Home » Мақалалар » Зерттеу дағдысын дамытудың тиімді жолдары

Зерттеу дағдысын дамытудың тиімді жолдары

 

Соңғы уақытта табысты болу үшін мектеп оқушыларына білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет. Өйткені бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Бүгінгі таңдағы білім беру үрдісінде оқушылардың сабақта үйренетін дағдыларына назар аудару заман талабы. Себебі дұрыс оқып-үйрену және оқушының нақты тұлға болып қалыптасуы үшін оқушылардың сабақты меңгерудегі дағдыларын жақсы дамыту қажет. Осы орайда, білім – тәрбиесіз, дағдысыз берілмейтіндігін есте ұстаған жөн. Ендеше, мұғалім ретінде сабақ беру барысында сәтті болған іс-тәжірибеммен бөліскім келеді.Оқушыларға білім беру барысында және күнделікті сабақ беруде біз    ATL (Approaches to learning) дағдыларын тиімді қолданамыз. Фокус үнемі оқушының дамуына негізделеді. ATL дағдылары Халықаралық білім беруде IB континиумын қамтыған бес категорияға топтастырылған. Осылардың ішінен зерттеу дағдысына толығырақ тоқталамын.

Зерттеу… Ең біріншіден зерттеу оқушының өзіне жақсы сұрақ қоя білуінен басталады. Сұрақтар деңгейіне байланысты үш түрлі болуы мүмкін.

Біріншісі, деректі. Деректі сұраққа жауап нақты болады.

Екіншісі, концептуалды. Бұл сұрақтың құрылымы да жауабы да кең түрде болады.

Үшіншісі, пікір-таласты. Яғни атауы айтып тұрғандай пікір-таластар тудыратын жауаптарды қамтиды.

Келесі ретте құрастырылған сұрақтарға байланысты іс-әрекет жоспарын жасау қажет. Ол қай күні, қай кезде? Қай жерде? Қалай? деген сұрақтарға жауап беретін кесте түрінде жасауға болады. Іс-әрекет жоспарын құрып алғаннан кейін сұрақтарға жауап табу үшін мәлімет іздеу. Мәлімет алу барысында міндетті түрде ақпараттық және медиа сауаттылық сақталуы тиіс. Мәліметтерге байланысты дәйек сөз және сілтеме жасау, келісімге сәйкес нақтыланған әдебиеттер тізімін құрастыру міндетті түрде жасалуы қажет. Әрбір оқушы   БАҚ-тан (сонымен қатар сандық әлеуметтік медиа, ғаламтор жүйесі) және әртүрлі дереккөздерінен ақпараттарды жинауда ақпаратты сұрыптап алу этикасын сақтай отырып, зерттеу жүргізуі керек екендігін естен шығармау             Сонымен қатар, табылған ақпарат көздерінің негізін анықтап,  әртүрлі ақпараттар арасында байланыс орната алуы да маңызды іс болып саналады. Ақпараттарды дұрыс ұйымдастыру барысында аргументтердің маңызы зор.

Жоғарыда аталған іс-әрекеттер жасалғаннан кейін оқушы барлық мәліметтерге талдау жасап, мәліметтерді білгілі бір жұмыс ретінде ұсынады. Жұмыстың өніміне демонстрацияны әртүрлі платформа мен форматта жасауға болады. Мысалға: постер, кластер, презентация, бейнебаян және т.б.

Барлық әрекеттердің соңында оқушы зерттеу жұмысына сәйкес қорытынды жасап қана қоймай, ойланып,  кері байланыс бере және қабылдай алуы керек. Оқушы өзінің зерттеуіне байланысты рефлексиялық талдау жаза алуы тиіс.

Зерттеу дағдысын оқушы бойына жақсылап дарытатын болсақ, білім сапасы да артады деген ойдамын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, зерттеу дағдылары тек бүгінгі күнде білім алу үшін емес, болашақта да үлкен жетістіктерге жету үшін қажет.

Қорытындылай келе, француз қайраткері (Франсуа Рабле) «Адамға оқып – үйрену өмірде болу, өмір сүру үшін қажет» дегендей оқыту үрдісінде білім беру жүйесіндегі дағдылардың орны ерекше екенін баса айтып өткенді жөн көремін. Сол себепті, оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру үшін «Оқушылардың бойындағы зерттеу дағдыларын дамыту» кестесін ұсынамын.    №1 сурет

 

 

Тусупбаев Акбар Аскарулы
Астана қаласының
Халықаралық мектебі
тарих пәнінің мұғалімі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.