Сабақтың мақсаты: Иса Байзақовтың өмірі мен шығармашылығы жайлы мағлұматтарды кеңейтіп, «Құралай сұлу» поэмасының идеясын ашу, кейіпкерлер бейнесін талдау. Поэма тақырыбына байланысты проблемалық жағдайлар туғыза отырып, оқушылардың тақырыпты өзі ашатындай бағыт беру.
Дамытушылық: Өз пікірін қорғай білуге, ойын еркін әрі әдеби жеткізуге баулу, шығармашылық ізденістерін дамыту. Өздігінен жұмыс істеуге бағытталған шығармашылық қабілетін жетілдіру.
Тәрбиелік мәні: Өз елін, жерін сүйетін адал да жанашыр адам болуға тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже: 1. Поэманың мазмұнын меңгереді
- Кейіпкерлерге мінездеме бере алады.
- Поэманың тақырыбы, идеясы, тілі туралы өзіндік пікір қалыптастырады.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, салыстыру, баяндау, талдау жасау, өз пікірін қорғау.
Сабақтың көрнекілігі: Иса Байзақовтың өмірі жайлы видео, слайд.
Пәнаралық байланыс: тарих
Сабақтың жалпы жоспары:
- Ұйымдастыру кезеңі: 4 минут
- «Ой қозғау» 6 минут
- «Мағынаны тану» 25 минут
- «Салыстыру»
- Білімді бекіту
- Білімді бағалау
- Үйге тапсырма
Сыныпты түлі-түсті кескіндерді таңдату арқылы 3 топқа бөлеміз.
1-топ үшбұрыш
2-топ төртбұрыш
3-топ дөңгелек
- «Ой қозғау» 3 топқа сұрақтар салынған конверттер ақылы тапсырма беріледі.
А. Иса Байзақов кім?
Ә. Поэма дегеніміз не? И. Байзақовтың қандай поэмаларын білесіңдер?
Б. Идея дегеніміз не? «Құралай сұлу» поэмасының негізгі идеясы неде?
А) Иса Байзақов – ақын, сазгер, актер, күйші, әнші. Иса Байзақов 1900 жылы 3-қазанда Павлодар облысы Ертіс ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген.
Ә) Поэма – белгілі бір оқиғаны, адам тағдырын, заман шындығын өлеңмен сипаттайтын көлемді шығарма. И.Байзақовтың поэмалары: «Кавказ» 1941 жыл, «Алтай аясында» 1939 жыл, «Ақбөпе»1945 жыл, «Ұлы құрылыс» 1933 жыл, «Он бір күн, он бір түн», «Қойшының ертегісі»1926 жыл, «Қырмызы — Жанай» 1940 жыл аяқталмаған, «Құралай сұлу» 1925 жыл.
Б) Идея — көркем шығармада айтылатын ойды айтады. «Құралай сұлу» поэмасының негізгі идеясы «Ақтабан шұбырынды» заманындағы қазақ тұрмысы шынайы суреттелген, ел бірлігі, патриотизм идеясы көтерілген. Ананың балаға деген махаббаты және екі жас аралығындағы сүйіспеншілік сезім жырланады.
III. «Мағынаны тану» топ болып жұмыс жасаймыз.
1-топ: Баяндаушы топ. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы ой қозғайды. Постер жасап, қорғайды.
Иса Байзақов 1900 жылы 3-қазанда Павлодар облысы Ертіс ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген. Исаның әкесі Байзақ, анасы Ғазиза да әнші, сауықшыл, өнерге жақын адамдар болған. 9 жасында шешесі қайтыс болып, әжесі Жанбаланың бауырында өседі. Нағашы ағасы Рахмет оған домбыра тартып, ән салуды үйретеді. Ол кішкентайынан «Домбырашы бала», «Әнші Иса» атанады. 1924 жылы алғашқы өлеңдері жарық көреді. 1926 жылы Қызылорда да тұңғыш ұлттық театр ашылғанда театрдың негізін қалаушылардың бірі болды. Алғаш Мұхтар Әуезовтың «Еңлік — Кебегі» мен «Бәйбіше – тоқалында» басты рөлдерде ойнаған. «Біржан – Сарада » Біржан рөлін ойнап, әншілік, домбырашылық, ақындық өнерімен жұртты ерекше сүйсіндірген. Атақты «Гәкку» әні әншінің орындауымен ешбір өңдеусіз «Қыз Жібек» операсына енді. Радиода, филормонияда, Жазушылар Одағында қызмет етті. Иса әйгілі «Құралай сұлу» дастанын жазды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстік Қазақстан облыстарында ел аралап үгітшілік қызмет атқарды. Әкесі – Байзақ, анасы – Ғазиза, әжесі – Жанбала. Иса – ақын, сазгер, актер, күйші, әнші.
