Home » Мақалалар » Интернат – тәрбиенің қайнар көзі

Интернат – тәрбиенің қайнар көзі

Күндер қуып, күндерді итерді артқа

Безер күндер қашуға икемді, ақ та

Есіңде ме, ескі дос біз сол жылы

Он жылдықты бітірдік интернатта — деп жырлаған ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаев интернат қабырғасында тәрбиеленген баланың бірі. Еліміздің қайраткер ағалары мен апайларымыз, ақын- жазушыларымыз, атақты әнші, бишілеріміздің біразы осындай интернат қабырғасынан тәрбиеленіп шыққан. Ендеше интернат мекемесі — тәрбиенің қайнар көзі деп айтар едім.

Тәрбие — тұлғаны қоғамдық, мәдени және өндірістік өмірге белсене қатыстыруды мақсат ететін дайындау үлгісі. Яғни біз осындай тұлғаны өмірге бейімдеп, жан- жақты дамыта даярлау үшін бұл қасиетті әдетке адам, топ, ұжым, болып қатысуымыз керек.

Бүгін тілге тиек болар әңгімеміз Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернат жайлы болмақ. Мектеп-интернаты 2010 жылы 5 наурызда ашылды. Сол интернат ашылғалы осы интернатта тәрбиеші болып жұмыс жасаймын. Қазіргі таңда интернатта 200 тәрбиеленуші бар. Ата- анасы шалғай жерде жүрген балалардың тәрбиелі болып өсуі ең алдымен отбасы тәрбиесіне байланысты болса, мектеп жасына келгеннен кейін, интернаттағы, яғни екінші ата-анасы тәрбиешілердің берген тәрбиесіне байланысты болады. Сондықтан өз ісіне шексіз берілген, саналы, білімді, әдепті, патриот, адамгершілік қасиеті күшті, дені сау, нағыз қазақ азаматы болып шығатындай тұлға етіп тәрбиелеу- әр тәрбиешінің алдына қойған ең бірінші мақсаты. Мектеп-интернатында он сегіз тәрбиеші жұмыс атқаруда.

Осы орайда біздің интернатта тәрбие жұмыстары ата- аналармен, ұстаздармен бірлесіп жүзеге асырылуда. Мұнда тәрбие жұмысының негізгі алты бағыты белгіленіп алынған. Тәрбие жұмысының бағыттарының тақырыптары бірімен-бірі тығыз байланысты. Әр тәрбиешісі өз сыныбының мақсаты, міндеті бойынша жұмыс жүргізеді. Интернатта оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы жұмыс істейді. Бұл ұйымның міндеті, мақсаты, жауапкершілігі, құқы бар. Интернатта жүргізілген шаралардың барлығы осы ұйымның араласуымен өткізіледі.Тәрбиелешілердің берген бағыты бойынша, барлық мерекелік іс-шаралар ата-аналармен, мектеп ұстаздарының қатысуымен өткізіледі. Мұнда тәрбиеленушілердің бос уақытын ұйымдастыру жұмысы да жақсы жолға қойылған. Яғни бала әр күнін сапалы, пайдалы өткізу үшін спорттық үйірме, өнер мектебі және олармен психологиялық тренингтер, әңгімелер, пікір сайыстар, түрлі ойындар, спорт жарыстары өткізіліп отырады.

Біз өзімізге сеніп тапсырған әр ата-ананың үміт күтетін перзентін тек салауаттылыққа бейімдеп, әдеппен сөйлеуді, үлкен кішіні сыйлауды үйретіп қана қоймай, тұлғаның бойына игі-іс әрекеттер мен адамгершілік қасиеттер алтын арқау болып өрілсе екен дейміз.

Айнагулова Бинур Балтабаевна,
Павлодар облысы Баянауыл ауданы
Ш. Айманов атындағы жалпы орта
білім беру мектеп-интернатының
8 сынып тәрбиешісі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.