Home » Білім және заң » Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу тәртібі

Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу тәртібі

Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу соңғы уақытта өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» ҚР-ның 1995 жылғы 17 сәуiрдегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес, мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттардың ҚР-ның заңнамасына сәйкестiгiн тексеруді, Бизнес-сәйкестендіру нөмiрi беріле отырып, оларға мемлекеттiк тiркеу туралы анықтама беруді, заңды тұлғалар туралы мәлiметтердi Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзудi қамтиды.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 233 (ҚР Әділет министрлігінде 2015 жылдың 18 маусымында №11384 тіркелді) заңды тұлғалардың реттеу мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес, заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелуі Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы өтініш тапсырады. Содан кейін ХҚКО-ның қызметшілері Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған тәртіпте Әділет басқармаларына, яғни тіркеуші органдарға ұсынады.

Заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу үшiн тiркеушi органға Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша өтiнiш берiледi және аталмыш Заңның 7-бабында көрсетiлген, қазақ және орыс тiлдерiнде жасалған және үш данада ұсынылатын құрылтай құжаттары қоса беріледі.

Акционерлiк қоғамдардың, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң жарғыларын (ережелерiн) қоспағанда, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардың, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң жарғылары (ережелерi) мемлекеттік тiркеу кезінде ұсынылмайды.

Шағын, орта және ірі кәсiпкерлiк субъектiсіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттiк тіркеу кезiнде өтiнiшке құрылтайшы немесе құрылтайшылардың бірі болып қол қояды.

Егер де заңды тұлғаны тіркеу туралы өтініште шетел қатысуы орын алса, онда (ҚР бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше белгiленбесе) өтініштен басқа қосымша келесідей құжаттар тапсырылады: 1) шетелдік заңды тұлғаның шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын, нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге сауда тізілімінің заңдастырылған үзінді көшірмесі немесе басқа да заңдастырылған құжат; 2) нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге шетелдік құрылтайшының паспортының көшірмесі немесе жеке басын куәландыратын басқа да құжат ұсынылуға тиіс

Мемлекеттік тіркеуге құжаттарды тапсырған кезде заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені үшін (шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды қоспағанда) бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат тіркеуші органға бір мезгілде ұсынылады.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу баламалы түрде субъектілердің ықыласына сәйкес «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы берілуі мүмкін. Ол үшін заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы өтініш «электрондық үкіметтің» веб-порталында толтырылады және ұсынылады, электрондық цифрлық қолтаңба қойылады. Ал, тіркеу алымын төлеу «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы жүзеге асырылады.

«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» ҚР-ның Заңына сәйкес, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуін (қайта тіркелуін), филиалдар мен өкілдіктердің есептік тіркелуін (қайта тіркелуін) растайтын құжат ретінде  ҚР-ның Үкіметімен бекітілген нысан бойынша тіркеуші органмен ұсынылатын анықтама болып табылады.

М.Есбаев,
Сырдария аудандық
Әділет басқарма
сының бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.