Алмахан Батырбайқызы Қабылова 2003 жылдан Маңғыстау облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында әдіскер, кабинет жетекшісі, бөлім меңгерушісі, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. 2013 жылдан бері «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-дың жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістері кафедрасының меңгерушісі.
Мектепте ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген тәжірибелі ұстаз, 2003 жылы Маңғыстау облыстық мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтына келгенде, ұзақ жылғы мол тәжірибесін жүйелеп, жинақтай бастады. Осылайша ол ғылымға қарай бет бұрады.
Ол 2007 жылдың 25 маусымында Абай атындағы Қазақтың Ұлттық педагогикалық университетінің ізденушісі ретінде ғылыми жұмысын бастады. Ал 2010 жылдың 17 маусымында «Қазақ тілі сабағында оқушылардың іскерлік қарым-қатынас тілін дамыту әдістемесі» тақырыбымен кандидаттық диссертациясын қорғап, 2010 жылдың 25 желтоқсанында педагогика ғылымдарының кандидаты атанды. Осылай кешегі мектептің тәжірибелі ұстазы өзінің ұзақ жылғы мол тәжірибесін ғылыммен шебер ұштастыра білді. Бұл тынымсыз еңбектің нәтижесі еді. Алмахан Батырбайқызы институт мақтанышына айналды, сөйтіп, институттың төл ғалымы болды.
Республикалық баспадан 60 ғылыми мақаласы, халықаралық баспадан 20 ғылыми мақаласы жарық көрді. Баспадан «Сөз мәдениеті» мұғалімдерге арналған көмекші құрал (Алматы. Жазушы.2005.); «Іскерлік қарым-қатынас тілінен бейімдеп оқыту бағдарламасы» (Алматы.Фирма-Даир. 2010.); «Іскерлік қарым-қатынас тілінен жаттығулар жинағы» (Алматы.Фирма-Даир. 2010); «Іскерлік қарым-қатынас тілі» оқу құралы (Алматы. Кітап-Дәуір.2015); «Оқушылардың іскерлік қарым-қатынас тілін модульдік технология арқылы оқыту әдістемесі» монографиясы (Алматы. Кітап-Дәуір. 2015) басылып шықты. Ғалымның бұл еңбектерін мектеп, колледж, университет оқытушылары мен студенттері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары пайдаланып келеді.
А.Б.Қабылова облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі конференциялар мен семинарларды ұйымдастырып өткізіп жүр. «Инновациялық технология – кәсіби шеберлікті арттырудың негізі» (24-25.11.2008) тақырыбындағы облыстық ғылыми-практикалық конференция, «Жеке тұлғаның құзыреттілігін қалыптастыруда қазақ әдебиетінен таңдау (факультативтік) курстарын оқытудың өзекті мәселелері» (24-25.11.2009) атты республикалық семинар-кеңес, «Тәуелсіздік талаптары контексіндегі гуманитарлық білім мен тәрбие» (03-04.11.2011) тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференция, «Ұлттық сана және Алаш арыстары» (11-12.04.2013) деген республикалық ғылыми-практикалық конференция, «Білім мазмұнын модернизациялауда өлке әдебиетін оқытудың халықаралық деңгейдегі озық үлгілерін сабақ үрдісіне енгізу» (24.12.2014) тақырыбындағы халықаралық он-лайн семинар-кеңес, «Көптілділік – бүгінгі білім беру саласының басым бағыты: қазіргі жағдайы мен болашағы» (30.06.2016) атты республикалық он-лайн семинар – осының дәлелі.
Алмахан Батырбайқызы Маңғыстау облыстық білім басқармасының 15.07.2004 жылғы №164-нқ бұйрығымен ашылған Б.Балұлының облыстық атаулы әдістемелік «Шыңдалу» мектебін сол мектеп ашылғаннан бері басқарып келеді және атаулы мектептің тәжірибесін республикалық, халықаралық деңгейде таратуда зор еңбек сіңіріп жүр. Атаулы мектептің аудандық, қалалық филиалдарының әдістемелік бағыттағы жұмыстарына да өзі бағыт-бағдар беріп отырады. Облыстың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері мен жас мұғалімдерді шыңдауда бұл мектептің атқарып отырған қызметі орасан зор.