2-топ. Талдаушы топ: «Құралай сұлу» поэмасының тақырыбы, идеясы ерекшелігі туралы ой қозғайды.
1925 жылы жазылған тарихи шығарма «Құралай сұлу » поэмасының басты тақырыбы ерлік, елдік, махаббат. Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» дастанына ғасырлар бойы қазақ даласында жаңғырған Құралай сұлу жайлы аңыз арқау болған. Ақын тақырып арқылы шындық өмір көріністерін суреттегенде, оны өз көзқарасы, өз дүниетанымы тұрғысынан бейнелейді. Сол арқылы өз мақсат мүддесін, арманын білдіреді. «Құралай сұлу» поэмасының негізгі идеясы «Ақтабан шұбырынды» заманындағы қазақ тұрмысы шынайы суреттелген, ел бірлігі, патриотизм идеясы көтерілген. Ананың балаға деген махаббаты және екі жас аралығындағы сүйіспеншілік сезім жырланады. Көркем шығарманың сюжеті оқиғалар жүйесінен құрылады. Оқиғалар бір-бірімен байланысып, желісі үзілмей, үнемі өрбіп отырады. Шығарманың ерекшелігі өлі сөзге жан бітіре сөйлей білген ақынның тілге шеберлігін көреміз. Мысалы ел жайлап отырған Шу өзенінің екі жақ алабы мен көл маңының көркін айна қатесіз көз алдыңызға келтіріп, сөзбен сурет салады.
Өзеннің екі жағы қамысты көл,
Жайылып екі тарап болады сел.
Шаңқанда шағалалы құстар ұшып,
Шуылдап сұқсыр қонған суға түсіп.
Қызғыш – қызық, шәуілдек жағын безеп,
Аққу, қаз сұңқылдайды үнін қосып.
3-топ. Сипаттаушы топ: Кейіпкерлеріне тоқталып, мінездеме беріп, іс-әрекеттеріне талдау жасайды.
Негізгі кейіпкерлер: Монтай би – әділ би, Келден бай – батыр, бай, Құралай сұлу, Құралай сұлудың анасы, Қалмақтардың ханы – Сейқын.
Аңыз бойынша Монтай атты әділ би дүйім жұртқа құрметті болған. Оның кесім – бітімінсіз халық еш дауды шешпеген. Бірақ Монтайдың ұрпақсыз өмір кешуі бір ғана бидің емес, қалың жұрттың жүрегіндегі шер еді. Уақыт өте келе бидің тоқалы құрсақ көтеріп, Қайыргелді есімді ұл туды. Монтай бидің қуанышы бүкіл елдің қуаншына айналғанымен, бұл шаттық ұзаққа созылмайды. Жалғыз ұлдары жастай қайтыс болып, ер мен елдің көңілі жүдейді. Елі биді жұбатуға жиналғанда Монтай би бір жігіттен төрт құбыласы тең, он бір ұлы он бір ауыл болып отырған армансыз Келден бай туралы естиді. Армансыз адамды көргісі келіп, арнайы байды іздеп барады. Келден байда әділ би Монтай жайлы сырттай естіп, бір жүздесуді қалап жүрген екен. Келден ауылына барған биді қуана қарсы алып, екеуі сыр шертіседі. Сонда ел армансыз деп ойлайтын Келден батыр ешкімге айтпаған сырын, өмір бойғы арманын Монтайға айтады.
