Бүгін, 3 қазан, Көкшетау қаласында 1-7 сынып оқушылары арасындағы «Зерде-2017» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалары байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Бірінші орынды иеленген 19 оқушы облысымыздың намысын келесі жылы «Зерде» байқауының Республикалық кезеңінде қорғайтын болады.
Шара Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының жоспарына сәйкес дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында болып өтті.
Жүлделі орынға ие болған қатысушыларды марапаттау рәсімі «Достар» МС-де өткізілді. Биыл 19 оқушы бірінші орынды иеленіп, оларға дипломдар мен медальдар табысталды. Екінші орынды 37 бала, үшінші орынды 47 бала тең бөлісті. Байқауға облыстың 15 ауданынан және Көкшетау, Степногорск қалаларынан жалпы 180 жас зерттеуші қатысты.
Байқаудың мақсатына балалардың зерттеушілік дағдыларын дамыту және кіші және орта жастағы оқушылардың зияткерлік-шығармашылық әлеуетін ынталандыру жатқызылады. Шараның ұйымдастырушысы болып табылатын Ақмола облысының білім басқармасы өз алдына мынадай міндеттер қойды: зерттеушілікке қызығушылық танытатын қабілетті де дарынды балаларды анықтау және қолдау, оқушылардың үздік жұмыстарын паш ету және насихаттау, балалардың өзара қарым-қатынасын ұйымдастыру, бұқара назарын қоғамның зияткерлік әлеуетін дамыту мәселесіне аудару.
Оқушылар өз жұмыстарын төмендегі секциялар бойынша таныстырды: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, математика, информатика, физика, техника, медицина, психология, тарих, этномәдениеттану, өлкетану, биология, химия, экология, валеология.
Дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 7 сынып оқушысы Гаухар Рамазан байқаудан алған әсерімен бөлісті: «Байқауға екі жыл қатарынан қатысып келем. Маған химия саласында зерттеулер жүргізген өте ұнайды. Болашақта ғалым болып, адамзат баласына құпия жаңалықтарды ашқым келеді».
Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі