Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыты білім сапасын жаңа деңгейге көтеру болып табылады. Мемлекеттік бағдарламаның мақсатына жетуі мектепке дейінгі білім деңгейі мазмұнын ұйымдастыра алатын педагогикалық корпустың басым шоғыры болуына байланысты. Тәриеленушінің жолы мектепке дейінгі білім беру ұйымынан басталады. Дәл осы кезде баланы қалай тәрбиелесең, қандай білім берсең, ертеңгі жас Қазақстандық сондай болады. «Тал бесіктен басталатын бала тәрбиесін» бүгінгі заман талабына сай жан-жақты жетілдіру, білімді де саналы тұлғаны қалыптастыру — өмірге ұрпақ әкелетін ата-анаға ғана емес, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемелерінің қызметкерлеріне де жауапты да, салмақты міндеттер жүктейді. Бүлдіршіндердің денсаулығын нығайта отырып, оқу-тәрбие үрдісін жетілдіру және бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеу міндеті – педагог мамандарды заман талабына сай жаңа технологияны игеруді, іскерлік пен ізденімпаздықты, білімділік пен біліктілікті талап етеді. Сондықтан да мектепке дейінгі мекеменің басшысының бүкіл қызметі мектепке дейінгі балаларға жан-жақты тәрбие беру міндетін шешуге бағытталған. Ол балалар бақшасында педагогикалық және гигиеналық талаптарға толық сәйкес білім, тәрбие процесін ойдағыдай жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасалуын қамтамасыз етеді. Ұжымда іскерлік, мақсат қоя білушілік және ынтымақшыл жағдай туғызады, оған жалпы басшылықты жүзеге асы – күрделі организм, соған орай басшының қызметі де сан қырлы. Басшы – мемлекеттік мекеменің басшысы, сондықтан психо-педагогикалық теорияны үнемі оқып үйренуі, ҚР-ның қазіргі кезеңдегі ішкі және сыртқы саясатын білуі әрі оларды өзінің тәжірибелік жұмысында басшылыққа ала отыруы маңызды. «Басқару үшін істі болу керек және тамаша әкім болу керек»-дегендей басшы жетік маман, ой-өрісі кең, тәрбие процесін жақсы білетін адам болуы керек.
Мектепке дейінгі мекеме басшысының қызметі үш бағытта – тәрбие мен әдістемелік жұмысқа басшылық ету, әкімшілік-шаруашылық мәселелерін шешу, отбасымен жұмыс жүргізіп, ата-аналар мен қалың бұқара арасында педагогикалық ағарту жұмысын ұйымдастыру бағытында жүргізіледі.
Тәрбие мен әдістемелік жұмысқа басшылық ету мыналарды көздейді:
- «Балабақшадағы тәрбие бағдарламасының» орындалуына дер кезінде білікті көмек көрсету;
- іскерлігі мен біліктілігін арттырып, өз бетімен білім алу жұмысына бақылау жасау;
- озық педагогикалық тәжірибені оқып, үйрену, талдау, жариялау және енгізу.
Бұл міндеттерді іске асыру үшін, мен басшы ретінде кадрлармен жұмыс істеудің әр түрлі формаларын: жеке жұмыс түрлерін (топта болып, соңынан онда көріп-білгеніне талдау жасау, өзара араласу, кеңестер, жұмыстың әдістері мен тәсілдерін жеке өзінің көрсетіп беруі және басқалар) және ұжымдық жұмыс түрлерін (педагогикалық кеңестер, семинарлар, практикумдар, тәжірибелі тәрбиешілер ұйымдастырған ойын-сауықтарды, сабақтарды, серуендерді және т.с. басқалардың келіп көруі, кейіннен ұжым болып талқылауы, ұжымдық кеңестер және басқалар) қолданамын. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелерінде баланы тәрбиелеу ісі көбіне басшы мен тәрбиеші-әдіскердің бірлесе отырып жасаған басшылығының тиімділігіне байланысты болады. Әдістемелік жұмыста ұйымшылдықтың, жоспарлылықтың, қойылған міндеттің мейлінше қысқа мерзімде оңтайлы шешімін табуды қамтамасыз етудің, басталған істі аяғына дейін жеткізудің, болашақты көре білудің және соған ұжымды жұмылдыра алудың маңызы зор. «Басшы өзінің қалай басқарып отырғанына ғана емес, сонымен қатар өзінің басқаруындағы адамдардың не істеп отырғанына да жауап береді» дегенін есімде әрдайым ұстаймын.
Маңғыстау облысы білім басқармасының №1 арнайы балабақшасының негізі 1961 жылы қаланған. Балабақша ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 қаулысымен бекітілген «Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын» және ҚР БҒМ 2016 жылғы 22 маусымдағы №391 бұйрығымен бекітілген «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың үлгілік оқу жоспарын» басшылыққа ала отырып жұмыс жасайды. Қазіргі таңда 9 топ жұмыс жасауда. Балабақшада ерекше білім беруге қажеттілігі бар 127 бала тәрбиеленуде. Балалар балабақшаға облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының жолдамасымен қабылданады. Арнайы балабақша балаларды емдеу-сауықтыру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы кабинеттермен жабдықтылған. Атап айтсақ, сенсорлық бөлме, дәрігерлер, ортоптист медбикелер, логопед, психолог, бейнелеу өнері кабинеттері, музыка және дене шынықтыру залы, барлық қажетті құралдармен толықтырылған. Осы аталған кабинеттерде арнайы мамандар балалардың денсаулық деңгейлеріне байланысты жұмыстарын жүргізеді.
Қазіргі кезде арнайы балабақшада 81 қызметкер, оның ішінде 37 педагог маман, 24 педагог – жоғары білімді, 11 – арнаулы орта, 2 – аяқталмаған жоғары білімді.
Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары көп сыртқа әлі шықпаған.
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай рақат, шын бақытын тапса адам-деп ақын жырлап өткендей, шынымен де, мен үшін «бақыт» деген тармағы кең ұғымның бір шеті осы басшылық қызметтің ұжыммен бірлесе еңбек етуінде ұштасып жатыр.
Басшы – ұжымға өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін себуші, жақсы мен жаманды үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, ең жақын жанашыры әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам және жаңашыл педагог мамандарды тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы.
Халқымызда «Көп жас жасағаннан емес, көп игілікті ісі бардан сұра»-демекші ұжымды жетістікке жеткізуге дем беретін басшының ықпалы мен бала тәрбиесіне үлкен мән беретін жаңа жобалар дүниеге келіп педагогтардың қызу қолдауына ие болуда.
Ал, мен – заман ағысына сай біліммен қаруланған, ой-өрісім жоғары, үздіксіз ізденісте жүрген, жан-жақты дамып келе жатқан қатардағы басшымын.
Балабақшаны 2006 жылдан бері басқарып, тынымсыз еңбегімнің нәтижесінде көптеген жетістіктерге: 2016 жылдың желтоқсан айында ҚР Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай ҚР президентінің «Құрмет грамотасымен», ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы», Алғыс хаттармен марапатталдым. Балабақшамызда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жауапкершілігі мол мамандар аз емес. Атап айтсақ: директордың тәрбие жұмысының орынбасары А.Алимжанова, А.Исмагамбетова, А.Джолбаева, Н.Боярская, В.Сейтосманова, Н.Сергеенко, Л.Базлиева, Н.Сеферова, Е.Пименова, А.Мурсалиева, Г.Габдуллина, З.Сандыбекова, С.Измухаммедова.
Облыстық «Үміт», «Айналаға мейірім шаш», «Луара ҚҚ» фестивальдеріне қатысып, балалар өнер байқауларында жүлделі орындар алып, ата-аналар алғысына бөленуде.
Мекеме педагог-қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында ұдайы республикалық, облыстық курстардан өткізіліп және жас мамандарға әдістемелік көмек беріліп, ұжымды үнемі шығармашылық тақырыпта жұмыстануға бағыттап отырады.
Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Бізге ой-өрісі жоғары дамыған зерделі, жан-жақты, парасатты, дені сау ұрпақ керек екені бұлтартпас шындық, бұлжымас ақиқат. Тәрбие мен оқу – бір-бірінен бөлек алынып қаралмайтын үрдіс. Жаңа заманның жаңашыл басшысы екі үрдісті бірдей теңестіріп алып жүруі оның шеберлігі мен іскерлігін көрсетеді.
Аристотельден кейінгі екінші ұстаз, ғұлама, ойшыл Әл-Фараби айтқандай, «басшыға ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді».
Халқымызда «Жас келсе – іске» деген керемет сөзі бар. Демек, мен бойымдағы жігерімді, күш қуатымды, жаңашылдығымды ұжымды көтеруге жұмсауым керек. Болашақта өз ұжымымды биік белестерден көрсем, сол үшін өзімнің кішкене де болса үлесім тиген болса, мен өзімді бақытты басшы, бақытты адам деп білемін.
Раисова Шамшагул Базарқызы
Маңғыстау облысы білім басқармасының
«Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған
№1 арнайы балабақшасы» КМ мекеме директоры