Home » Сценарийлер » Жәңгір хан

Жәңгір хан

 Сыныптан тыс шара.10 сынып.

Драмалық көрініс

( Көрініс төрт бөлімнен тұрады  )

Көріністің сценарийін жазған пән мұғалімі Ажғалиева Заря Хайролллақызы.

 І –бөлім .Жәңгір хан ауылын таныстыру.

Автор: Жәңгір хан ауылы. Екі қабатты зәулім хан Ордасы. Ордаға елдің игі жақсылары: Баймағамбет сұлтан бастаған билер жиналып, әңгіме дүкен құруда. Бәрі жарыса өте білімді, зиялы Жәңгір ханның халқына жасаған игі істеріне қошемет көрсетіп, жақсы сөздерін арнап айтуда. Ханның ең сүйікті әйелі Фатима ханым өз көмекшілерімен қонақтарға қошемет көрсетуде.

Баймағамбет сұлтан: Мәртебелі хан ием! Алдымен сән – салтанаты жарасқан, төбесі көк тіреген, осы дархан даладағы алғашқы ағаштан салынған Ордаңыз құтты болсын! Іші – сырты берекеге толы болсын!

    Жәңгір хан: Айтсын, айтсын.

   Шыман төре: Хан ием. Адамзатты адастырмас алтын шамшырақ алтын дінімізді құрметтеп Алланың үйін тұрғыздыңыз. Бұл мешіт осы ел халқының иманын ұйытып отыр. Аузынан бисмилласы түспеген халық едік. Мешіт салдырған ісіңіз сауапты болсын.

Жәңгір хан: Әумин, әумин.

Жанкісі жырау: Хан ием! Оқы — Оқы деп асыл дініміздің қасиетті кітабы Құран – Кәрімде айтылғандай жұртыңыздың көзін ашып, болашақ қаракөз ұрпақтың қамын ойлап, өз қаражатыңызға Ордада мектеп аштыңыз. О заман да бұ заман ел билеген хандар мектеп ашты дегенді естімеп ем. Құдай ісіңізді оңғарсын!

Жәңгір хан: Уа жұртым! Қазіргі заманда көкірегің ояу көзің ашық болса ғана өзге жұртқа кеудеңді бастырмассың.

       Осы арада Фатима ханым қоңақтарға қымыз құяды.

   Фатима Құдайы қонақсыздар, дәмнен ауыз тиіңіздер. Ас болсын. Хан ием, алыңыз.

  Шыман төре: Мәртебелі тақсыр!

Отыз тістің қадірін,

Қақсағанда білерсің.

Денсаулықтың қадірін,

Ауырғанда білерсің,- деген екен бабаларымыз. Халқымыздың қамын ойлап, шипалы ем алсын, дертіне дауа тапсын деп дәріхана ашып, сауапты іс тындырдыңыз. Ауыруын жасырған өледі демекші аурудың алдын алу үшін алдымен өз балаларыңызды ектіріп, дүйім жұртқа үлгі көрсеттіңіз. Адамның ең басты байлығы – денінің саулығы деген. Бұл игілікті ісіңізге Алла разы болсын.

Жәңгір хан: Әумин, Әумин. Тілегің періштенің құлағына шалынсын.

Баймағамбет сұлтан: Өзіңізбен көптен бас қоса алмай жүр едік. Бүгін Алла сәтін салып, ақ дастарханда әңгіме дүкен құрып, бір жасап қалдық. «Хан қарашасыз болмас» деген. Өзіңізге арқа сүйеген осынау қалың бұқараға шапағатыңызды тигізіп, аман – есен жүре бергейсіз. Жаратқан Ием әрқашан мәртебеңізді ұлық еткей!

 Жәңгір хан: Уа, қалың елім, қазағым қара орманым! Заман аунап барады, жатыңмен жақыныңдай сөйлессең ғана кеудеңді бастырмассың. Ол үшін тілін білгенің абзал.

Бәрі ас қайырады. Аллаху Акбар.

   Бәрі: Хан Ием бата беріңіз

                                Жәңгір хан бата береді

                                  Сахна жабылады

                                    

                                          2 – бөлім:   

  Автор: Бірде Жәңгір хан мен, Махамбет батыр кездесіп, сөзге келіп қалады.

    Жәңгір хан: Әй, Махамбет, талай жыл тең өсіп, дәмдес болып ең. Сыртымнан дөңайбат ғып, текеметімді тілгендей Әбілхайыр тұқымынан не жамандық көрдің? Бабаң бір аяқ қою шалапқа көз сүзіп, мойны ырғайдай, биті  торғайдай боп келгенде алдына мал, қойнына жар салып, ел қатарына кіргізген кім, Тайманның тұқымы ма, ханның тұқымы ма?

Махамбет: Жәңгір, өлгеннің жаманы жоқ, тірінің жаманнан аманы жоқ. Атаң Әбілхайыр қарауындағы елді алакөз дұшпанынан қызғыштай қорғаған ел үшін туған нар еді. Нардан айыр туды, айырдан қайырсыз туды. Аз қазақты алалады, халқын қалтыратты. Тайманға тіл тигізбе, киесі ұрады. Исатай қарадан туса да хан боп туды. Сен жылатқан елді ол жұбатса несі айып?

Махамбет: Жәңгір, басы бүтін жаулыққа көшкен жайым бар, тұрысатын жеріңді айт. Күні ертең ашынған елді қаптатып, Ордаңды шауып отын ғып кетсем, қапы қалдым деме.

Жәңгір хан: Махамбет, бір сауалым бар. Қалың қазаққа өзің хан болсаң не шапағат жасар ең? Қыбыр таптырмас қабағын бағар ма ең, бәтуасы жоқ сөзін бағар ма ең?

Махамбет: Өнер иісіне ерік беріп, батырымен бастас, данасымен достас болар ем. Басы үйірілсе, аяғы айналамнан шығып қайда барады?

Жәңгір: Қайт райыңнан, Махамбет. Еділ мен Жайықтың арасын қалмақ ауа көшкен соң иелікке сұрап алған кім? Әкең Өтеміс пе, Бөкей хан ба? Өзің су ішкен құдыққа түкірме. Шүйгінді жайлауын сүзіп, құт – береке құм – шағылын  кешіп жүргенің кімнің арқасы.Осы өңірге табаның тимесе кетер ең, Қырымның қырына, Хиуаның ойына. Енді боларың болып, кемеріңе толған соң кекірегің азайын депті. Есің болса ірге ажыратпа. Старшындық Исатай екеуіңе аз несібе емес. Бірің ойымнан, екіншің солымнан тіреуіш боп тұрсаңдар, өзгеге айбат емес пе? Өзіңді өзіңжаттай  сыйла, жат жанынан түңілсін. Кешегі сыналап келген көршілес бүгінде сүйемдеп ішке еніп барады. Төр менікі демесе болды…. Сені құртсам халықтың  наласына қаламын, мені шапсаң патшаның жазасын аларсың. Алдымыз өрт, артымыз жар, қайт, Махамбет, райыңнан қайт!

  Автор: Батыр иілмеді, хан қайтып сынбады. Бұл егестің соңы қалың бұқараның толқуына ұласты.

3 – бөлім.

   Автор: Жәңгір хан билерімен отырады.

  Шабарман: Уа хан ием! Ел шетіне жау келді. Ордаңызды Махамбет – Исатай бсатаған қисапсыз қарулы қол қоршап тұр.

Жәңгір хан: Не дейді! Не ақыл қосасыздар. Шыман төре! Тегіміз бір еді, мынау Исатай –Махамбетке не істеймін. Көмектес.

   Шыман төре: Қазақ қара қарға, шулайды да қалады, Ордадан кетпе, кетсең тағыңнан айырыласың. Одан да Исатайға адам салып, тарту – таралғы жібер. Он күн мұрсат сұра. Егер берсе, соны пайдаланып, Орынбордан шұғыл әскер шақырт. Осы айтқанымды істесең, Орда да, өзің де орныңда қаласың.

Жәңгір хан: Мынау дұрыс ақыл екен.  Балқы биді  елші қып жөнелтейік.

                                 Балқы би келеді

   Жәңгір хан: Бар бауырыңа, туысың ғой. Ештеңені аяма! Басына бақты үйсең, Исатай жібімес дейсің бе? Елдің ері болғанымен, екі аяқты, бір басты пенде ғой.

Балқы би Исатайға келеді .Исатайдың қарауылы екі жігіт найзасын ұстап тұра қалады.

   Балқы: Исатайға айтатын өтінішім бар, жіберіңдер!

Исатай батыр келеді

Исатай батыр: Не сауалмен келдің?

   Балқы: Жәңгір ханнан хат әкелдім

Исатай батыр: Ханның хаты мен оқуға лайық па? Әлде бізді желкемізден қиятын бидайық па? Оқып көрейін. Әкел бері.

Жарайды. бердім он күн мұрсатын.

 

                                            

 4 – бөлім

                Исатайдың қасына Махамбет келеді.

Махамбет: Исеке, жаңағы сіздің шешіміңізді естіп келдім. Ханға мұрсат берем деп кешірілмес қате жібердіңіз. Артына өкінесіз.

Хан баласы – жылан,

Жүрген жері – лаң,

Басын шап та,

Белін ез.

Бүгін оны шаппасаң,

Ертең өзің шабыласың.

Дүр көтеріліп, Орданы бүгін шабайық,

Бүгін шаппасаң, қазірден бастап тарайық.

Исатай батыр: Екі айтпаушы ем. Ханға 10 күн мұрсат бердім. Бір айтып қойғасын, сөзімді қайт қылмаймын. Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ. Жәңгір тілекті орындайды. Алдамайды. «Ер екі айтса, ез. Хан екі айтса, қатын». Мен оған уәде бердім. Қайтсем де сол уәдемде тұрамын, қайтпаймын, екі айтпаймын.

 

                                                    Көріністің  соңы.

 

Автор: Қадірменді көрермен !Бөкей Ордасындағы Иастай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған қалың бұқараның толқуы қалай аяқталғаны тарихтан белгілі .   Менің автор ретінде айтайын дегенім:  Жәңгір    хан бойында жақсысы мен мен жамандығы жарыса өріліп, атқарған ісіне орай осының екеуі де көрініс беріп отыратын күрделі тұлға. Жақсысын көріп асқақтатып аспанға шығармай, жаманын көріп жатқа санап, жарға итермей, адамгершілікпен биік парасатпен тарихи бағасын берер кез келді деп білеміз. Алайда Жәңгір ханның тарихта өзіндік орны бар екені ешқандай дау тудырмаса керек.

 

Ажгалиева Заря Хайруллаевна

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы,

М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі

тарих пәнінің мұғалімі

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.