Ақмола облысы дін істері басқармасы жанындағы «Конфессияаралық қатынастарды дамыту және талдау орталығы» КММ (бұдан әрі – КҚТДО КММ) «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсының өзектілігі мен әдіснамасы» тақырыбында Көкшетау қаласының жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған оқыту семинарын өткізді деп Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Семинардың мақсаты: құқықтық және дінтанушылық сауаттылығын арттыру, мемлекеттің зайырлылық негіздерін түсіндіру, ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу.
Іс-шара модераторы міндетін КҚТДО КММ директорының м.а. Г.Сатыбалдина атқарды. Өз сөзінде ол зайырлылық принципінің маңыздылығын, сондай-ақ діни қарым-қатынас саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін түсіндірді.
КҚТДО КММ мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Д.Жантас «Интернет-ресурстарының қауіптілігі» тақырыбында сөз сөйледі. Дәріс барысында лектор, діни экстремизм мен терроризм идеяларының әлеуметтік желілер арқылы негізгі таралу факторларын, толеранттылық және патриотизм сезімдерін ояту жолымен қарсы тұру маңыздылығы жайлы баяндады.
Ақпараттық-түсіндіру бөлімінің маманы З.Тлегенова іс-шараның практикалық бөлімінде «Деструктивті діни ағымдардағы манипуляцияға қарсы тұру» тренингін өткізді.
Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.