Қолын жай ғана сыбанып жіберіп, баппен микрофонды алды да, менің екі тобым бар деп сөзін бастады. Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасына қарасты №39 «Меруерт» балабақшасының меңгерушісі Ляззат Мейрамқызы. – Сіздер білесіздер осы балабақшада 11 бүлдіршіндер тобы бар. Ал, менде қосымша екі топ бар деп есептеймін. Кіші топ ол өзімнің тәрбиешілерім. Өйткені, ол кісілерге үнемі жол көрсетіп, бағыт — бағдар беріп, әр межеге барар жолды нақтылап айқындап беріп отыру керек. Ата-аналарым үлкен топ. Ол кісілер ерікті ғой (күлді), көп нәрселерде кеңес сұрай бермейді. Мақсат ортақ болғандықтан кейде ақылдасып, көпшілік болып кеңесіп нәтижеге жететін тұстар болып жатады. Сондықтан кіші топпен көп жұмыс жасауға тура келеді, әр түрлі іс — шаралар өткізіп, пайдалы тәжірибе алаңдарын жасақтап, керекті мотивациялар беріп отыру басты мақсатым. Шындап келгенде сендер менің қанатымсыңдар әрі кеңесшілерім боласыңдар. Сендерсіз мен ешкім болмас едім дейді тәрбиешілеріне балабақша жетекшісі (күлімсіреді). Бұл әңгіме «Үш тілді меңгеру – жарқын болашақтың кепілі» атты тақырыбындағы кластерлік семинар қортындысында айтылған болатын.
Сонымен семинар қалай өтті? Енді соған тоқталайық. Келген қонақтардың бір бірімен жақын араласып, пікір алмасып, ойларын ашық айтуына мүмкіншілік беретін «Кел танысайық» педагог — психолог Шынар Ашанованың сергіту кеңесінен басталды. Келесі кезекте өте тартымды, балалар тұрмақ үлкендерді өзіне баурап алатын (ЖШС жарнама болмасын) әдіскер Юлия Александровнаның әдістемелік тәсілдері көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Өйткені, қарапайым нәскиді де тәрбие құралына айналдыруға болатынын көрсетті. Көпшілік жүздеріне еріксіз күлкі үйірілгенін жасырмады. Өзі жас, жас болсада білім саласына өз екпіні мен білімін сіңіруге бар ынта — жігерін салып жүргені Айдана Ералықызының сөзі мен жасап жүрген ісін байқамау мүмкін емес екен. «Мерует» балабақшасындағы ағылшын тілінің мұғалімі Маржан Тыныштыққызы бір кездерде дәріс берген көрінеді. Бүгінде әріптес болып, тығыз байланыста екенін жасырмады.
Қонақтардың таныстырылымы мен іс тәжірбиелерін толық қызықтап, керек жерлерін қойын дәптерлеріне түртіп қойған үй иелері енді өздерінің де өнерлерін көрсетті. Орыс тілінің мұғалімі Ляззат Алдабергенқызы мен ағылшын тілінің мұғалімі Маржан Тыныштыққызы бірлесіп «Мектепке дейінгі балаларды үш тілді оқытуда инновациялық әдіс – тәсілдерді қолдынуды» көрсетті. Тағы бір сергіту кезегін өткіздік. (Ішінде мен де жүрмін).
Келесі кезекте бізді «Лерчик» кілемшесі тосты. Бұл В.Воскобович технологияларының элементтерін оқу қызметтерінде қолдану құралы. Кілемшеде алуан түрлі жұмыстар жасауға болатынын орыс тілінің мұғалімі Ляззат Краснай мен балабақша тәрбиешісі Нұргүл Какимқызы қатысушыларды ойын тәжірибе жасата отырып барлық қонақтарды шараға тартты.
Ойыншық машиналарды қолға алып, тізерлеп отырып алып ойынға кірістік.
Бұл тұста қазақ тілінің мұғалімі Назерке Козыевнаның іс тәжірибесін бақыладық. Жүк көлігін жөңкіткен тәрбиешілер кез келген ғимаратқа тез жетіп, қайта оралуды меңгерді. Жұмылған жұдырықтай болған тәрбиешілердің жұмыстарына тәнті болдым. Жасалып жатқан жұмыстардың жемісін бермеске басқа амалдың жоғы да көрініп тұр. Қоштасу сәтінде педагог-психолог Шынар Ашанованың тағы бір сергіту алаңы болды. Ол жерде ұстаздар қатар — қатар тұрып қазақтың шаңырағын өрнектеді. Бұл да бірліктің ишарасы болар. Көптілді білім беруді жүзеге асыру бағытында тәрбие – білім беру әрекетін ұйымдастыру мен орындау үшін педагогтың әдістемелік дайындығын арттыру бағытында балабақша меңгерушісі Ляззат Мейрамқызы мен балабақша әдіскері Амангүл Еркебайқызының еңбегі деп білдім.
Қуантай Амантайұлы
Нұр-Сұлтан қаласы
BILIM AINASY