Қалмақ пен қазақ арасында сұрапыл соғыс болған жылдары аз ғана үй отырған қазақ ауылына қалмақтар шабуыл жасап, 13 жасар Келден жау соңынан қуып кетеді. Жаумен алысамын деп жүріп тұтқынға түсіп, қалмақ ханы Сейқынның тұтқынында 5 жыл өткізеді. Сейқынның өзге балаларынан ең ерекшесі Құралай сұлу еді. Оның сұлулығы, ақылдылығы, мейірімділігі күллі жұртты сүйсіндіріп, ер атаулыны ынтық еткен. Тіпті ел адамдары Құралай сұлуды қыз баласы-ау демей, онымен ақылдасып, кеңесіп отыратын болған. Бір күні Сейқын хан үлкен той жасап, тұтқындардың бәрін босатуға әмір береді. Бірақ мәселе қазақ батырына келгенде, оны алдына алып келуге бұйырады. Келден батырға хан егер қалмақ елін жау көрмей, дос тұтатын болса ғана бостатынын айтып, ант беруін талап етеді. Бірақ дұшпанға ант беруді намыс көрген Келден батыр қарсылық танытып, қалмаққа дос болмайтындығын, өлгенше күресетіндігін айтады. Осы әрекеті үшін хан оны тағы қамауда ұстайды. Ертесі күні таң ата Келден батырды әлдекім түртіп оятып, босатып алады. Қараса Құралай сұлу екен. Құралай сұлу батырға шешесінің қазақ қызы екенін, 15 жасында қалмақ қолына түсіп, Сейқын хан қазақ қызының асқан сұлулығына қызығып әйелдікке алғаны, шешесінің қалмаққа қор болып, еліне деген сағынышы мен махаббаты үшін құсамен өмір сүріп, шерменде халде дүние салғандығы жайлы мұңын айтады. Шешесіне деген махаббаты мен Сейқын ханға деген өшпенділігі, қалмаққа қор болмауын өтінген анасының өсиетінің осы күнге дейін байыз таптырмағандығын сөз етіп, елден бірге қашуын сұрайды. Бір-бірін сүйіп қалған жастар елден қашып, қазақ жеріне беттейді. Артындағы қалмақ қуғыншыларымен алысқан Келден оларды мерт қылып, кегін алады. Әрі қарай жандарына байыз тауып, елдеріне аттанған Келден батыр мен Құралай сұлу бір жерде дамылдап алмақ болады. Әлденеден сескенген Құралай сұлудың бұл қопаға түспеулерін шыр-пыр болып тілегеніне болмай, Келден сол жерде тынығып алмақ болады. Суға түсуге кеткен Құралайды күтіп отырған батыр әлден уақытта сұлудың шыңғырған даусын естиді. Есі шығып өзенге қарай жүгірген батыр Құралайға тап берген жолбарысты көреді. Дереу жолбарысқа садақ кезеп, атып түсірген батыр сүйген сұлуын құтқарып үлгермейді. Өлім аузында жатқан Құралай батырға арманының орындалғанын айтып, батырдан әрі қарай өмірін жалғастырып, ұрпақ өрбітуін тілейді. Сөйтіп, жан тапсырған Құралай ханның жете алмаған арманына айналады.
Құралай сұлудың мазары Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы Кіші Қамқалы ауылы маңына қойылған. Ел аузында бұл кесенені Келден батыр 18 ғасыр мен 19 ғасырдың аралығында салғызған. 1924 жылы Орынбор қаласында оқып жүрген жас ақын Иса Байзақов ел аузынан естіген аңыз деректерге сүйеніп, «Құралай сұлу» поэмасын жазды.
(Құралай сұлу мазары туралы видео көрсету керек)
- «Салыстыру» — Біз алдыңғы сабақта Ғабит Мүсіреповтың «Ананың анасы» әңгімесін өткенбіз. Осы екі шығарманы салыстырып ұқсастық пен айырмашылығына талдау жасайық.
1-топ Ғабит Мүсірепов «Ананың анасы» яғни, кейіпкерлері, жанр түрі, шығарманың идеясы. Постер арқылы қорғайды.
Ана. 15 жасында күңдікке сатылған ана. Әке-шешесінен айырылған қайратты, сөзге шешен, ақылды. Өзінің ақылымен, өжеттілігімен қырық батырға төтеп беріп, қызын аман алып қалған.
Батыр. Жалпақ батыр – ер жүрек, батыр, ақылды, мейірімді, қара күш иесі, тәуелді. Ананың айтқан сөзін тыңдап ақылмен шеше білген.
