Сөйлеу – қарым-қатынас құралы. Сөйлеу арқылы адам қоршаған әлемді таниды, қарым-қатынас жасайды, пікір алмасады. Зерде бұзылыстары бар балалардың сөйлеу тілінің дамуының өзіндік ерекшелігі бар. Бұл балаларда сөйлеу тілі анағұрлым кеш қалыптасады және сөйлеу тілінің барлық компоненттерінде (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық) бұзылыстар болады.
Зерде бұзылыстары бар балалардың сөйлеу тілін зерттеген көптеген ғалымдар сөйлеу тілінің кеш қалыптасуының себебін, танымдық қызметінің дұрыс дамымауымен байланыстырады. Таным қызметінің бұзылысы тілдің семантикалық және грамматикалық құрылымын меңгеруде қиындықтар туғызады.
Зиятында ауытқуы бар балаларда фонематикалық есту қабілеті кеш дамып, салдарынан былдыр да кеш пайда болады. Қалыпты дамыған балаларда былдыр 4-8 айларында, алғашқы сөздері 10-18 айларында пайда болса, зерде бұзылыстары бар балаларда былдыр 12-24 айларында, алғашқы сөздері 3 жастан кейін ғана қалыптасады.
Зерде бұзылыстары бар балалардың ауызша сөйлеу тілінде дыбыс айтылуының бұзылысы көп кездеседі. Оның бірінші себебі – танымдық қызметі дамуының артта қалуы, екінші – фонематикалық қабылдауының төмен деңгейде болуы. Сөйлеу тілінің дыбыстық құрылымының дұрыс қалыптасуында – өзге адамның сөзіндегі дыбыстарды анық қабылдаудың маңызы зор. Дыбысты дұрыс айту үшін, ұқсас және басқа да дыбыстардан ажырата білуі керек. Егер, бала дыбысты естіп қабылдамаса, ол дыбыстың дұрыс айтылуын да бақылай алмайды. Фонематикалық қабылдау дегеніміз – тіл дыбыстарын ажырату және сөздің белгілі дыбыстық құрамын айыра білудің арнайы әрекеті.
Үшінші себебі– жалпы және сөйлеу моторикасының дұрыс дамымауы. Ұсақ қол моторикасы мен сөйлеу аппаратының қимыл-қозғалысындағы бұзылыстар – балалардың сөйлеу тілінің қалыптасуына кері әсерін тигізеді.
Төртінші себебі – тістердің дұрыс орналаспауы, қатты таңдайдың биік немесе жалпақ болуы, тілдің ұзын немесе үлкен болуы, жақ сүйектерінің қисық болуы және т.б., яғни арикуляция мүшелеріндегі олқылықтар дыбыстардың дұрыс айтылуына кедергі болады.
Ақыл-ой дамуының артта қалуы, қоршаған орта туралы түсініктері мен білімдерінің аздығы, қызығушылықтарының жоқтығы және тілдік қарым-қатынасқа деген қажеттіліктерінің төмендігі – зерде бұзылыстары бар балалардың сөйлеу тілінің лексикалық-грамматикалық құрылымындағы бұзылыстарға негіз болады. Бірінші сынып оқушылары күнделікті қолданатын заттарының аттарын, оның бөлшектерінің атауларын білмейді. Сөйлеу тілі негізінен зат есімдерден құралады. Жалпы есімдер (ойыншықтар, жиһаздар, аяқ киімдер), сын есімдер: түстер (қызыл, жасыл, көк), көлем (үлкен, кішкене), дәм (тәтті, ащы), амоним сөздер сирек кездеседі. Белсенді сөздік қорында бір етістікті бірнеше мағынада пайдаланып, үстеулерді (астында, үстінде, алдында және т.б.) қолдануда жиі қателер жібереді.
Зерде бұзылыстары бар балалар байланыстырып сөйлеу тілінде жай сөйлемдерді, атаулы және аяқталмаған сөйлемдерді қолданады. Қолданған сөйлемдерінде аграмматизмдер болады, сөйлемдердегі сөздер дұрыс байланыспайды, септік және көптік жалғауларды дұрыс пайдалана алмайды, дыбыстық талдау мен жинақтауда қиналады, нәтижесінде оқу мен жазу дағдыларында түрлі қателер орын алады. Сөздік қорларының аз, қарым-қатынасқа деген қызығушылықтарының төмен болуы, өзінің айтып тұрған сөзін түсінбеуі – олардың монологтық сөйлеуді меңгеруіне жағымсыз әсерін тигізеді. Балалардың тілдік қарым-қатынас жасауы ұзақ уақыт сұрақ-жауап түрінде қалады, өз ойларын еркін жеткізулері қиындықпен қалыптасады.
Зерде бұзылыстары бар балалардың сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді түзетуде логопедиялық түзету сабақтарын жүргізу қажет. Сабақтар жеке және топтық болып ұйымдастырылады. Сөйлеу тіліндегі бұзылыстардың құрылымына қарай түзету жұмысының әдіс-тәсілдері анықталып, керекті сөздік және дидактикалық материалдар іріктеледі, логопедиялық сабақтың жоспары құрылады. Жүйелі ұйымдастырылған түзету жұмыстары балалардың сөйлеу тіліндегі бұзылыстардың алдын алады, түзетеді, олардың әлеуметтік бейімделуі мен тәуелсіз өмір сүруіне негіз болады.
Жунусова Жанар Азатбекқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Алматы облысы бойынша педагог
қызметкерлердің біліктілігін арттыру
институты, «Мұғалімнің кәсіби дамуын
психологиялық-педагогикалық тұрғыдан
қолдау» кафедрасының аға оқытушысы