлі жағдаяттарда тез шешім қабылдап, өздігінен педагогикалық ықпал жасауды үйренеді. Жеке тәжірибесін байыта отырып музыкалық сабақтарға жоспарлар жасап өзінің шығармашылығын дамытып, жобалау, конструкциялау тәжірибесін жинақтайды. Оның ішінде оқу – тәрбиелеудің озық шешімдері және мақсатты анықтау, әрбір сабақтың міндет, ой біліктілігі мен мүмкіндігінше қойылған міндетті ұтымды шешуді пайдалану және әдістемелердің бірігуімен зейінді нақтылау, сонымен бірге өз пәнін ішкі дүниені кеңейтуге пайдалану мен музыкалық мәдениетті тәрбиелеу бар. Мұғалім музыканттың өзіндік ерекшелігі оқушылармен қарым-қатынас өнерінде, яғни сабақта толық ашылады. Ол шығармаларды орындап қана қоймай музыка жайында ауызша түсіндірмелер жасап композиторды таныстырып, эмоцияға ықпал жасайды. Өзінің сезімталдығы, тыңғылықты ісі, талап қойғыштығы және оқушының жаңашыры болуының арқасында абырой, сенім, құрметке бөленеді. Оқушыға барлық уақытта мұғалімнің көмегі, жылы көңілі қажет. Жұмыста мұғалімнің ұйымдастырушылық қабілеті үлкен орын алады. Ол музыкалық жұмысында күш – жігерін жұмсап аспапта шебер ойнауы арқылы оқушыны баурап алады. Бұл ерік пен мақсатқа, талпынысқа жетуге өте қажетті. Мұғалім шығармашылығы, оның ұстаздық шеберлігі, тапқырлығы мектеп табалдырығынан алғаш аттаған күннен бастап қалыптаса бастайды. Өз ісінің білгірі, шебер педагог болу үшін мұғалім өзінің бойындағы жетістіктері мен кемшіліктерді дұрыс бағалап, өзін-өзі тәрбиелеуге міндетті. Өскелең ұрпақты туған халқының төл тумалық асыл қазыналарының бірегейі болып табылатын, ұлттық педагогиканың озық үлгісі саналатын музыкалық мұраларынан сусындатып, соның негізінде мәдениетті, білімді шығармашыл бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру, бүгінгі тәрбие жұмысының ең өзекті мәселесі болып отыр. Оқушыларды елжандылық, адамгершілік құндылықтарын меңгерген тұлғаға лайықты етіп тәрбиелеуде әрбір пәннің алатын орны ерекше.
Музыка мұғалімі тек музыка пәнінен сабақ беретін маман емес, ол оқушыларды жан-жақты тәрбиелейтін өнегелі ұстаз болып саналады. Мен өз мұғалімдерімнен психологиялық, дидактикалық принцип негіздерінен қолдана отырып, оқушыларды жалаң ән музыкаға үйрету міндетін іске асырумен шектелмей, оларды өнегелік негізге бағыттайтын тәрбиемен айналысамын. Сол себептен де, музыка сабағын беретін мұғалімнің бүгінгі ғылыми-әдістемелік жетістіктермен қаруланып, сабақты жан-жақты етіп жоспарлап өтуінің мәні зор деп білемін. Осы айтылған мақсаттарды біртіндеп іске асыра отырып, мектеп мұғалімінің қолындағы бағдарламаға сәйкес музыка сабағын өткізуде әдістемелік кеңестерді еске ала отырып, сабақты ұйымдастырудың, жаңа формаларымен әдістерін пайдалану керек.
«Музыка ұлтқа бөлінбейді» дейміз. Иә, біз кез келген елдің музыкасына құдды бір ана тілімізде тыңдап отырғандай құмарта құлақ тосамыз. Ондағы тылсым күш жүрек түкпіріне терең бойлап, саз сиқырына қалай арбалып қалғаныңды сезбей қаласың. Музыка жан-дүниемізді өзге бір әлемге жетелеп, сезім пернелерін дәл басады. Әсем әуен ой-қиялымызға қанат бітіріп, көңіл сарайына нұрын төгеді. Осынау құдіретті музыка өнері туралы ұлылардың ой-пікірлеріне кезек берейік. Музыка – жүрек тілі, ол – сезімдер мен көңіл-күй әлемі. Ол дыбыстар арқылы бейнеленген жан сарайы.
Ұлы ғұламалардың музыка жөнінде айтқан ой пікірлері:
А.Н.Серов Музыканның жұмыс салдарынан пайда болған шаршағандықты ұмыттырып, өзіне баурап әкететін қасиеті болады. Ол – бізге осы жұмыстың зардабына шыдауға, төзуге көмек береді.
Әл-Фараби: Музыка адам жанын жарқындатып, жалындатуға тиіс.
Л.Бетховен: Бұл ғылым (яғни музыка) өзінің байсалдығынан айрылған адамдарды түзетуге, қызба адамды қалпына түсіруге, байсалды адамды ылғи да бір қалыпта ұстауға құдіреті әбден жетеді.
Г.Лонгфелло: Музыка жас азаматтардың ішкі дүниесін байытып, әр дәуірдегі қоғамдық өмірдің түрлі құбылыстарын дұрыс түсінуге көмектеседі. Ахмет Жұбанов: Музыканың үш түрі бар. Біріншісі, жәй ғана рахат сезімін туғызады, екіншісі құмарлықты, ынтықтықты білдіреді, үшіншісі біздің қиялымызға бағытталады. Жағымды сезім оятатын музыка демалыс үшін қолданылады, ол бізді жақсы тынықтырады. Музыканың моральдық мәні сол, біз оның әсерімен таза нәр аламыз, яғни шынайы сүйеміз, немесе жиренеміз. Музыканың шын мәнінде біздің жан дүниемізді толқытып, көңілімізді көтеруге құдіреті әбден жетеді.
Аристотель: Музыкалық өнер – мелодияларды (әуендерді), сондай-ақ оларды барынша тартымдырақ және кемелірек ететін нәрселермен шұғылданатын өнер.
Д.Д.Шостакович: Мелодия тек қана еліктірмейді, ол сөйлейді… Оның тілі өткір, от-жалынға толы жәй, қарапайым сөзге қарағанда, әлде қайда күштірек деуге болады.
Қажым Жұмалиев: Музыканы халық тудырады, ал біз, суреткерлер оны тек музыкалық аспаптармен орындауға бейімдейміз.
М.И.Глинка: Егер бала кезден музыканы сүймесем, мен еш уақытта өнер жолына түспес едім.
С.Т.Коненков:Музыканы рухымызға, құмарлығымыз бен ынтықтығымызға, көңіл күйімізге қатыстыруымыз керек.
Д.Д.Шостакович: Музыка теориясының негізгі принциптерін тек түйсік, тәжірибе арқылы білуге болады.
В.Астафьев: Музыка, тамшы сияқты, там-тұмдап жүрекке енеді де, жанды желпіндіреді.
Р.Роллан: Музыка әрбір адамға өзін өзі терең түсінуіне көмектеседі, ол адамның сезімі мен ойын байытады.
Осы ғұламалардың пікірлерін жүзеге асыра отырып, болашақта музыка мамандығының қоғамның ең басты бөлшегі болуына ат салысамын.
БҚО, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжі музыка кафедрасының оқытушысы
Искакова Гульфия Борисовна,
3а КШМ топ студенті Медет Ақбота Нұрболатқызы