Тәрбие сағатының мақсаты: Оқушыларға зорлық-зомбылық туралы мағлұмат беру, адамның жаны мен тәніне үлкен зардап әкелетін соққы екенін түсіндіру және зорлыққа қарсы біздің елімізде заң бар екенін айту.
Оқушыларға өз жүрген орталарында мейірімді болуға, бұзақылық істерге бармауға, адами бойларындағы қасиеттерін сақтауға,әдепті де, тәртіпті тұлға болып өсуіне тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, пікір алысу.
Көрнекілігі: «Ренжуден сақтайтын дәрі-дәрмек», «Достық ережелері», плакат «Мен зорлыққа қарсымын!».
Қажетті жабдықтар: постер, түрлі-түсті қағаздан қиып алынған қолдар, түрлі-түсті гүлдер, гүл күлтелері, желім, қайшы, магнит.
Шаттық шеңбері:
Ренжімеймін ешкімге,
Ренжітпеймін өзім де,
Ауыр сөздер айтпаймын,
Сыйлаймын жақсы сезімдер.
Сабақтың барысы:
I Ұйымдастыру кезеңі
II Негізгі бөлім
Кіріспе сөз
Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы және уайым қайғысыз өмір.Оның кепілі – заңдылық.Тәуелсіздік төрімізден орын алған қоғамымыздағы ең басты құндылық – адам бостандығы.
Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – конституциялық заңдылықтың басты талабы.
Қазақстанда салауатты өмір салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу.
Зорлық-зомбылық құқықта «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» делінген.
Тән азабын шектірген зорлық – адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру, тағы басқа. Тән азабын шектірген зорлықтың салдарынан жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілуі мүмкін.
Қазақ халқының дана сөзі бар: «Әйел адамға рухы әлсіз ер адам ғана қол көтереді». Бұны халық жазылмаған заң деп санап осы уақытқа дейін сақтап келеді, алайда өкінішке орай кейбір ер адамдар ұмытып кеткен сыңайлы.
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Тәрбиеге әсер беретін өскен орта, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман әсерлер адамды азғырып, түрлі жаман мінезді жұқтырады.
- Ал енді, балалар, қазір біз зорлық, зомбылық туралы әңгімелесіп көрейік. Жаңағы айтқандай зорлық әр түрлі сипатта болады. Мысалы, әлі жететін адам өзінен әлсіздерге күш көрсетіп, ренжітсе бұл қорлықтың бір түрі.
- Мысалы, сыныпта осындай жағдайлар орын ала ма? (Оқушылар өз сыныбыныда орын алып тұратын жағдайларды айтуы мүмкін).
- Ал, мектептен тыс жерде осындай жағдайлар болып тұра ма?
- Тапсырмалар алаңы
- Қазір біз өзіміздің әртістік өнерімізді көрсетіп көрейік.
- Кім бақытты баланың кейпін көрсете алады? (Қай жағдайда сендер осы кейіпте жүресіңдер?)
- Кім біреу ренжіткен баланың кейпін келтіре алады? (Қай кезде сендер осындай түрде боласыңдар?)
- Осы екі түрдің қайсысын қалайсыңдар?
- Сендер алдарыңда жатқан смайликтер арқылы мен айтқан жағдайлардағы түрлерді көрсетіңдер.
- Енді ойын алаңына келейік. Ойын «Қуаныш-реніш» деп аталады.
- Туған күніңе көптеген армандаған сыйлық алдың….
- Сені біреу итеріп қалды…..
- Досың қонаққа шақырды….
- Орынсыз ренжітті…
- Саған күлімсіреп қарады….
- Ойыншығыңды тартып алды….
- Мақтау қағазын алдың….
- Сонымен, сендерге РЕНІШ ұнады ма, ҚУАНЫШ ұнады ма?
- Келесі орындалатын тапсырма «Ренжуден сақтайтын дәрі-дәрмек».
- (Оқушылар өздері ренжуден сақтайтын дәрі – дәрмек жасап, оны гүл күлтелеріне жапсырады да әдемі гүл шығарады). Бұл жұмысты ұлдар тобы орындады.
- Басқа адамға деген ренішіңді қалай жеңуге болады? Қандай «дәрі» қолдануға болады?
- Ренішті бірден басса болады – себебі, достарға ренжуге болмайды.
- Егер өзіңнің қылығыңның дұрыс емес екендігіңді сезсең, бірінші болып кешірім сұрай біл.
- Қуаныш сыйлауға тырысу.
- Достарды ренжітпеу.
- Ренжіскен жағдайда әрқашан бірінші қадам жасап татуласу.
- Өзің ренжіткен адамның орнына өзіңді қойып көру.
- Мына әңгімегені тыңдайық.
Бірде жаман мінезді ұлына әкесі шеге толы жәшік беріп: «Маңайыңдағы достарыңмен әр жанжалдасып қалған сайын тақтайға бір шегеден қағып отыр»,- деп тапсырыпты.
Алғашқы күні-ақ баласы тақтайға көп шеге қағып үлгеріпті. Бір күні тақтай беті шегеге толса керек. Бұл жайын әкесіне барып айтыпты. Әкесі: «Ал енді, балам, бүгіннен бастап, сол достарыңмен татулас, бірақ татуласқан әр күнің үшін тақтайдан бір шегеден суырып алып отыр»,- депті.
Біраз күндер өтіпті. Бір күні қараса, тақтайдағы бар шеге шығарылып біткен екен. Сонда оны сырттай бақылап жүрген әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: «Балам, жарайсың, жарадың,- депті,- алайда, мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы! Шегелерді суырғанда қалып қойған іздерді, көп тесікті көріп тұрсың. Бұл дегенің — тақта әуелгісіндей таза қалпында, әдемі болып қалмайды деген сөз. Достармен төбелескен сайын арада жаман сөздер айтылады. Әр жаман сөз артына мына шегелер тәрізді шұрқ тесік қалдырып отырады. Артынан татуласып жолдасың мың жерден кешірдім дегенімен, мына тесіктер секілді көңілде кірбіңнің бәрібір сыз болып қалып кетіндігі шындық. Сондықтан, ешбір досыңмен жүз шайыспағайсың, балам»,- деген екен сонда өз ісінің астарын түсіндіріп, өмірлік ұмытылмас сабақ ұқтырған әкесі.
«Сұрақтар» аялдамасында осы мәтіннің оқиғасы бойынша сұрақтарға жауап беріп көрейік.
- Досыңды ренжіту оңай, оның жан жарасын жазу да оңай ма?
- Кешірім сұрау қиын ба?
- Қалай ойлайсыңдар, әкесі дұрыс істеді ме?
- Ал осы айтқандарды ескере отырып, «Достық ережесін» өзіміз жасап көрейік. Кім өз ережесінің пунктерін қосқысы келеді? (Бұл тапсырманы қыздар орындайды. Олар әр түрлі гүлдерден гүл шоғын жасап шығарады. Әр гүлде бір ережеден жасалады).
Топта өздері ереже жасап, қорғайды.
- Бір-бірімізге көмектесу;
- Ешкімге күш көрсетпеу;
- Басқалардың пікірімен санасу;
- Болмашы нәрсеге бола айтыспау;
- Досымды қиындықта қалдырмау;
- Біреудің құпиясын жарияламау;
- Басқалардың жетістіктеріне шын жүректен қуана білу;
- Қолда бармен бөлісу;
- Басқалардың кемшілігіне күлмеу және кемсітпеу;
- Кешірімді болу;
- Осы ережелерді есте ұстаған адам ешқашан және ешкімге зорлық көрсетпейді деген ойдамыз. Біздің бақытты болуымыз өз қолымызда. Біреуге істеген жамандығың өзіңе екі есе болып айналып келетіндіктерін ұмытпасақ, нағыз бақытты адам боламыз. Енді бәріміз «Мен зорлыққа қарсымын» деген ниетпен өз қолдарымызды мына плакатқа жабыстырайық. (Оқушылар тақтада ілінген «Мен зорлыққа қарсымын!» деген плакатқа түрлі-түсті қағаздан қиып алынған өз қолдарын плакатқа жапсырады).
- Барлықтарыңа рахмет!
Н.Қ. Хочиева,
Абай Құнанбаев атындағы орта жалпы білім беру мектебі