Home » Мақалалар » Заманауи мұғалім – өз ісінің шебері

Заманауи мұғалім – өз ісінің шебері

Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған елдердің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім» – деп жолдауында айтқан болатын.

Мен үшін «білім» ұғымы «мектеп» сөзімен қатар тұрады. Мектепке алғаш келгеннен бастап біз білім әлеміне аяқ басып, өмірді жан-жақты тани бастаймыз: күннің шуағын, аспан әлемінің құпияларын, сиқырлы сандар мен ғажайып әдебиет әлемін. Ал осы таңғажайып әлем мен оқушы арасындағы байланысты орнататын адам — мұғалім. Мұғалім өмір — бойы білімін жетілдіретін адам. Ал заманауи оқушыға қалай білім беру қажет?

«Мектептің жаны — мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы» — деп А.Байтұрсынов айтқан болатын.

Бүгінде білім беру саласында көп нәрсе өзгерді, дегенмен мұғалім – оқушысына үлгі болатын шебер болып қала бермек. Нағыз шебер өз шәкіртіне сенім білдіреді, оларға алға жылжуға мүмкіндік береді, өсіп-жетілуіне ықпал етеді. Ендеше жаңашыл ұстаз, жаңа ұрпақ — бұл білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті маман даярлау, білім кеңестігіндегі мәдениет пен өнердің даму негізі.

Мұғалімнің мақсаты — бәсекеге қабілетті өмір сүре алатын білімді, жаңадан танымы бар, білімге деген қызығушылық деңгейі жоғары, экономика деңгейіне шыға білетін ұрпақты тәрбиелеу. Иә, бұл кез-келген мұғалім қолынан келе бермейтін қасиет. Тек қажырлы да, өз жұмысын жақсы көретін, өз оқушыларын биік шыңға жетелегісі келетін ұстаздың қолынан келеді. Кейде, «мен шаршадым, мына дәптер, мына қағаз» сөздерін өз құлағымен естігенде, көңілім түсіп қалады. Төзімділік — адам бойындағы жақсы қасиеттерінің бірі. Төзімді болғанда ғана ұстаз жақсы бір нәтижелерге жетуге, нақты дұрыс шешім қабылдайды. Бүгінгі таңда кейбір ұстаздардың бойкүйездігі, тіпті өз жұмысына немқұрайлы қарайтыны мұғалімнің қадір-қасиетіне көлеңке түсіруде.
Қандай да бір мамандық өзінше қызықты да, күрделі. Ал, осы мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандықтың бірі – мұғалім мамандығы. Мұғалім мамандығы киелі де көне мамандықтың бірі. Адамзатты ежелден ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса да, қажеттігін жоймайтын маңызды мәселе — жас ұрпақты өмір сүруге дайындау. Мұғалімнің тағы бір міндеті – өткенді болашақпен жалғастыру, онсыз болашақты елестету қиын.

Мұғалім ол – өз ісінің шебері. Шебер адам қандай істе болсын қажет. Барлық адам шебер болу үшін көп оқып, көп еңбек еткісі келмейді. Қазіргі заманның өткір мәселелерінің бірі – өз ісінің шеберлерінің аздығы. Адамдар диплом алуға ұмтылады: диплом алу негізгі талап деп есептейді.  Дипломды алған адам әрі қарай білімін шыңдауға ұмтылуы сирек құбылыс. Мұғалімдердің  де басым көпшілігі өз білімдері мен кәсіби шеберліктерін жетілдіруге мүлде деп айтпасақ та, тиісті дәрежеде көңіл бөлмейтіні белгілі жайт. Өз ісінің шебері дипломына арқа сүйемейді, нағыз өз ісінің маманы болу үшін орасан зор еңбек атқарады. Ол өз білімін үнемі жетілдірумен болады. Педогогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Мұғалім шеберлігі жайлы жазылған дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес.

ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болу керек? Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл — әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Сондай-ақ ұстаз күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді.

Мен — нағыз өз ісінің шеберлерін көрген бақытты жанмын. Менің ең жақын адамдарымның мамандықтары мұғалім. Мен мұғалімдер династиясының орта буынына жатамын, сондықтан  мен ешқашан кім болам деп ойланған емеспін. Менің мұғалім болып қалыптасуыма анам мен енем екі жақтан әсер етті. Олардың еңбек жолы мен үшін әрдайым үлгі болды. Мұғалімнің жарқын бейнесін осы кісілерден көрдім: терең білім, өз ісіне деген адалдық, оқушыға деген шексіз сенім, талап, айналасындағы адамдарға деген сый-құрмет. Міне осы бейнені мен де қайталаймын деп ойладым.  Жалпы біздің отбасымызда он төрт мұғалім бар екен. Соның бірі менің қызым деп мақтанышпен айта аламын. Қазіргі статистикаға сүйенсек, мектепте жыл сайынғы жас кадрлар есебінен толығу тек 2,6 %-ды құрап отыр. Қызымның да мамандық таңдауына әжелері мен анасының, әпкелерінің өз ісіне шын берілген шеберлігі болды деп ойлаймын.  Әрине мұғалім болу — қиынның-қиыны. Себебі, әр адам — қайталанбас жеке тұлға.  Ал Ушинский айтқандай «…тұлғаны тек тұлға тәрбиелей алады». Әр адам баласын білімге шақырып, тұлға етіп тәрбиелеп өсірген мұғалімдердің еңбегі ешқашан өлмейді.

Бүгінгі мұғалім –сабақты ұйымдастырушы, зерттеуші. Шәкіртке білім беру үшін олармен қатар білім алушы, себебі шәкірт ұстазының олармен бір заманда өмір сүріп, олардың проблемаларын сезіне білуі қажет. Осы тақырыпта өте көп айтуға болады. Әр ұстаздың өз жұмысында қолданатын әдістері бар. Осы әдістердің кез-келгені оқушыны дамытып, өмірде өз алған білімі мен дағдысын қолдана алуға жетелейді.

Мұғалім — білім саласындағы өзгерістердің бастаушысы, қоғамның дамуына атсалушы адам. Бүгінде әрбір оқушыны оқытып, тәрбиелеуге байланысты берілген мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім керек. Отан үшін бар білімі мен қабілетін сарып ететін, елін, туып өскен жерін, тілін, халықтарының салт-дәстүрін, тарихын, діндерін, мәдениеттерін құрметтейтін ұлтқа,руға бөлінбейтін жеке тұлға тәрбиелеу, ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған тәжірибесі мен ізгілік қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіретін бағыт, бағдар беру, қазіргі таңның ұстазының ең қажетті мәселесі. Сондықтан да,осы жаңартылған білім берудегі басты міндет болып табылуы тиіс, себебі білім берудің негізгі басты мақсаты мен нәтижелілігі білім алумен бірге, біліктілік дағдыларына қол жеткізе отырып, заман талабына сай ұлттық құндылықтарды бойына дарытқан, өз Отанының патриоты, жан -жақты дамыған білімді, өз ісіне және өзгенің ісіне әділ баға беретін, функционалдық сауаттылығы қалыптасқан жеке тұлға қалыптастыру болып табылады.

Сондықтан қазіргі таңда, әр мұғалім шығармашылықпен істейтін кәсіби шеберлігі жоғары, тез өзгермелі, білімді де білікті, тың серпіліске, өзгеруге дайын және жаңа талап межесінен көріне алатын шығармашыл да кәсіби шебер мұғалім екенін өз білімдері мен шеберліктерін сабақтарды жаңартылған білім бағдарламасы бойынша өткізгенде көрінуде.

Бүгінгі мұғалім – өз ісінің маманы. Өз кәсібіне керекті қасиеттерді дамытуға жалықпайтын, өз ісіне сын көзбен қарайтын адам.

Замануи мұғалім жеткен жетістігінде тоқтап қалмай, алға жылжуы қажет, себебі мұғалімнің жұмысы шығармашылықтың қайнар көзі болып табылады. Шығармашыл мұғалім мектептің жүрегі, оқушыларына әрдайым шамшырақ.

Келешекте біздің еліміз басқа тәуелсіз елдермен терезесі тең болып өмір сүруі үшін қазақ балаларын ешкімнен кем қылмай, мектеп қабырғасынан-ақ жан-жақты білімді, тәрбиелі етіп шығару үшін мұғалім ұлттық құндылықтарды басшылыққа ала отырып, тәрбие жұмысын жүргізетін адам.Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі алға қойылған басты міндет. Осы міндетті ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар –бүгінгі мектеп оқушысын тәрбиелеу бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалап жатқан ұстаздардың қолында

Я.А.Коменский балаларға тәлім-тәрбие беріп ұстаздық көрсететін мұғалімді өте жоғары бағалады: «Мұғалім — мәңгі нұрдың қызметшісі.Ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп,нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі.Оларға тамаша қызмет тапсырылған, күн астында одан жоғары ешнәрсе болмақ емес».

Абдрашева Шынар Амангельдыевна
Ақмола облысы, Целиноград ауданы
Қабанбай батыр ауылының № 41 ОМ

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.