Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалынып, әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Соған байланысты Елбасымыздың білім саласына қойған талабы да ерекше. Нәтижесінде білім берудің мазмұны өзгеріп, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды.
Біз, ұстаздар, дүниенің кез-келген жерінде білімін жалғастыруға, қызмет атқаруға қабілетті, ғылым мен техниканың кез-келген саласын меңгеретіндей дарынды, қабілетті ұрпақ тәрбиелеуіміз тиіс. Осы мақсатта оқушыларға білімді жүйелі түрде нақты беру үшін жаңашыл әдіс тәсілдерді қолдана отырып, заманауи сабақ беру жолға қойылды. Танымал ғалым, педагог, философ Джон Дьюидің «Егер біз бүгін балаларымызды кешегідей оқытатын болсақ онда біз олардың ертеңін ұрлаймыз» деген сөздерінің астарында терең мағына жатыр. Қазіргі заманда «заманауи сабақ» түсінігі пікірталастарда ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі болып табылады. Әлеуметтік дамудың жаңа сатысына көшу барысында, сабаққа білім беру бойынша жаңа талаптар ұсынуымыз қажет.
Заманауи сабақ – оқушылардың қызығушылығын арттырудың жоғарғы шегіне жету мақсатында әр түрлі жаңашыл, инновациялық технологияны қолдану болып табылады. Заманауи сабақтың тиімділігін дәстүрлі сабақпен салыстырғанда ғана түсінуге болады.
Дәстүрлі сабақ – мұғалімге бағынатын оқушылардың тәртібімен, тіл алғыштығымен, нәтижелігімен сипатталатын сабақ. Ал заманауи сабақты мұғалім оқушының білімді өзі алу мүмкіндігі болатындай етіп ұйымдастырады. Оқушы еңбек жасап, іздене отырып, өз жұмысына өзі баға береді, әр оқушының интеллектуалды және шығармашылық мүмкіндіктері анықталады.
Заманауи сабақтың оқушыдан талап ететіні:
— Оқуда жетекшілікті қабылдау;
— Оқуда жетекшілікті іздеу;
— Өз оқуы үшін жауапкершілікті өзіне алу;
— Өздігінен басқара алуын көрсету;
— Өз оқуын бағалау және оқуды жалғастыру үшін қажетті оқудағы қажеттіліктерді анықтау.
Заман ағымына қарай әрбір ұстаз үнемі өз білімін жетілдіруге, іс-тәжірибесін өзгертуге, оқыту үрдісін жаңаша ұйымдастыруға, сабақ үрдісінде оқушылардың іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыра білуге міндетті. Біздің мектеп мұғалімдеріміз де заман ағымына қарай жаңашылдықты жатсынбай, заманауи әдіс-тәсілдерді үйреніп, сабақта жаңашыл әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып келеді. Қазіргі таңда сертификатталған мұғалімдерден құралған «Жігер» қоғамдастығы өткізетін коучингтер мен интербелсенді алаңдар арқылы мұғалімдер өз тәжірибелерін толықтырып жүр. Өз іс-тәжірибемде жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы тек заманауи сабақтар өткізіп отырамын. Оқушыларымның сабақ үстінде өз ойларын еркін айтып, берілген тапсырмаларды аса қызығушылықпен орындайтынын байқадым. Дәстүрлі сұрақ-жауапқа қарағанда оқушының назарын жаулап алатын қызықты әдіс-тәсілдерді қолдану білім сапасының артуына да септігін тигізді.
Қай әдісті пайдалансақ та алға қойған мақсат — біреу. Ол – оқу бағдарламасының материалдық мазмұнын оқушы бойына сіңіру, өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу.
Нұргүл Мырзашқызы Сулекина
Рудный қаласы әкімдігінің «№19 орта мектебі» КММ
директордың әдістемелік ісі жөніндегі
орынбасары