Home » Жаңалықтар » Зияткерлік мектеп студенттерге әдістемелік көмек көрсетті

Зияткерлік мектеп студенттерге әдістемелік көмек көрсетті

Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауында орта мектептердегі білім беру ісі де назардан тыс қалған жоқ. Президент өз сөзінде: «Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады.»,- деп атап өту арқылы Зияткерлік мектептердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыра түсті. Елбасымыздың осы тапсырмасына орай ілкімді істерін жалғастырып жатқан Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогикалық ұжымы болашақ ұстаз мамандығын меңгеруші студент жастарға әдістемелік көмек көрсетуді жолға қойды. Қаламыздағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетпен арадағы ортақ келісімге орай, 30 –шы қаңтар күні мұғалім мамандықтары бойынша білім алатын 4 курс студенттері мектебімізге келіп, ұстаздарымыздың өткізген семинар-тренингтеріне қатысты.

«Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау» тақырыбында өткен семинар-тренингтің ашылуында сөз алған мектеп директоры Бағдан Қайыржанов отандық білім беру саласында үлкен реформалардың жүргізіліп жатқанын айта келіп, күнделікті ақпарат ағынын қабылдап үлгеру үшін қазіргі адамды өмірге тәрбиелеу керектігін тілге тиек етті.

— Бүгінгі таңда біздің ұстаздарымыз өздеріндегі жүктеменің көп екендігіне қарамастан, қала және облысымыздағы аудан мектептеріндегі әріптестеріне жаңартылған білім мазмұнына байланысты әдістемелік көмек беріп келеміз. Сол қатарға енді сіздер қосылдыңыздар. Әлемдік деңгейде мойындалған «NIS — Рrogramm» бағдарламасы қазақстандық оқушыны жан-жақты біліммен қаруландырып, қалыптасқан тұлға етіп тәрбиелеуге негізделген. Отандық негізгі білім беру мекемелеріне біртіндеп енгізіліп келе жатқан «Жаңартылған білім мазмұнына» сай бағдарламамен болашақта сіздер де жұмыс жасайтын боласыздар. Кез-келген жаңа бағдарламаның өзіндік бағалау жүйесі болады. Сол бағалайу жүйесінің әділетті болуы үшін адамға академиялық адалдық қажет. Осы үшеуі тоғысқанда ғана көздеген нәтижеге жетуге болады. Сондықтан ешбір адам қайтара алмайтын уақыт, мүмкіндік сынды құндық дүниелерді тиімді пайдаланыңыздар, — деді Бағдан Тоқтамысұлы.

Ал университеттің педагогикалық институт директоры Ұлан Тілемісов болса, мектептегі тың бағдарламаны зияткерлік мектеп ұстаздарынан артық білетін ешкімнің жоқ екендігін айтып, болашағын ұстаздықпен байланыстырып отырған студенттерінің бірінші кезекте осы жерден үйренулері керек екендігіне баса назар аударды.

«Бүгінгі семинар-тренингтен түйгенім көп», —  деген студенттердің бірі Мақпал Алпысбаева. Университетті тарих мамандығы бойынша аяқтағалы отырған болашақ маман өз ойын ортаға салып, дәл осындай әдістемелік көмек беретін басқосудың әлі да жалғаса берсе деген тілегін айтты.

— Қоғамда жаңартылған білім мазмұны жайлы алғаш рет сөз бола бастағанда оны түбегейлі түсінбегендердің бірі мен едім. Дәстүрлі оқыту тәжірибесін неге жалғастыра бермеске деп пікірде білдірген едім. Алайда, қазір сол ойларымнан бас тартып отырмын. Өйткені, адам бәсекеге қабілетті болу үшін жаттанды болмаса таптаурын тәсілмен білім алып шектелуі оның дамуына да шектеу қоятынына көз жетіп отыр. Сондықтан жаңа өзгерістерді мектеп қабырғасынан бастаған әлдеқайда тиімді екен. Бүгінгі семинар-тренингіміздің өту уақыты аз болғанымен, университет қабырғасында 1 семестр бойы оқыған теориялық білімізді іс-тәжірибе арқылы жүзеге асқанын көрдік. Студенттер үшін пайдасы мол шара болашақта да өткізілсе қуанышты болар едік, — дейді студент.

Университеттен келген 150-ден артық студент тарих, бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі, қазақ тілі мен әдебиеті, математика, информатика, биология, химия, физика, география, физика, ағылшын пәндері бойынша семинар – тренингтерге қатысты. Шара алдағы уақыттарда жалғаса бермек.

Соңынан студенттер мектеп акт залына жиналып, кері байланыс орнатып, өз әсерлерімен бөлісті. Педагогикалық институт директорының орынбасары Гүлнара Сапарова екі жақты байланыс үшін мектеп әкімшілігіне студенттер атынан алғыс айтты.

 

 

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.