Қазір Семейдегі негізгі орта білім беру мекемелеріне Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқу тәжірибесін ғана емес, тәрбие жұмысы бағытындағы жұмыстарды да тарату жүргізілуде. Мәселен, апта басында білім ошағымызға арнайы келген №31 орта мектеп оқушылары біздің шәкірттер күшімен жүзеге асатын әлеуметтік жобалармен танысып, мол ақпарат алды.
— Сіздердің мектепте 4 жетекші, 72 оқушы келіп отыр. Мақсатымыз – Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалар жайлы тәжірибе алмасып,оларды өз білім ордамыздың оқу – тәрбие бағдарламасына енгізу. Жалпы сіздермен арада ортақ әріптестік байланыс бар. Бірақ шәкірттеріміздің сапары алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Біздің ойымызша, кез-келген дүниені көру арқылы ғибрат алу балаға ерекше әсер сыйлайды. Демек, бүгінгі кездесудің сәтті өтіп, жемісті боларына сенім мол, — дейді №31 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлан Бақытжанұлы.
Аралас үлгідегі білім мекемесінде ағымдағы жылдың басында «Достық» атты бірлестік құрылып, ол 4 үлкен қауымдастықты біріктіріпті. Міне осы қауымдастықтарға №31 мектептің дарынды оқушылары топтасып, түрлі әлеуметтік жобалар бойынша жұмыс жасай бастаған. Дегенмен, тәжірибесі мол, нақты шаруаларды нәтижелі жүзеге асырып жүрген зияткер шәкірттердің сауапты істерін үйрену олардың қабілеттерін ұштауға көмектеспек.
Қонақ оқушылар 4 топқа бөлініп, мектебіміздің «Көшбасшылар кеңесі» мен «Шаңырақ» мүшелерінің жетекшілігімен өткізілген шеберлік сағаттарына қатысты. Мәселен, акт залында өткен шеберлік сағатында өзін-өзі басқару ұйымының президенті Темірлан Әмірғазин «Әлемді өзгерту және көшбасшы болу үшін қандай қасиет керек?» деген сауалға жауап іздеп, нақты мысалдар келтірсе, «Өмірді қалай өзгертуге болады?» деген сұрақтың төңірегінде 12 сынып оқушысы Малика Мұсатаева өз ойымен бөлісті. Бұдан бөлек, әр топтағы оқушылар әлеуметтік жобаларды қалай жоспарлауды, қалай жүзеге асыруды, «Көшбасшылар кеңесі» үшін сайлау өткізу, оның жұмыстары жайлы қажетті ақпараттармен танысты.
Жалпы, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі 9 «Шаңырақ» — тың мүшелері 10 –нан астам жобалар бойынша тұрақты жұмыс жасап келеді. Солардың арасында «Жүректен жүрекке», «Аялы алақан», «Шуақ», «Жан жылуы», «Бақыт құшағында», «Күн бала», «Book start», «День белой трости» жобалары шаһарымыздағы «Есту қабілеті бұзылған (естімейтін) мектеп интернат оқушылары», «Әлеуметтік қорғау орталығы», «Кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығы», «Аналар үйі» қоғамдық қоры, «28 ілмек» клубы және перинатальдық орталығы, «Жарқын болашақ» түзету орталығында жүзеге асырылатын жарқын істер.
Міне, осы жобалармен жақынырақ танысқан №31 мектеп шәкірттері үлкен әсер алып, білім қоржындарын толықтыра түсті. Тараптар арасындағы жүздесу соңы еркін пікір алмасуға ұласып, «Туған жерім менің» әнін бірлесе шырқаумен қорытындыланды.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі