Home » Бес сауал » Заманауи мектептің мақсаты

Заманауи мектептің мақсаты

Біздің бүгінгі сұхбатымыз Көкшетау қаласының білім беру бөлімінің ММ «№7 орта мектебінің» жұмысына арналған, бізге бұл туралы білім беру бөлімінің директоры Шокимова Сайран Азнабаевна айтып береді.

  • Құрметті Сайран Азнабаевна, жұмыс барысында күнделікті қандай қиындықтарға тап боласыз, сол жөнінде айтып жіберсеңіз? 
  • Сұрағыңызға рахмет! Қазіргі таңда әр адамның басындағы мәселе менде де кездеседі, бұл – уақыттың тапшылығы, кей-кезде уақытымды үнемді пайдалана алмай жатамын. Күнделікті алдын-ала жоспарлап алғанның өзінде, ата-аналармен кездесу, ұжымдық мәселелер т.б. туындап жатады. Әрине ұжымды басқару, оларды үнемі дұрыс жолға бағыттап отыру, мен сияқты жас басшыға оңай іс емес. Сондықтан күнделікті жұмыс барысында қиындықтар емес, кедергілер кездесіп жатады. Өз деңгейімде, ұжымның қолдауының арқасында бірлесе жұмыс жасаудамыз.

 

  • Орта білім берудің жаңартылған мазмұнының шеңберінде №7 орта мектебінің мұғалімдердің біліктілігін қандай түрде арттырасыз?

 

Мектеп директоры – білім саласына еніп жатқан жаңа реформаны жүзеге асырушы негізгі буын болғандықтан, өз мектебін үнемі алға тартып, мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлу керек. №7 орта мектеп мұғалімдері біліктіліктерін арттыру курстарына үнемі жоспарлы түрде барады, сонымен қатар қала, облыстық мектептер арасындағы және мектепішілік шебер-сыныптар, семинарлар, дөңгелек үстелдерге, мұғалімдер бір-бірінің сабақтарына қатысу арқылы кәсіби білімдерін шынықтырып отырады. Менің ойымша, қазіргі таңда өз білімін жетілдіремін деген мұғалімге барлық жағдай жасалған.

  • Үштілдік білім беру жағдайында мектепте пәндерді оқыту ерекшелігі неде?

 

Пән мұғалімі ретінде де, мектеп директоры ретінде де білім саласындағы үштілдік саясатты қолдаймын. Қазақстандық мектеп түлектері жоғары білім алуда тілдік кедергі болмауы керек. Көбіне қоғамда үштілдік білім беру дегенді ағылшын тілінде оқыту деген ұғым қалыптасқан. Бұл жерде 130-дан астам ұлт тұратын мемлекет үшін қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық тіл, ал ағылшын тілі – әлемдік экономикаға үйлесімді кірігу тілі болып отыр. Әлемде 10 млн. кітаптың 85 пайызы ағылшын тілінде шығады екен. Ал білім алушыларға осы ресурттар қолжетімді болуы керек. Мысалы мен мектепте де, жоғары оқу орнында да неміс тілін оқыдым, емтиханды өте жақсыға тапсырдым, бірақ немісше сөйлей алмаймын. Неге? Себебі ол кезде тілдік мақсат дұрыс қойылмады, яғни бізді жазылым, оқылымға өте жақсы үйретті, дегенмен тыңдалым, еркін сөйлеуге көп көңіл бөлінбей білім берді. Ал қазіргі жаңартылған бағдарламада барлық тіл сабақтарының мақсаттары өзгерді, нақтыланды, оқушыларды үш тілде еркін сөйлеуге үйретуге бағытталған.

  • Оқушылардың білімін және біліктілігін бағалайтын жаңа жүйесі тәжірибесінде қандай нәтижелерін береді?

 

Өткен оқу жылынан бастап қазақстандық мектептер білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасына жоспарлы түрде ене бастады. Жаңа жоғарыда айтып кеткендей, сабақтың мақсаты нақтыланды, оқулықтар, оның көлемі, сапасы, тапсырмалар түрленді. Енді бұл жерде оқушының білімін, деңгейін, жетістігін шынайы, нақты көрсететін – бағалау жүйесі өзгерді. Бұрынғы бестік бағалау жүйесінің орнына критериалды бағалау енді. Критериалды бағалауда оқушыны екі түрде бағалайды: қалыптастырушы бағалау – күнделікті сабақ барысында оқушының жетістікке жету үшін бағыт-бағдар беру, күнделікті олқылықтарын түзеу, оны қолдау, басқаша айтатын болсам қалыптастырушы бағалау – табысқа жету баспалдағы, ал нақты сол табыстың нәтижесін оқушы осы жиынтық бағалауда көрсетеді. сонша рет) жиынтық бағалауға арналған тапсырма береді, оны 15-20 минут уақыт ішінде орындап шығады. Тапсырма соңында бағалау критерийі беріледі, сонымен қатар әр жиынтық бағалаудан кейін оқушыларға да, әр ата-анаға да кері байланыс жүргізіліп отырады. Ал екінші жиынтық бағалау тоқсан соңында жүргізіледі. Оқушының тоқсандық бағасы осы екі бағалаудың ортақ пайыздық көрсеткіші алынып, бестік жүйеге аударылады.

 Сіздің мектебіңізде қамқоршылық кеңес жұмыс атқарады ма және оның міндеттері неде?

«Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» — деп Елбасы айтқандай, ата-ана мен мұғалім осыны үнемі мақсат тұту керек. Әр мектепте заңды түрде қамқоршылық кеңес құрылып, іс жүзінде екі жақ бір бағытта жұмыс атқарса, мектеп мен ата-ана арасында қазіргі қоғамда туындап жатқан түсінбеушіліктер санын азайтар едік. Осы мақсатта бүгінгі күні әр мектепте Білім министрінің заңды қолдауымен қамқоршылық кеңестер құрылып жатыр. Бұл кеңес – мектептің оқу және тәрбие ісінде қолдау көрсетіп, атсалушы, өзін-өзі басқару жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуші, мұғалім-оқушы-ата-ана үштігінің бірлесе жұмыс жасауына жағдай жасаушы кеңес болып табылады. Қамқоршылық кеңес мүшелігіне тек ата-аналар кіре алады. Яғни бұл кеңестік өзінің заңды өкілі, мүшелері, жарғысы, ұстанатын ережелері бар. Біздің мектепте биылғы оқу жылынан бастап қамқоршылық кеңес заңды түрде құрылып, жұмыс жасап жатыр. Бұл бағытта мектеп пен қамқоршылық кеңес арасындағы ортақ жоспарларымыз көп, нәтижелі болатынына сенімдеміз.

 

  • Ақмола облысының қыркүйек айының ортасынан бастап жасөспірімдер арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу үшін айлық өтеді. Мектеп психологы қауіпті топтарына кіретін жасөспірімдермен қалай жұмыс істейді?

Өзіне-өзі қол жұмсау мәселесі қазіргі таңда бүкіл дүние жүзі көтерген мәселелердің бірі, әсіресе жасөспірімдер кәмелетке толмағандар арасындағы. Өзіне-өзі қол жұмсауға баланы итермелейтін не? Ол әлеуметтік жағынан өз орнын таппау, өмірдің мәнін жоғалту, психологиялық теріс бейімделу, компьютерлік түрлі ойындарды шектен тыс ойнаудың өзі осыған әкеліп жатқанын көріп отырмыз. Әрине күнделікті біз оқушыларға ненің жақсы, ненің жаман екен айтып отырамыз, дегенмен әр оқушының ойын, психологиялық жағдайын толық назарда ұстау, ол – мүлдем басқа мәселе. Бұл жерде мектеп психологының жұмысы аса зор. Оқу жылының көлемінде әр оқушыны арнайы психологиялық тестен өткізіп нәтижесін саралап, сол аса қауіпті тізімге енетін оқушыларды анықтайды. Сол оқушыларға арналған психолог өз жоспарын құрады. Әр сынып жетекшісімен, ата-анамен тығыз байланыста болады. Кей кезде ата-аналардың өзі бала тәрбиесінде мектеп психологының көмегіне жүгініп жатады. Мектеп психологымен бірлесе отырып «Мерейлі отбасы» атты жобасын құрдық. Бұл жобаның мақсаты – ата-аналарға психологиялық көмек көрсету. Сонымен қатар арнайы сайт құрылды, виртуалды әлем арқылы арадағы байланысты үзбей жұмыс жасауға жағдай жасау үшін. Ендігі таңда осы сайтта оқушыларға арналған бөлім ашуды жоспарлап отырмыз.

  • Қазақстан Республикасының Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласында халықтың санасын қалай жаңартуға болатындығын анықтады. Бұл бағдарламаны іске асыру үшін мектептің жоспарлары туралы айтып беріңіз.

