«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Мұғалімдердің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау» кафедрасының аға оқытушысы Марал Әбілгерейқызы Сахарбаеваның жетекшілігімен Маңғыстау облысының бастауыш сынып мұғалімдері «Жаңартылған білім беру бағдарламасы» аясында өз білімімізді жетілдірдік. Қазақстан Республикасында білім жүйесіне енген орта білім мазмұнын жаңарту аясында ағымдағы жылдың оқу жылынан енген жаңартылған бағдарламаның мақсат-міндеттерінің қыр-сырын толық ұғына алмай жүрген бізге және біздің әріптестерімізге алты күндік курстан өтуіміз үлкен жетістіктерге жетуімізге жол ашты. Бұл біліктілікті арттыру курсының мақсаты – оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін, Қазақстанның ұлттық білім жүйесіне арналған орта білім беру бағдарламасымен және критериалды бағалау жүйесімен мұғалімдерді қаруландыру. Осы уақытқа дейін бұл мазмұнды толық түсінбеген бізге және біздің әріптестерімізге ҰМЖ, ОМЖ, ҚМЖ және критериалды бағалау, сабақта қолданатын ресурстар туралы толық мағлұмат, әдістемелік көмек алдық. Енді біздің ойымыз өзгерді. Біз жоғарыда аталған мақсатты жүзеге асыру үшін, толық игеру үшін өз тәжірибемізде бүгіннен бастап қолдануымыз керек. Әр мұғалім осы жаңартылған білім беру аясында жасалынған нормативтік құжаттар мен бағдарламалар және әдістемелік құралдарды өз сабағына қалай қолданып жатқаны жайлы тәжірибе алмасып жатырмыз.
Біз оқушының құзыреттілігін арттыру үшін білім сапасын күшейтуіміз керек. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру. Біз осы курс аясында қажетті, тиімді оқыту әдіс-тәсілдерін (бірлескен оқу, модельдеу), ұзақ мерзімді, орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспарлау, оқу мақсаттарын дұрыс пайдалануды, критерий құруды, бағалаудың тиімді стратегияларын үйрендік.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі. Оған оқу мақсаттарының жүйесін талқылау барысында көз жеткіздік. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалдық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты балдары бойынша өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Критериалды бағалау, кері байланыс тәсілі ХХІ ғасырдағы қарқынды дамып келе жатқан зияткерлік және техникалық ортада табысты болу үшін қажетті дағдыларды меңгертуге бағытталған. Олар оқушыларды сын тұрғысынан ойлау, бірлесіп жұмыс істеу, ақпаратты өңдеу, проблемаларды шешу сияқты анағұрлым жоғары деңгейдегі көптеген дағдыларды өз бетінше меңгеруге және зерделеуге дайындайды және ынталандырады. Осы дағдыларды жоғары дәрежеде меңгеру математика бойынша білім беру бағдарламасында мәселелерді шешу, жаратылыстану бойынша білім беру бағдарламасында бірлескен зерттеу және ғылыми зерттеу жүргізу дағдыларына баса назар аударса, дүниетану пәні аясында ойлау дағдыларын дамытуды көздейді.
Осы аталған жаңашылдықтарға жаршы болып отырған «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының әкімшілігіне және оқытушымыз Сахарбаева Марал Әбілгерейқызына алғысымыз шексіз.
Қорыта айтқанда, бағдарламаның мәні – баланың функционалды сауаттылығын дамыту. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттеліп отыр. Оқушылардың бойына қажетті дағдыларды дарыту үшін мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер елімізде көбейе берсін!
Жұмакүл АМАНБЕКОВА,
Жаңаөзен қаласы,
№19 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі.