Home » Мақалалар » Инклюзивті білім беру — заман талабы

Инклюзивті білім беру — заман талабы

Бүгінгі таңда еліміздегі мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі білім беру жүйесінің дамуы болып табылады. Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдылығы ретінде әр адамның интеллектуалды дамуын, психофизиологиялық және жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып, олардың сапалы білім алуға құқылы екендігін атауға болады. Сапалы білім – бұл барлығы үшін қолжетімді болу шартын қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесін түрлендіру үдерісіндегі  – инклюзивті білім беру.
Инклюзивті білім беру – барлық балалардың психикалық және физикалық мүмкіндіктеріне, ата-аналарының әлеуметтік және экономикалық мәртебесіне, мәдениетіне, жеке ерекшеліктеріне қарамастан білім алуы мен нәтижелі табысқа жетуі үшін қажет жағдайлар жасау және білім берудің баршаға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қазақстан Респубикасының «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі №319-III Заңының, 21-4 тармақшасында инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс деп көрсетілген. Инклюзивті білім беру 8 қағиданы басшылыққа ала отырып, жүзеге асырылады. Олар:

  1. Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігімен, жеткен жетістіктермен анықталады;
  2. әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті;
  3. әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы;
  4. барлық адам бір-біріне қажет;
  5. білім шынайы қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады;
  6. барлық адамдар құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді;
  7. әрбір оқушы үшін жетістікке жету-өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру;
  8. жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.

«Инклюзия» — «inclusif» француз тілінен аударғанда «өзімді қосқанда» ал, «include» латын тілінен аударғанда «араластырамын» деген мағынаны білдіреді, яғни ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды қалыпты дамыған қатарластарымен қосып, біріктіріп, бір сыныпта оқыту.
Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру қалай іске асырылады?  Мақалада осы мәселе төңірегінде сөз қозғауды жөн көрдік.
Инклюзивті білім беруді іске асыруда психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің (ПМПК) маңызы зор екендігін атап өтуге болады. Ата-ананың өтініші бойынша ПМПК мамандарымен (дәрігер- психиатр, дәрігер- невропатолог, дәрігер – сурдолог, дәрігер- офтальмолог, психолог, логопед, дефектолог әлеуметтік педагог, медициналық статист) балаға жан-жақты тексеру жүргізіледі. Тексеру нәтижесінде мамандар баланың аңғарымын нақтылайды және оқу бағдарламасының түрін анықтайды, білім беру ұйымдарына жолдайды. ПМПК ұсынылған тұжырымдама негізінде оқушы жалпы білім беретін мектептердің арнайы немесе инклюзивті сыныптарына отырғызылады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 49 бабына сәйкес кәмелет жасқа толмаған балалардың ата-аналарының білім беру ұйымдарын өздері таңдауға құқылы екендігін айта кеткен жөн.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 қаулысымен бекітілген жалпы білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) қызметінiң үлгілік қағидаларының 18-тармағында ата-аналардың немесе өзге де заңды өкiлдердiң мүдделерiн ескере отырып, жергiлiктi білім берудi басқару органдарымен келісім бойынша білім беру ұйымдарында даму мүмкіндігі шектеулі балалармен дені сау балалардың бірлесіп оқитын сыныптары (бір сыныпта даму мүмкіндігі шектеулі екі баладан артық оқытылмауы тиіс) немесе даму бұзылыстарының түрлері бойынша арнайы сыныптар ашылуы мүмкiн екендігі жазылған.
Жалпы білім беретін мектептердегі даму бұзылыстары бар оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі ұйымдастырылып, түзету сабақтары жүргізіледі. Түзету сабақтарын арнайы педагогтер жүзеге асырады. Олар: олигофренопедагог – зерде бұзылыстары бар және психикасының дамуы тежелген оқушыларды, тифлопедагог – көрмейтін және нашар көретін оқушыларды, сурдопедагог – естімейтін және нашар еститін  оқушыларды, логопед – тілінде ақаулықтары бар оқушыларды анықтау, түзету жұмыстарын жүргізу және тіл бұзылыстарының алдын алумен айналысатын арнайы педагог мамандар. Жалпы сыныптарға қосылған даму мүмкіндігі шектеулі балалар жалпы білім беретін бағдарламалар бойынша білім алады және мектептерде көтергіш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелер арнайы құралдар, тұтқалар мен арнайы парталар, үстелдер мен және басқа да арнайы компенсаторлық құралдармен жабдықталуы керек. Білім беру жүйесінде бұл «кедергісіз аймақтар» деп аталады. Мектептегі психологиялық-медициналық-педагогикалық консилиум мамандары инклюзивті сыныптардағы оқушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жасап, жыл бойы бақылауда ұстайды.
Инклюзивті білім берудің артықшылығы неде?
Жалпы білім беретін мектептерде білім алатын мүмкіндігі шектеулі оқушылар өз-өзіне сенімді болады, өз бетінше өмір сүруге қабілетті тұлға ретінде қалыптасады, қалыпты дамыған қатарластарымен тығыз қарым-қатынаста болып, толыққанды білім алады, қоғам өміріне бейімделеді. Ал, қалыпты дамыған балалар бойында адамгершілік, қайырымдылық сияқты ізгі қасиеттер қалыптасады.

 Жунусова Жанар Азатбекқызы
 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы,
 Алматы облысы бойынша педагог
 қызметкерлердің біліктілігін арттыру
 институтының аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.