Елбасымыз өзінің бұл мақаласында еліміздің болашаққа бағдарын анық айқындап бергендей. Мақаласында айтылғандай, «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып отыру керек, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», сонда ертеңгі күнімізді бүгін жоспарлап, оның нәтижесін нақты болжамдай білуіміз керек. «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының құрамдас бөлігі «Туған жер» бағдарламасы 4 бөліктен тұрады: «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпараттар толқыны». Әр бөлімдер аясында тиісті жобалар мен іс-шаралар іске асырылу үшін жоспар құрылған. Бірінші бөлім аясында мектептің тәрбие ісі бойынша жоспарының басым бағыттары оқушылардың туған жерін дәріптеп, патриоттық тәрбиеге көп мән берілген. Осы тұрғыда мектебімізде «Десант» атты әскери-патриоттық клуб құрылды, олардың жұмыс жоспары айқындалды, сонымен қатар «Ақниет» атты театрлік үйірме өз жұмысын бастап, өзінің алғашқы қадамында қалалық балалар театралдық ұжымдардың байқауына қатысып «Ең үздік актерлік қыздар ансамблі» номинация иегері атанды. Бұның бәрі «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр. Ендігі орайда туған жердің, атамекеннің тарихын, рухани қазынамызды дәріптеу, зерттеу мақсатында мектеп оқушылары өз жеріміздің, яғни Станционный поселкісінің белді, беделді тұлғалар туралы ақпарат жинауда.

  • 2025 жылдан бастап Қазақстан латын әліпбиіне толығымен ауысады деп жоспарлануда. Мектеп реформаға қалай дайындалып жатыр?

Латын әліпбиіне көшу – бұл үлкен қадам. Бүгінгі таңда қоғамда латын әліпбиіне көшу туралы түрлі ойлар айтуда, біреулер оңтайлы тұстарын алға тартса, енді біреулер мүлдем қарсылық танытып, көшу уақытын шегеру туралы түсініктер айтуда. Кез-келген мемлекеттің жаңа қадамына бұндай ойлар айтылуы орынды. Сондықтан бұл латын әліпбиі бізге несімен тиімді деген сауалға жауап іздейтін болсақ, бұл ең алдымен қазіргі ақпараттық технология заманында таптырмас мүмкіндік. Ақпараттық технология мамандары біледі, қазіргі таңда қандай кедергі тап болып жатқанын, өйткені технологияның тілі – латын әліпбиімен берілген. Сонымен қатар әлемдегі 80 пайыз мемлекеттер осы латын әліпбиін қолданады екен, сондықтан бүгін болмаса да бәрібір біздің әліпбиді латынға ауыстыруымыз керек. Енді бұл бағыттағы өз мектебіміздегі жұмыстарға тоқталатын болсам, қазіргі таңда тек түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақында 8-сынып оқушылары маған мынадай сұрақ қойды: біз сонда қазақ тілінде емес латын тілінде сөйлейміз бе деп, сол жерде тек әліпби ғана, яғни жазылу әріптері ғана өзгеріп, айтылым, тыңдалым қалатынын түсіндіре кеттіп, оның тиімді тұстары баса назарда екені айттым.

  • Сіздің мектебіңіздің қабырғасында қандай жаңа нәрселерді көргіңіз келеді және оның болашағын қалай көріп жүрсіз?

Әрине, әр мектеп директоры өз ұжымының, өз оқушыларының жетістіктерін облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде көргісі келеді. Бұл салаға жай келген жоқпын деп ойлаймын. Әлі есімде 3 сыныпта «Кім болғың келеді?» деген шығармада мұғалім боламын деп жазған болатынмын. Сондықтан әр адам өз мамандығын сүйіп, үнемі ізденісте болса, көп нәтижесін көреді деп ойлаймын. Менің алдағы жоспарым: мектепке жас мамандарды тарту – бұл жұмысты мектеп түлектерінің мұғалімдік мамандықты таңдау жұмыстарын жүргізу, әсіресе ер азаматтарды, өйткені бала тәрбиесінде ер балаларды ер мінездікке тәрбиелеуде көп кедергілерге тап болудамыз, оқушыларды да, мұғалімдерді де ғылыми зерттеушілік жұмыстарға тарту, ғылыми жаңалық ашуға бағыттау, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайту жұмыстарын әрі қарай дамыту қажет. Елбасымыз өз мақаласында айтып кеткендей, «ұлттық кодымызды» сақтай білетін, болашаққа сеніммен қарайтын ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбек ету керек.

Cұхбат жүргізген: Анар Камалиева

Білім айнасы

Көкшетау

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.