Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі ғалым, ұстаз Заки Ахметовтің 90 жылдығына арналған «Қазақ әдебиеті мен әдебиеттануының рухани жаңғырудағы орны мен ролі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференция шымылдығын ҚР ҰҒА академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы ашты. Конференция барысында ҚР ҰҒА академигі С.С.Қирабаев «Зәки Ахметов туралы сөз» деген тақырыпта естелік айтты. Естелік айту кезінде ғалымның ұрпаққа қалдырған бай мұрасы туралы әңгімелеп, әдебиетке сіңірген зор еңбегінің нәтижесінде 1951 жылы алғаш таныстым,-дейді.
ҚР ҰҒА академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының профессоры Ж.Әбділдин «Академик Зәки Ахметов-ғалым және қайраткер» деген тақырыпта мағынасы терең баяндама оқыды.
ҚР ҰҒА академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі С.А.Қасқабасов «З.Ахметов еңбектері және рухани жаңғыру» баяндамасында алдымен З.Ахметовтің фольклортанушылығына тоқталып, өлеңтанудың және жалпы поэтикалық түбегейлі мәселелері «Өлең сөздің теориясы» деп аталатын кітабы туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
Түркия Республикасы Памуккале университетінің профессоры, Түрік тілі мен әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Мұстафа Арсылан мырза конференция барысында құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына табыс тіледі.
Зәки Ахметов Абай әлемі мен М.Әуезов туралы іргелі ізденістер жасап, әр алуан бағытта қарастырып, артына өшпес мұра қалдырды. Мысалы, «Абай және Әуезов», «Виликий поэт и мыслитель», «Лермонтов и Абай», «Пушкин и Абай», «Тургенев и Абай», «Абай шығармаларының орысша аудармалары хақында», «Абайдың ақындық әлемі», «Абай жолы» қалай туған?», «Роман-эпопея М.Ауэзова», «Даналық шыңы», «М.Әуезов және әлем әдебиеті» т.т. еңбектері бүгінгі ұрпақтың қолында.
Көкбасқызы Жазира,
«Білім айнасы»
Астана