Жанр түрі – әңгіме.
Әйтілес қарттың ескі күндердің әңгімесін шертіп, аңызға айналған адамдардың басынан өткен оқиғаларды әңгімелеуі.
Шығарманың идеясы – жеке тұлғаның бас бостандығы толық қорғалмаған. Халықты байлар басқарған, шешімді билер беріп сөзге тоқтам салған. Және ананың балаға деген махаббаты айқын көрініс тапқан.
2-топ: Иса Байзақов «Құралай сұлу» яғни, кейіпкерлері, жанр түрі, шығарманың идеясы. Постер арқылы қорғайды.
Кейіпкерлері: Ана, батыр
Ана – Құралайдың анасы. 15 жасында қалмақ ханы Сейқынға әйел болған. Қалмақтар қазақ еліне шабуыл жасап, сұлу әрі көрікті қазақ қызын алып қашып, хандарына тарту еткен.
Батыр. Келден батыр — батыр, ақылды, қара күш иесі, қайсар, өжет, айтқанынан қайтпайды. Артынан қуып келген 100 шақты қалмаққа бір өзі тойтарыс берген.
Жанр түрі – поэма
Қазақ пен қалмақ елі арасындағы тартысты күндерді Келден батыр еске алып өзін тұтқындықтан босатып аман алып қалған ғашығы Құралай сұлу туралы жырлайды.
Шығарманың идеясы — «Ақтабан шұбырынды» заманындаға қазақ тұрмысы шынайы суреттелген, ел бірлігі, патриотизм идеясы көтерілген. Ананың балаға деген махаббаты және екі жас арасындағы сүйіспеншілік сезім жырланады.
Сабақты қорытындылау:
3-топ: Иса Байзақов поэма жанрын дамытуға үлен үлес қосқан. Оның дәлелі өзіміз жаңа атап кеткен поэмалары. Көлемді шығармаларында өткен заман оқиғалары, кейінгі дәуір шындығы көрініс тапқан. «Құралай сұлу», «Алтай аясында» поэмаларында жоңғар шапқыншылығы, «Ақтабан шұбырынды» заманындағы қазақ тұрмысын шынайы суреттеп, ел бірлігі, патриотизм идеясын көтерген.
Сабақты бекіту: тест тапсырмасы:
- «Құралай сұлу» поэмасының басты тақырыбы
А. Ерлік, елдік, махаббат +
Ә. Барымта
С. Әлеуметтік теңсіздік
Д. Әйел теңсіздігі
- Шығармадағы Қайыргелді деген кейіпкер кім?
А. Келден батырдың інісі
Ә. Құралай сұлудың бауыры
С. Қалмақ батыры
Д. Монтайдың тоқалдан туған ұлы +
- Келден батыр қалмақтардың қолына қалай түсті?
А. Жаудың шабуылын болжау үшін шыққанда
Ә. Ел ішін аралап жүргенде
С. Өзге елді шабуға барғанда
Д. Жау шауып алған жылқыны қуып барғанда +
- Сұрбикеш деген ат кімдікі екенін көрсет?
А. Сейқынікі
Ә. Қайыргелдінікі
С. Келден батырдікі +
Д. Құралай сұлудікі
- Қай кейіпкердің сөзі екенін анықта.
Қайтсе де қосылмайды саған қаным,
Жаралғаннан жұртымды сүйген жаным.
Бүгін шешіп босатсаң, ертең жаумын,
Сендей жауды жапыру – ойлағаным.
А. Келденнің +
Ә. Монтайдың
С. Құралай сұлудың
Д. Сейқынның
- Құралай сұлудың ажалы қалай болғанын тап?
А. Қуғыншының қолынан қаза тапты
Ә. Оқыс дерттен қайтыс болды
С. Жолбарыс талап өлтірді +
Д. Аттан құлап мерт болды
«Ізгі тілек ағашы»: (кері байланыс) арқылы, сабақтан алған әсерлерін, тілектерін жапырақшаларға жазып «Жеміс ағашына» жапсырады.
Үйге тапсырма: «Ана – сарқылмайтын бұлақ» эссе жазу
Ақмола облысы Целиноград ауданы
Қараөткел ауылы №6 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Смагулова Майра Салимжановна