Жуырда «Жұлдыз» бөбекжай-балабақшасында «Балалық шақтың бесігі» деген атпен балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналарына арнап ашық есік күні болып өтті.
Бұл ашық есік күнін ұйымдастырудағы мақсаты ата-аналарға балабақшаның тыныс-тіршілігін, бүлдіршіндердің іс-әрекетін және бала денсаулығын нығайтудың үйлесімді даму жағдайын көрсету.
Таңертеңнен бастап ата-аналар ағыла келіп, балабақшаның күн тәртібімен танысып, баланың бір күндігін бақылау үшін топтарға бет алды.
Қонақтар балабақша меңгерушісі С.Далдекеева жылы лебізбен қарсы алып, ата-аналармен пікірлесіп, балалар үшін барлық жағдай жасалғанын айтып өтсе, ал әдіскер Ж.Айтбай мектеп жасына дейінгі балалар үшін арнайы білім салалары бойынша оқу қызметтерінің жүргізіліп отыратындығы жайлы баяндады.
Әрбір ата-ана топтағы сабақ кестесі бойынша ұйымдастырылған оқу қызметтеріне қатысып, балаларының іс-әрекетін бақылап, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына сай алып жатқан білімдерін көріп, педагог-тәрбиешінің жыл бойы атқарған жұмыстарына баға берді.
Сонымен қатар күн тәртібін бақылап ас мәзіріне де көңіл аударып таңғы, түскі, бесін астарының дәмін тартып, өз пікірлерін білдіріп жатты.
Тәрбиеленушілердің тамақтану режимі бойынша балабақша дәмбикесі Г.Көлбаева ата-аналарға әр астың жас ерекшелігіне сай мөлшерін және тағамдардың құнарлығы мен маңыздылығы жайлы айтып өтіп, ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Күннің екінші жартысында ашық есік күніне орай отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақстаныда балабақшаның саз жетекшісі С.Иманходжаеваның ұйымдастыруымен «Өнерлі отбасы» сайысы болып өтті. Сайысқа бес отбасы қатысып, өз өнерлерін, тапқырлықтарымен, ән айтып би билеп келген қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.Отбасылық сайысқа қатысқан ата-аналар жүлделі орындарға ие болып, сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Іс-шара соңында бүгінгі ашық есік күніне келген ата-аналар балабақша балалар үшін атқарып жатқан жұмыстарына көңілдерінің толатындығын айтып, ризашылығын білдірді.
Жүніс Бибіәсия,
«Жұлдыз» бөбекжай – балабақшасының тәрбиешісі