Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздіктің ақ таңында білім беру саласында ел-жұрт ойланатындай тың өзгерістер орын алды. Реформалар әлі де жалғасуда. Ал ҚР Білім және ғылым министрі жаңа бағдарлама туралы мәлімдеме жасағаннан бері көпшілік «бұл қалай болар екен?» деп абдырап қалғаны рас.
Халық арасында қызу талқыға түскен негізгі түйткіл — үш тұғырлы тіл. Үш тұғырлы тіл мәселесінен қорқып, үркудің қажеті жоқ. Өйткені заман ағымына сай ұрпағымыз бірнеше тілді меңгерсе несі айып? Қазақ тілі — ана тіліміз болса, орыс тілі — ресми тіл, ағылшын тілі халықаралық қатынастар тілі екендігін әрбір көзі ашық азамат түсінеді. Иә, қазақ тілін сүю, құрметтеу, қадірлеу әр қазақтың қасиетті борышы! Ұлт алдындағы парызы! Ұрпағын ана тілінде сөйлете алмаса, оған ұлттық құндылықтардың дәмін татырмаса, ұлттық тәлімді сіңіре алмаса, ол отбасындағы ата-ананың, ата-әжелердің кешірілмес кінәсі деп ойлаймын.
Ал, қазіргі ұрпақ зулап бара жатқан заман ағысына ілесе алмаса, үлкен кемшілік ата-аналары мен ұстаздарға сын болар еді! Бұл тұрғыда шәкірттеріміздің өзі терең ойланып, әрекет етуі тиіс. Яғни жастар талпынуы керек. Балалар тілді неғұрлым ерте үйренсе, ол өсе келе есепке жүйрік әрі шет тілде акцентсіз сөйлейді екен. Бұны шет елдік ғалымдар зерттеп дәлелдеген. Жастарға бар мүмкіндік жасалды, шет елге шығып оқиды, қызыметіне байланысты тәжірибе алмаса алады. Ол ненің арқасы? Әрине, шет тілін меңгергендіктің арқасы! Ендеше неге үш тұғырлы тіл мәселесінен үркиміз?
Мәселен, үш тілде білім беруді Қазақстан мектептері егемендік алғаннан бері біртіндеп тәжірибеге енгізіп келеді. Қазақ-түрік лицейінде үш тіл емес, 4 тілді де үйретіп, шәкірттері мықты маман иелері болып, бәсекеге қабілеттіліктерін көрсетуде. Міне, елміздің білім саласындағы мекемелері де осындай жақсы көрсеткіштерге жетеді деген сенімдемін! «Үш тұғырлы тілдің», шын мәнінде, мемлекеттік тілге мүлде зияны жоқ. Бұл жерде мәселе сол стратегияны, сол саясатты дұрыс жүргізуде, жарқын болашақта нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде болып отыр. Мәселен, Орыс тілі мен ағылшын тілін оқытатын мұғалімдер міндетті түрде қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді өте жақсы білуі тиіс. Жоғары оқу орнында да ағылшын мен орыс тілін қазақ тілімен біріктіріліп ғана оқытылуы керек. «Үш тұғырлы тілді» тек мәдениет аралық қатынас негізінде қарап, ақпарат алмасу, білім үйрену, тәжірибе жинау үшін үйретіледі.
Елбасымыздың биылғы Жолдауы мен 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да білім саласы кеңінен қарастырылған.
«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғы шарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды XXI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», — деген еді Президентіміз өз мақаласында.
P.S. Осы орайда, латын тіліне көшу де еліміздің болашақта әлемдік аренада өз орнын ойып тұрып алуға үлкен бір мүмкіндік деп білемін!
Жамбыл облысы, Тараз қаласы,
Ш.Смаханұлы атындағы №44 орта мектептің
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі