Home » Айтарым бар » Заман талабын ұғындыра білген курс

Заман талабын ұғындыра білген курс

«Бүгінде әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Бұл біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбейгелі өзгертуде…»
Бұл – Елбасының биылғы Жолдауынан алынған жолдар. Ия, ХХІ ғасыр – әрі жасампаз, әрі сын-қатерлері көп дәуір. «Ақан серінің Құлагерінен де жүйрік» уақыт замана көшін алға әкетіп барады. Көшке ілесу – уақыт талабы, көштен қалмау – жаһандауымызға жұтылып кетпеуіміздің қарекеті. Қарекетті  жасаушы басты тұлғалар – мұғалімдер. Ал біздің ғасыр мұғалімдердің қандай болуын талап етіп отыр? Осы сауал барлық мұғалімді толғандырады деп ойлаймын. Оның жауабын біздер, ақжайықтық мұғалімдер, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты» ұйымдастырған «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілді мектептердегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсында» таба алдық. Курс тренері Бахтиярова Рысқаным Жолболсынқызының шебер ұйымдастырылған сессиялары жаңартылған білім беру мазмұнын жан-жақты зерделеуімізге, көзқарасымыздың өзгеруіне шын мәнінде мүмкіндік берді. Шығармашылығымызды шыңдап, креативті ойлауымызға түрткі болды. Адамның өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, тынымсыз ізденісі, әрекеті мен сөзіндегі тазалығы, мәдениеті, өзін-өзі ұстауы – ардың ісі дейтін болсақ, Рысқаным Жолболсынқызы әр мұғалімге бүгінгі қоғамның дамуына сай жаңашылдыққа бет бұруы қажеттігін ұғындыра білді. Әр курс тыңдаушысына тренерлік қолдауын көрсетті.
Оқушыны сыртқы әлеммен байланыстыратын бірден-бір ақпарат көзі – мұғалім. Сондықтан мұғалім әр сабағын күтілетін нәтижеге бағыттап, қызықты ұйымдастыра білуі тиіс. Бұл ретте  мазмұнға негізделген бағдарламадан дағдыға негізделген бағдарлама бойынша қысқа мерзімді сабақ жоспарын құру үшін  спиральді қағидат негізінде тапсырмалар құрастыруды, қалыптастырушы бағалауды жүргізуді меңгердік. Ықшам сабақтар өткізу арқылы жаңаша әдіс-тәсілдермен, сабақтағы сұрақтардың рөлі, яғни кері байланыстың маңызын талдай отырып саралау жұмысының түрлерімен  таныстық. Оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін белсенді оқуды жүзеге асырудың, тиімді оқытуды табысты оқытуға айналдырудың мән-маңызын талқыладық. Оқушы бойында қалыптасуы тиіс 4 дағдының ерекшелігін електен өткіздік. Бір сабақта жеке, жұппен, топпен орындайтын тапсырмаларды шебер үйлестіре білгенде ғана күтілетін нәтижеге қол жеткізетінімізді түсіндік. Ал сабақтың өн бойында жүретін қалыптастырушы бағалау әдістері, сабақ соңындағы тиімді кері байланыс оқушыны да, мұғалімді де табысқа жетелейтініне көз жеткіздік.
Заман талабын ұғындыра білген осы курсты ұйымдастырушы «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтына», тренеріміз Рысқаным Жолболсынқызының еңбегі зор. Алдағы уақытта мұғалімге жүктелер міндеттердің үдесінен шығуға ұмтылсақ деймін. Сонда ғана біз тарихтың өзімізге шақталған мезгіліне сай боламыз.

Ерментаева Әсел,
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы
Абай атындағы мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.