Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері қарашаның 24-і күні Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында «Жаңартылған білім мазмұнын енгізу жағдайында критериалды бағалауды ұйымдастырудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар өткізіп қайтты. Шараның басты мақсаты — Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін тарату, жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдерінің кәсіби дамуына ықпал ету. Аудан орталығындағы №7 мектеп лицей қабырғасында өткен семинарға 320 пән мұғалімі жиналып, көкейтесті сауалдарын қойды, критериалды бағалаумен жіті танысты.
Маңғыстау ауданында алғаш рет өткізіліп отырған тәжірибе тарату семинарына аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров, Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева арнайы қатысты. Аудан басшысы тәжірибе бөлісіп, ұстаздардың біліктілік деңгейін көтеруге келгендері үшін алғыс білдірді. Кейін облыстық білім басқармасының басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева сөз алып, мұғалімдерге жаңартылған білім бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ал зияткерілк мектеп директоры Ермек Пайзов, Маңғыстау ауданының 90 жылдық мерейтойымен құттықтап,қыркүйекте ғана балаларға есігін ашқан №7 мектеп директоры Жания Қабылқақоваға құттықтау сертификаты мен оқушылар қолынан шыққан картинаны сыйға тартты. Содан соң зияткерлік мектептің тәжірибе бөлісу бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырды.
Семинар 6 секция бойынша жұмыс істеді. Мектеп директорларының басын қосқан «Жаңартылған білім мазмұнын енгізу жағдайында білім беру процесін ұйымдастыру ерекшеліктері» секциясында мектеп директоры жаһандық азамат түісігіні және оны орта мектептерде енгізудің маңыздылығы жөнінде баяндап, кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру туралы айтты. Ал өлкедегі Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Қатира Боранбаева «Ұжымды басқару: көшбасшылық және командалық жұмыс» тақыбырында ой өрбітті.
«Мұғалімнің кәсіби дамуы – сапалы білім негізі» секциясында мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытгүл Жақсылықова мен қазақ тілі пәні мұғалімі Нұргүл Айтмұхан мен Маңғыстау ауданындағы мектеп директорларының бейінді жұмыстар жөніндегі орынбасарларына мұғалім көшбасшылығы арқылы оның кәсіби дамуына ықпал ету жолдарымен және іс-әрекеттегі және сабақты зерттеу тәжірибесі мен әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
Биылғы жылдың 25-26 қазан күндері Астана қаласында өткен Х «Жаңа дәуірдің мектебі» ғылыми-тәжірибелік конференциясында әлемнің 24 елінен жиналған білім сарапшылары баланы тәрбиелеу жұмыстары жайында мәселе көтеріп, оны мектепте жүйелеу туралы, баланы мектеп аясында тәрбиелеу өзектілігін жоймағанын айтқан еді. Бұл тұрғыда зияткерлік мектептің тәрбие беру жұмыстары өзге мектептерге үлгі ретінде таратылуда. Мәселен, мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова мен мектеп кураторлары «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру» секциясында бала және ата-анамен жұмыс туралы айтып, ата-ананы мектеппен бірге жұмыс істеуге бет бұрғызу әдістері жайлы айтты. Айта кету керек, облыстағы мектептерге тәрбие бағытында тәжірибе тарату маңызды мәселелер қатарында. Сонықтан, қарашаның 2-сі күні зияткерлік мектепте «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбие жүйесінің тәжірибесінен» тақырыбындағы облыстық семинар өтті.
Балаға білім берудегі маңызын жоймайтын тағы бір мәселе – оқушыны кітап оқуға мектеп қабырғасында баулу. Семинарда бұған қатысты «Оқушыларда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың белсенді әдістері» секциясы ұйымдастырылды. Мектеп кітапханашысы Жанар Бахитова балаға «кітап джемі» және ертегілер мен шығарма негізінде «3D кітап жасауды» 20-дан аса кітапханашыға көрсетті, бірігіп кітап жасады. Кітапханашылар мұндай шаралардың балаларды кітап оқуға расымен баулитындығын айтып, пікірлерімен бөлісті.
Директордың бейінді-экспериментальдық жұмыстар бойынша орынбасары Ырыскүл Имамбаеваның жетекшілігімен «Критериалды бағалау жүйесін енгізу процесін басқару» секциясы өтті. Мектеп координаторларына педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері жаңартылған білім мазмұны жағдайында оқушыларды жиынтық бағалаудың ерекшеліктері туралы баяндады.
Көптеген пән мұғалімдеріне қызықты болған секция — «Жаңартылған білім мазмұны бойынша оқыту ерекшеліктері». Бұл секция бойынша 200-ден аса ұстаз зияткерлік мектептегі пән мұғалімдеріне жаңа білім мазмұнына қатысты қызықты әдіс-тәсілдерді естіді.
- Зияткерлік мектептегі әріптесіміздің көмегімен бүгінгі семинарда жаңартылған білім беру мазмұнын тиімді пайдалану бойынша өз пәнімізге қажетті маңызды мағлұматтарды алдық. Әсіресе критериалды бағалау және тоқсандық бағалау бойынша сұрақтарымызға жауап берілді. Семинар тиімді өтті деп есептеймін,- дейді Қаратөбе орта мектебінің химия пәні мұғалімі Жеңіс Теңізбаева
Тәжірибе тарату процесі барысында көптеген ұстаздардан зияткерлік мектеп мұғалімдерінің сабақ өткізу процесіне қатысу туралы ұсыныс көп болды. Осыған орай, қарашаның 21-і күні білім ордасының мұғалімдері облыстағы 200 пән мұғалімдеріне арнап 40 ашық сабақ өткізді. Арнайы ашық сабақ күнінде, балаларды сабақ барысында бағалау, тақырыпты түсіндіру, кері байланыс процестеріне көп тоқталды. Кейін барлық ұстаздар жиналып, сабақтарға кері байланыс берілді.
Рысгүл Рамазанова,
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз хатшысы