2013 жылдың 26-27 маусымында «Б.Балұлының облыстық атаулы әдістемелік «Шыңдалу» мектебі – жаңашыл мектеп, қазақ әдебиетінен факультативтік (таңдау) курстарды оқытудың үлгі мектебі» тақырыбымен республикалық педоқуға қатысты. 13 жыл бойы өзі басқарып келе жатқан атаулы мектеп өлкетану бағытында 5-11-сыныптарға арналған «Маңғыстау әдебиеті», «Әбіштану» хрестоматияларын құрастыруды ұйымдастырды және әдістемелік мәселелерін кешенді түрде жасақтап, республика ұстаздарына ұсынды. Ол – 2013 жылдың 16-17 мамыры күндері Астана қаласында «Қазақстанда филологиялық білім беруді дамытудың негізгі басымдылықтары» тақырыбымен өткен Қазақстан Республикасының филологтерінің І съезінің делегаты.
2013 жылы «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының инновациялық білімдену көрме-жәрмеңкесіне қатысып, «Б.Балұлы атындағы Маңғыстау облыстық атаулы әдістемелік «Шыңдалу» мектебі – элективтік курстарды оқытудың үлгі мектебі» атты жобасымен ІІ орын алды.
2014 жылы жоғары имфакт-факторлы «Creative Education» халықаралық он-лайн журналында «Primary school children cognitive processes development research» (Бастауыш сынып оқушыларының танымдық қабілетін дамыту) және «Psychology» халықаралық журналында «Psychic cognitive processes development at primary school age» (Бастауыш сыныптарда оқушылардың танымдық қабілеттерін зерттеу») ғылыми мақалалары жарық көрді. Прагада «Probleme der humanitarisierung der ausbildung» (Білім жүйесінің гуманитарлық мәселелері), Дюссельдорфта «Suche nach den Entwicklungsbedingungen der Schülerpersönlichkeit in den verschiedenen Unterrichtssystemen» (Әртүрлі білім жүйелеріндегі оқушы тұлғасын дамытудың жағдайы) атты ғылыми мақалалары ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жинақтарына енді.
2014 жылдың 20 желтоқсанында Германияның Берлин қаласындағы Халықаралық Дифференционалды Психология Институтының құрметті профессоры ғылыми атағын алды.
2016 жылы 24-29 шілдеде Жапонияның Йокогама қаласында өткен Психологтардың 31-ші халықаралық конгресінде «Psychological aspects in Mukhagali Makhatayev’s creativity» (Мұқағали Мақатаев шығармашылығындағы психологиялық аспектілер) және «Interconnection of deficit mental conditions and the individual civil servants’ subjective localization control» (Азаматтық қызметшілердің психикалық жағдайын қадағалау мен шектеудің өзара байланысын субъективті бақылау) тақырыптарындағы мақалалары жоғары имфакт-факторлы жинаққа енді.
Білім жүйесіндегі қызметтері үшін ҚазССР Оқу Министрлігінің Құрмет грамотасымен (1986 ж.), ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен (2004 ж.), ББЖ КБАРИ-дың алғысхатымен (2010 ж.), «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының алғысхатымен (2013 ж.), ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ Құрмет грамотасымен (2014 ж.) марапатталып, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медаліне (2011 ж.), «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚБАИ-дың 40 жылдығына орай «Құрметті қызметкер» медаліне (2013 ж.); «Маңғыстау облысына 40 жыл» медаліне (2013 ж.) және ҚР Білім және ғылым министрлігінің аккредиттеу туралы куәлігіне (2014 ж.) ие болды. Ұлағатты ұстазға 1990 жылы «Аға мұғалім» атағы берілді.
А.Б.Қабылова 2013 жылдан бері «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-дың жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістері кафедрасы меңгерушісі болып қызмет атқарған жылдарда кафедра жұмысын шебер де тиянақты ұйымдастыруға өлшеусіз үлес қосты. Сонымен бірге педагогтердің біліктілігін арттыру бағытында «Блум таксономиясы бойынша деңгейлік тапсырмалар орындатудың жолдары» тақырыбындағы өткізіп жүрген шеберлік сыныптары мен «Блум таксономиясы» тақырыбындағы плакаттар сериясы да осы бағыттағы өнімді әдістемелік жұмыстар екендігі сөзсіз.
Ол институттағы және кафедрадағы әріптестерімен өзінің мол тәжірибесін үнемі бөлісіп, ақыл-кеңесін беріп отырады. Біз Қазақстан Республикасының ғылымына өз үлесін қосқан ғалым-әдіскер, өз мамандығын игерген, теориялық білімі терең, әдістемелігі шебер, жаңашыл ұстаз, тәжірибелі де іскер маман Алмахан Батырбайқызы Қабылованы институттың төл ғалымы ретінде мақтан тұтамыз.
Ақбілек Қошқарбайқызы Жұмабаева
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы
бойынша ПҚ БАИ-дың Жаратылыстану-ғылыми
(гуманитарлық) пәндерді оқытудың инновациялық
технологиялары мен әдістері кафедрасының
аға оқытушысы