Үстіміздегі жылдың қаңтар айының14 -31 аралығында американдық әлемге танымал білім ошағы -Массачусет Технологиялық университетінің екінші курсында оқитын екі студент Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тағылымдамадан өтті.
Массачусетс технологиялық институты студенттері Эндрю Сорэнсон мен Эшли Уонг Зияткерлік мектептегі тәжірибесі MISTI Kazakhstan «Global Teaching Labs» жобасы аясында өтуде.«Global Teaching Labs» жобасының негізгі мақсаты шетелдік студенттер көмегімен түрлі воркшоптар мен топтық немесе жеке жұмыс жүргізу арқылы Зияткерлік мектеп оқушыларының жаратылыстану-математика пәндері бойынша білімдерін тереңдету, теориялық білімді практика жүзінде қолдана білу дағдыларын, тілдік дағдыларын дамыту, мәдени сауаттылықты қалыптастыру болып табылады.
Тағылымдама барысында студенттер физика және математикадан сабақ берді.Зияткерлік мектеп оқушылары үшін түрлі басқосулар өткізіп,150 жыл тарихы бар Массачусет университеті жайлы, білім ордасының оқу бағдарламасы туралы айтып берді. Әлемдегі ең үздік оқу орындарының тізімінде 56 орынды иеленетін университеттегістуденттік өмір жайлы баяндап, университеттің ғылыми ізденістерімен, ашылған соңғы жаңалықтарментаныстырды.
Американдық студенттер жергілікті оқушылардың отбасылармен бірге тұрды. Бұл оларға Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін жақынырақ тануға, еліміз туралы көбірек білуге мүмкіндік берді.Біздің елге келгелі Эндрю мен Эшлибіраз жерлерде болып та үлгерді; Алматыда қыдырып, шаңғы тепті, оңтүстік өңірдің әсем табиғатына таң қалысты. Астананың биік ғимараттарынасүйсінді, Нұрәлемді, «Думан»океанариумын тамашалап, «Барыс» хоккей клубының ойынында жанкүйер болды. Аязды күні сырғанақ теуіп, ұмытылмастай әсер алды.
«Мен туып-өскен Вирджинияда мұндай суықтар болмайды, маған үнемі қалың киініп жүру өте ауыр болды» — деп күледі Эндрю.«Маған оқып-үйрену және өзгеге үйрету ұнайды. Бұл менің алғашқы алыс сапарым, мен осы өлкемен танысып, өзім үшін Қазақстанды ашып жатырмын. Қазақстан — көп ұлтты, тарихы терең, халқы қонақжай, кішіпейіл, ерекше ел екен.Осы сапарыма, осындай елмен танысқаныма қуаныштымын. Зияткерлік мектеп оқушылары өте зерек те алғыр, көп білуге құштарлығыбірден көзге түседі. Мектепте жасалған жағдай да керемет, балалардың жақсы оқуына мүмкіндіктер өте көп» — дейді Эндрю өз сөзінде.
Эшлиге Астана мен ұлттық тағамдар қатты ұнапты. Ол Елорданың күннің суықтығына қарамай тоқтаусыз қыдыра беруге болатын сұлу қала екенін, ал қатты аяздың өзін еш қорқытпайтынын, керісінше қуантатынын атап өтті. «Зияткерлік мектеп оқушылары үш тілде еркін сөйлеп, американдық балалармен салыстырғанда жоғары сыныптарда күрделі бағдарламаны еркін игерулерімені таңқалдырды. Балалар көп білгісі келеді, сондай ашық-жарқын» — деп Эшли ағынан жарылды.
Тағылымдама мерзімі де аяқталып, американдық студенттер мұхит асып өз еліне оралатын кез де жақындады. Әлемді тануға деген ынтасымен, жан-жақты болуға деген ұмтылысымен, ғылым-білімдегі ізденістерімен, оқудағы жетістіктерімен біздің жастарға үлгі болған Эндрю мен ЭшлигеЗияткерлік мектептегі, Астанадағы күндер ұмытылмастай әсерқалдырғаны сөзсіз.
Астана қаласы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі