Home » Мақалалар » Жұмылған жұдырықтай бірлік

Жұмылған жұдырықтай бірлік

Жұмылған жұдырықтай бірлігі мықты мектепте жүйелі білім, үлгілі тәртіп пен оқу болады. Сондай мектептердің бірі – Жаңаөзен қаласындағы №18 орта мектеп. Бұл мектепті бүгінгі таңда Дүйсенбаев Қожахмет Төлегенұлы басқарып отыр.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» — деп атап көрсетуі білім беру саласы қызметкерлерінің алдында тұрған міндеттердің жоғары екендігін көрсетеді. Осы аталған сөзді бағдаршам ретінде ұстанған мектеп ұжымы шәкірттерге білім мен тәрбие беруде үлгілі жұмыстардың көшбасшысы болып келе жатыр. Республикалық деңгейдегі түрлі іс-шараларда жеңіс тұғырынан көрініп отырған бұл мектеп соңғы екі жыл қатарынан (2016 жыл, 2017 жыл) Жаңаөзен қаласының әкімінің «Ең үздік мектеп» атты номинациясын жеңіп алды.

Мектептің ең басты мақсаттарын заман талабына сай нақты іске асыру жолдарының бірі – оқушылардың білім алуға деген қызығушылығы мен ынтасын арттыру. Осы жолда мектеп директоры Қ.Т. Дүйсенбаевтың басшылығы оң нәтижелерін беріп отыр. Әсіресе пән кабинеттерін жабдықтау, оқыту үрдісін ғылыми тұрғыдан ұйымдастыру, дербес әдістемелік-шығармашылық жұмысты ұйымдастыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. 2016-2017 оқу жылында қалалық пән кабинеттер сайысында ағылшын тілі кабинеті III орын жеңіп алды. Осы жылы мектеп бойынша оқушылардың он екі ғылыми жобасы дайындалып, Кіші ғылым академиясының облыстық конференциясынан бесеуі 5 орын, республикалық конференциясынан бесеуі 5 орын алды. Жұмамұратова Қарашаштың «Бөдене шаруашылығы және Маңғыстау аймағындағы бөдене шаруашылығын дамыту» жобасы республикалық ғылыми жобалар сайысында I орын (жетекшісі Бақытова Ақмаржан), Ақмурзаев Мейірбектің «Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» халықтық қаһармандық драмалық дастанындағы патриотизм сарыны» жобасы республикалық жобалар сайысында I орын (жетекшісі Бақытова Ақмаржан), Муратбаева Жансая мен Олжабаева Дариғаның «Мұнайдан бөлінетін зиянды қалдықтардың ел экологиясына әсері» (жетекшісі Байдәулетова Гулнар) I орын иеленді. Сондай-ақ «Зерде» шығармашылық ізденіс жобалар байқауының облыстық сайысында Сағынышқали Жансая III орын, Язмухаммедова Асемай қалалық сайысында IV орын иеленді. Өткен оқу жылында қалалық пәндік олимпиадада 32 оқушымыз жүлделі орынға ие болды. Ал республикалық пәндік олимпиадада Бақтығалиева Жарқынай күміс медаль жүлдегері атанды (жетекшісі – Айманов Бауыржан).

Сондай-ақ, оқушылар әртүрлі танымдық сайыстар мен байқаулардан да жеңімпаз болып отыр. Оңалдыкова Ділназ Қ.Күржіманұлының 175 жылдық мерекесіне арналған жыршы-термешілер облыстық сайысында II орын (жетекшсі Балжанова Моншақ) алды. «Алтын қазына» қолданбалы өнер бойынша облыстық көрме байқауында Есқуатов Рамазан III орын, «Менің Отаным – Қазақстан» облыстық слетінің «Туған өлке соқпақтары» өлкетану зерттеу жобасында Жұмамұратова Қарашаш (жетекшісі – Айманов Бауыржан) III орын, «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» облыстық ізденіс жобасында Жұмамұратова Қарашаш (жетекшісі Айманов Бауыржан) II орын, «Серікбол әлемі» облыстық ғылыми тәжірибелік конференциясында Дүйсенбай Ақтолқын (жетекшісі Айманов Бауыржан) I орын иеленді.

Үлгілі тәрбие мен сапалы білім берудің үлгісі болып жүрген ұстаздардың да жетістіктері мол. Былтырғы оқу жылында ағылшын тілі мұғалімі Айсабаева Ақтолқын Астана қаласында өткен Республикалық «Жаңа мектепке жаңашыл ұстаз» байқауында — III орын, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытова Ақмаржан «Ата жұртын аңсаған Т.Айбергенов» Халықаралық ғылыми конференциясында алғыс хат, Астана күніне арналған тоғызқұмалақ бойынша 18 жастан жоғары қыздар арасында Маңғыстау облысының жекелей біріншілігі ойындарының облыстық кезеңінде Мадрешова Күләш – I орын, «Ақ бидай» республикалық IV ауыл спорты ойындарының бағдарламасының облыстық кезеңінде ерлер арасында тоғызқұмалақ жарысында Авезов Мақсат III орын, облыстық «Үлгілі отбасы-2017» байқауында Шамов Марат III орын, республикалық «ЭКСПО-2017» конкурсында Чукаев Бекғали II орын иеленді.

Сөздің құны – сүбелі істе. Сүбелі ісіміздің бірі – ҰБТ сынағынан жақсы өтуіміз. 2016-2017 оқу жылында 102 түлек бітірді. 1 оқушы – Бақтығалиева Жарқынай – Алтын белгі иегері, 1 оқушы – Адықанова Үміт үздік аттестат иегері болды. Соның 88-і ҰБТ сынағын тапсырып, 44-і мемлекеттік грант иегерлері болды. ҰБТ сынағын 81,8 пайызбен тапсырған бұл оқушылар мемлекетіміздің түрлі қалаларында жоғары оқу орындарында оқиды. Осындай жемісті еңбек Төлеген Сындырбаев, Бауыржан Айманов, Салтанат Ходжахметова, Марат Айтханов, Алма Назарова, т.б. ұстаздардың еңбегінің арқасында болып отыр. Тегеурінді еңбек өз жемісін береді деген осы.

Тәртіп, талап, әділдік бар жерде шығармашылыққа кең жол ашылады. Білім саласында ізденімпаз ұстаз ғана аянбай еңбек етеді. Аянбай еңбек етіп, 2016-2017 оқу жылында толағай табыстармен көрінген Айманов Бауыржан, Смайлов Нұрлан, Бақытова Ақмаржанға сыйлық ретінде мектеп директоры «Сарыағаш» шипажайына тегін жолдама берді. Бұл мұғалімдер еңбегінің жемісін көріп, аталған шипажайда дем алып қайтты.

Үш қабатты зәулім мектеп үйі. Кіре беріс әдемі безендірілген. Мектеп жетістіктері оң қанат пен сол қанаттта жарқырап тұр. Әрбір кабинет таза. Мектепте 3300 оқушы болып, екі кезекте оқиды. Оларға 195 мұғалім сабақ береді. Жоғары санатты 13 мұғалім, бірінші санатты 36 мұғалім, екінші санатты 58 мұғалім бар. Қалғандары – жас мамандар. Осындай ұжым бүгінгі таңда ауызбіршілікпен еңбек етуде.

Білім берудің саласын жақсартуға барын салған, бірін-бірі қолдаған, бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін қызмет еткен тілектес, ниеттес ұстаздардан құралған ұжымның әлі алар асуы көп. Осындай жетістіктер мен табыстар жұмылған жұдырықтай бірліктің арқасында келіп отыр. Ұжымның абырой деңгейі осы ұжымның басқарушысының іскерлігінде, ұжым мүшелерінің ауызбірлігі мен жауапкершілігінде жатыр. Оқушыны қанаттандыра білген ұстаздары мол ұжымның әлі алар асуы көп. Сөз соңында ұйымшыл ұжымға алдағы уақытта келелі істер ұйытқысы болып, мол табыстарға жете беруіне тілек білдіремін.

Бақытова Ақмаржан Сексенқызы

№18 орта мектеп мұғалімі,

Жаңаөзен қаласы,

Маңғыстау облысы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.