Оралда мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығына арналған «Жұлдызай» республикалық фестивалімен басталған іс-шара облыстық спартакиадамен жалғасты.
Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті. Қаладағы Оқушылар сарайында өткен спартакиаданың ашылу салтанатына «Жұлдызай» корпоративті қоры директорының орынбасары Алмагүл Сәлімбаева қатысып, ерекше білім мен тәрбиені қажет ететін ұландарға сәттілік тіледі. Алмагүл Аманжолқызының айтуынша, «Жұлдызай» шығармашылық фестивалі тұңғыш рет 76 қатысушымен өтсе, өткен жылы олардың саны 8 мыңға жетіпті. Ал биыл қатысушылардың саны одан да асып түскенін жеткізді.
Бір күн бұрын өткен шығармашылық фестиваль алты бағыт бойынша өтсе, спартакиада жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу, асық ату, бес тас сынды спорт түрлерін қамтыды. Екі күн қатарынан барлығы 250-ден астам бала «Жұлдызай» фестивалінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Соның ішінде спартакиаданың облыстық кезеңіне аудандар мен облыс орталығынан 102 жеткіншек қатысты. Жеңімпаздар биылғы 1 маусымда Астана қаласында өтетін республикалық «Жұлдызай – 2018» спартакиадасына жолданады деп күтілуде.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал