Home » Мақалалар » Инновациялық білім беру

Инновациялық білім беру

Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсарту үшін оларды оқыту нәтижесі тыңдаушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруі тиіс. Инновациялық техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру үшін ол білімді мектеп қабырғасынан қалыптастырған жөн. Сондай мақсатпен Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, «№ 23 орта мектеп» КММ қабырғасында «Оқыту және тәрбиелеу барысында инновациялық педагогикалық технологияларды енгізу арқылы оқу үрдісінің сапасын арттыру» тақырыбында облыс мұғалімдеріне семинар ұйымдастырылды. Аталмыш семинарға Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандары мен Петропавл қаласының 70-ке жуық мұғалімдері және оқу-әдістемелік орталықтың әдіскерлері, қалалық білім бөлімінің әдіскерлері қатысып, тәжірибе алмасты.

Семинарға қатысушыларға №23 орта мектеп директоры Қожина Нұржамал Серікқызы сәттілік тіледі. Аталмыш семинар «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында инновациялық технологияларды енгізу арқылы оқу үрдісінің тиімділігін көтеру», Лингвистикалық цикл сабақтарында оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамытуда жаңа технологияларды қолдану», «Инновациялық технологияларды енгізу арқылы оқу үрдісінің тиімділігін арттыру жолдары», «Педагогтың инновациялық іс-әрекеті арқылы қазіргі білім беру моделін қалыптастыру», «Дене шынықтыру сабақтарында педагогикалық жаңа технологияларды енгізу арқылы мектеп оқушыларының білімге қызығушылығын арттыру» сияқты түрлі блоктарға бөліп, барлық пәндерден ашық сабақтар, тренинг сабақтарының көріністері, шеберлік сабағы, коучинг сияқты бүгінгі заманның талабына жауап беретін түрлі сабақ үлгілері көрсетіліп, облыс мұғалімдерінің көңілінен шықты.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Г.К. Жұмабаева мен Ж.С. Нұралина өткізген «Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері» атты шеберлік сағаты өзге ұлт өкілдеріне тілді үйретудің басты мәселесіне тоқталып, оқушылардың тілін дамытудың тиімді жолын ұсынды.

Орыс педагогі К.Д. Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, ескі бір сарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Жолдауында айтқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Өткізіліп отырған семинар жұмысы оқытудың әртүрлі технологияларын бір арнаға тоғыстырып, жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибесін жұртшылыққа паш ету болды. Сонымен қатар, мектеп психологы Қаиржанова Бақыт Зейнұрқызы келген қонақтардың көңілін психологиялық тренинг арқылы бір көтеріп тастады. Күні бойы 18 сабақ үлгісі көрсетіліп, мектептің олимпиадалық жұмыс қорын О.А. Ушакова мен А.Э. Мухантаева таныстырды. Семинарға келген мұғалімдер аталмыш ұжымның атқарып жатқан жұмысына жоғары баға берді. Алдағы уақытта да оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға, өз ойларын еркін жеткізуге, ел алдындағы ұстаздық абыройды абыроймен атқаруға сәттілік тіледі.

Көкбасқызы Жазира

Білім Айнасы

Қызылжар

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.