Home » Мақалалар » ЗАМАНАУИ АҒЫЛШЫН ТІЛІ ПӘНІ МҰҒАЛІМІНІҢ РӨЛІ

ЗАМАНАУИ АҒЫЛШЫН ТІЛІ ПӘНІ МҰҒАЛІМІНІҢ РӨЛІ

Жаһандық әлемде қарым-қатынастың басым бөлігі ағылшын тілінде жүргізіледі. Барлығымыз білетіндей қазіргі таңда ағылшын тілі әлемдік тілге айналды және басқа тілдермен бірге жақсы қарым қатынас жасауға мүдделі. Ағылшын тілін үйретуде, әсіресе мектеп оқушыларын оқытуда олардың барлық зейінін тілге бұру маңызды рөл атқарады. 21-ші ғасырдың оқушыларының қажеттіліктері 20-шы ғасырдың оқушыларынан қатты ерекшеленеді. 21-ші ғасырдың сыныбында мұғалімдер оқытудың үйлестірушілері және нәтижелі сынып ортасын құрушылар болып табылады, ондай ортада оқушылар өздеріне күнделікті  немесе болашақта қажет болуы мүмкін дағдыларды дамыта алады.

Браун мен Х. Дуглас (2007) «Мұғалімдер оқыту процесінде көп рөл атқара алады және бұл оқуды жеңілдетеді. Олардың өз рөлдерін тиімді орындау қабілеті олардың өз оқушыларымен қарым-қатынас орнатуына және, әрине, олардың білім мен дағдыларының  деңгейіне байланысты болады” деген. Ағылшын тілі мұғалімдерінің сыныптағы ең танымал рөлдерінің кейбірін атап өтейік.

  1. Бақылаушы: оқушылардың іс әрекетін, сөйлеуін және олардың қалай сөйлейтінін мұғалім толық бақылауда ұстайды. Мұғалім бұл рөлді ағылшын тілін жаңадан үйрете бастағанда және оны үйретуде сөздің дыбысталуы мен оны қайталауда нақты тиімді әдістер қолдану керек болғанда атқарады. Бұндай сабақта мұғалім басты назарда болады. Мұғалім тілді оқытуда өзінің білімі мен тәжірибесі арқылы оқушыларды шабыттандыра алуы мүмкін, бірақ бұл оқушылардың сөйлеу дағдысын дамыту үшін жеткіліксіз.
  2. Суфлер немесе сыбырлаушы: мұғалім оқушыларды сабаққа белсенді қатысуға ынталандырады және оларға тілді үйренудің тиімді жолдарын ұсынады. Оқушылар кейде сөйлеу барысында сөзден шатасып немесе айтар сөздерін ұмытады сондай жағдайларда мұғалім сыбырлаушы рөлінде оқушыларға демеу беріп, көтермелеуі мүмкін. Оқушылар кейде қалай әрекет ету керектігін білмей, өз өзіне сенімсіз болады, сол кезде мұғалім әрқашан қолдау мақсатында кеңестер айта алады.
  3. Ресурс: мұғалім-бұл қажет болған жағдайда көмек ұсынуға немесе қарым қатынас жасау кезінде оқушыларға білмей тұрған жерін жеткізуге дайын жүретін ресурстық орталық іспетті. Мұғалім оқушыларға қажет болған кез келген уақытта қасынан табылуы керек. Ресурс орталығы ретінде мұғалім оқушыларды қол жетімді ресурстарды мысалға, интернетті пайдалануға бағыттай алады, алайда оқушыларды қасықпен тамақтандырған сиякты дайын нәрсеге үйретудің қажеті жоқ, себебі мұның кері жағы болуы мүмкін.
  4. Бағалаушы: мұғалім бұл рөлді оқушылардың тапсырманы қаншалықты жақсы орындағанын байқау үшін атқарады. Ол үшін кері байланыс және түзету жұмыстарын ұйымдастырады. Оқушыларды бағалаудың көптеген тәсілдері бар. Бағалаушының рөлі мұғалімдерге оқушыларды түзету мүмкіндігін береді. Алайда, оқушыларға баға қоюда оған түсіністікпен қарамай, қолдау білдірілмесе, онда ол оқушының өзін-өзі бағалауына кері әсер етіп, мақсатты түрде  тілді үйренуде сенімділігін жоғалтуы мүмкін.
  5. Ұйымдастырушы: мұғалім атқаратын ең күрделі және маңызды рөл. Көптеген іс-әрекеттердің табысты болуы оның жақсы ұйымдастырылуы мен оқушылардың не істеу керектігін дәл білетіндігіне байланысты. Бұл рөлді атқаруда нақты нұсқау беру — іс-әрекеттерді ұйымдастыру секілді өте маңызды. Бұл рөл мұғалімге сөйлеу, оқу іс әрекеттеріне немесе ойынға оқушылармен бірге қатысуға мүмкіндік береді. Мұғалім, сондай-ақ жүргізілген іс әрекетке кері байланыс береді.
  6. Қатысушы: бұл рөлде мұғалім сабақ барысында тапсырмалар орындауға, ойынға қатысады және бұл сынып атмосферасын жақсартуға септігін тигізеді. Бірақ осы рөлді атқару барысында мұғалімнің басымдылық (доминанттық) таныту қауіпі бар. Ал егер мұғалім өзі шетке шығып, өзіне көп назар аудартпай іс әрекетке қатысса, мұғалім сыныпты жандандыра алады және бұл оқушылармен өзара әрекеттесудің тамаша тәсілі болуы мүмкін.
  7. Жетекші: оқушылар өзіндік жұмыс жасағанда немесе жобалық жұмысқа қатысқан кезде мұғалім жаттықтырушы ретінде әрекет етеді. Мұғалім оқушыларға кеңес мен ұсыныстар береді, оларға негізгі ойды (идеяларды) анықтауға көмектеседі. Бұл рөл оқушыға ерекше көңіл бөлудің тамаша жолы болуы мүмкін. Бұл сондай-ақ мұғалімге оқушыға ағылшын тілін үйретуді оның нақты қажеттіліктеріне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді. Алайда, бұл оқушыны бір мұғалімге тәуелді болуына және бір ғана әдіске немесе бір ғана оқыту стиліне үйреніп қалуына әкелуі мүмкін.

Ал енді мұғалімнің бірнеше рөлдерімен танысқаннан кейін шын мәнінде сабақ барысында оның қалай орындалатынына көз жүгіртейік. Мен өз тәжірибемде орын алған бір күндік ағылшын тілі сабағынан мысал келтірейін.  Жоспар бойынша 8-сынып оқушыларымен «British teatime» тақырыбында сабақ өткізген болатынмын. Сыныпта әр түрлі жаттығулар орындау барысында, мысалға, топтық ойын кезінде мен оқушыларды жігерлендіруші, ынталандыршы, әділ мұғалім рөлін атқардым. Ал рөлдік ойын ойнау барысында қолдаушы,  айқындаушы, ынталандырушы мұғалім болдым. Мәтінді дауыстап оқу кезінде мен әсерлі, бұйырушы болуға, қызықты етіп оқуға тырыстым. Бүкіл сыныппен тыңдалым жасау барысында нәтижені айқындаушы, демеуші рөлін атқардым. Бұдан мен атқаратын рөлдерімнің өзара жиі ауысатынын байқадым. Бір жаттығу жасау барысында бір рөлден екінші рөлге біртіндеп көшетінімді байқадым. Мұғалімнің рөлі ешқашан тұрақты болмайды. Жоғарыда айтылған кейбір мұғалім рөлдерінің қазіргі заман оқушыларына сабақ беруде  тиімді емес екенін түсіндім. 21- ғасыр оқушыларына білім беруде олардың осы жаһандық ортада өмір сүру  талаптарына және өз  орнын табу мүмкіндігіне байланысты мұғалімнің де өзгеру керектігін түсіндім. Осылайша, 21 ғасыр оқушыларының сипаттамасы оның 20 ғасырдағы сипаттамасынан бөлек. Дәрістік оқыту стилі өткен ғасырдікі. Бүгінде оқушыларды ынтымақтастық түрде оқыту — оқытудың негізі болып табылады. Мысалы, 9-сыныпта қолданған жобалап оқыту технологиясы келесідей дағдыларды дамытуға септігін тигізді:

  • Терең ойлану дағдыларын;
  • Бір-бірімен қарым қатынас жасай алу дағдыларын;
  • 21- ғасырдағы және жаһандану жағдайында оқушылардың өз білімін тиімді қолдана білу.

Интербелсенді мұғалім сыныптың топтық динамикасын толық түсінеді. Бүгінгі күнгі педагогтік тәжірибеме сүйене отырып, оқушыларды табысты оқыту көбінесе олардың бір-біріне және мұғалімге деген көзқарасына, сыныптағы жағымды ортаға, оқушылардың бір-бірімен қаншалықты тиімді қарым-қатынас жасайтынына, сыныпта мұғалімнің рөліне де байланысты екенін түйдім.

Қорыта айтқанда, Джереми Хармер «Facilitator» немесе «Үйлестіруші» термині арқылы өзін ұстай алмайтын, өктемшіл емес, өзін оқушылармен тең деңгейде ұстайтын, дайын білім беруші емес өзін тек ресурс көзі ретінде әрекет ететін, оқушы дербестігін тәрбиелейтін мұғалімді сипаттайды. Мен оның сөзімен толық келісемін және оқытуды үйлестіру оқушы үшін де, мұғалім үшін де мүмкіндіктерді кеңейтеді және мұғалімді «сарапшы» болу қажеттігіне әкелетін көптеген ауыртпалықтардан босатады деп ойлаймын. Егер бұрындары мұғалім «Мен білмеймін, анықтайық» немесе «Мен білмеймін,  араларында дұрыс жауапты білетін оқушы бар ма?» деп сұрайтын болса, бұл ол мұғалімнің әлсіздігін бірдіретін. Бірақ, уақыт өзгерді және мұғалімнің рөлі де.

Аннотация: Бұл мақаланың негізгі мәселесі – заманауи мұғалімнің сыныптағы рөлі және  сыныпта түрлі әдістер арқылы нәтижеге қол жеткізуі. Педагогикада оқушыларды табысты оқыту көбінесе олардың бір-біріне және мұғалімге деген көзқарасына, сыныптағы жағымды ортаға, оқушылардың бір-бірімен қаншалықты тиімді қарым-қатынас жасайтынына байланысты. Сондықтан, заманауи ағылшын тілі пән мұғалімінің рөлі – жаһандық әлемде бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу.

     Кілт сөздер: ағылшын тілі, мұғалім рөлі, сабақ, әдіс-тәсілдер.

 

Шойбекова Асель Саимовна,
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. How to Teach English, Pearson Longman, 2nd Edition, Jeremy Harmer,

2007

  1. Principles of language learning and teaching, Pearson Longman, 5th Edition, H Douglas Brown, 2007
  2. Group Dynamics in the Language Classroom, Cambridge University Press, Zoltán Dörnyei, Tim Murphey, 2003
  3. http://www.scientificlanguage.com/esp/classroom-management.pdf
  4. https://study.com/academy/lesson/what-are-the-roles-of-a-teacher.html

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.