Өнегенің, әділеттің, адамгершіліктің халық үшін күресудің үлгісі болған ұлы Абай өлеңдері әр қазақтың баласына жат емес. Олай болса қазақ сахарасындай алып ұлы талант иесі, әлем әдебиетінің жарық жұлдызы Абай өлеңдерін насихаттау да үлкен жауапкершілік. Әсіресе, Абай шығармаларымен танысып, өлеңдерін жатқа оқып, қара сөздерін нақышына келтіре жеткізіп, құлақ құрышын қандырар әсем әндерін орындай білетін жас жеткіншектерді бәсекеге шақыру тағылым тәрбиенің көзі.
Сол себепті де Республикалық «Білім айнасы» газетімен bilimainasi.КZ сайты 5-15 ақпан аралығында республикалық Абай оқуларының қалалық байқауын ұйымдастырды.
Абай шығармаларының бейнеклип жүйесін мектеп бағдарламаларына сәйкес әдістемелік құрал ретінде қалыптастыру, ой ұшқырлығын, тіл тереңдігін поэзиямен өлшеу, Абай шығармаларын меңгеру арқылы өмірде өз қажетіне сай оқып-үйрену жан-жақты талдай білуді мақсат еткен байқауға қатысуға талап білдірген оқушыларымыз көп болды. Онлайн жүйесі үлгісінде жіберілген бейнебаянды сараптау арқылы байқау жеңімпаздары анықталды.
Қатысушылардың жұмысы жас ерекшелігіне қарай 4 буынға бөлініп қаралды. Бастауыш 1-4, 5-8, 9-11 жоғары сынып шәкірттері, колледж студенттері, сондай-ақ ұстаздар өз өнерлерін сынға салды. Бейнебаян мүмкіндігінше әр қатысушының шеберлігіне, тапқырлығына, ой түйіндеуіне орай бағаланды. Абай өлеңін, қарасөзін, шет тілдеріне аударылған туындыларын көркемдеп оқу, Абай шығармаларын бейнелеу әлемінде көркемдеу шартына сәйкес Абайдың бір туындысы ғана қабылданды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау үшін тіл әдебиеті, сахна мәдениеті, режиссерлік қойылым маманы педагогика саласының өкілінен арнайы әділқазылар алқасы жасақталды.
Көркем мәтінді таңдау және оқу шеберлігі, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтауы, бейнебаянның көркемдік шеберлігі, қатысушының мәдениеті мен киім үлгісі, шет тіліне аударылған туындыны аша білуі сынды критерийлер шешім шығару барысында басшылыққа алынды.
« Астана» университетінің доценті, Педагогика ғылымдарының кандидаты, көптеген оқу-әдістемелік еңбегінің авторы Алима Қисымқызы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, көптеген әндердің және жыр жинақтарының авторы Абай оқуларының тұрақты алқа мүшесі Ерқожа Тілепбердиев, «Білім айнасы» газеті bilimainasi.КZ сайтының негізін қалаушы «Шашу» жобасының авторы Қуантай Амантайұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Республикалық «Үздік ақын» номинациясының иегері, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы жеңімпаздарды анықтады.
Жеңімпаздарды марапаттау Астана қалалық №56 мектеп-гимназиясында өтті. Байқау қорытындысына сай 1-4 сыныптар арасында бас жүлдені №74 орта мектептің 2 «в» сынып оқушысы Лейла Ерматова, І орынды №70 орта мектептің 1 «ғ» сынып оқушысы Інжу Айымдосова, ІІ орынды №44 орта мектептің 3 «ә» сынып оқушысы Инабат Ерқанат пен №74 орта мектептің шәкірті Мариям Уранаева, жүлделі ІІІ орынды №44 мектептен Аяулым Ахмедиева, №71 орта мектептен Меруерт Ешнияз, №70 орта мектептен Ғалым Аңсар иеленді. №71 орта мектептің шәкірті Совет Камшат «Абайтану» бөлімінің редакторы А.Мұхаметқалиқызының, №74 мектептен Жансұлу Абдулмалиф «Білім айнасы» газетінің бас редакторы Қ.Қатшабаевтың арнайы марапатына ие болды. 5-8 сыныптар арасында №56 орта мектептің 8 сынып оқушысы Ботагөз Сейдолла бас жүлдені, №72 мектептің 5 сынып шәкірті Думан Қыдырбаев І орынды, №14 мектептің 6 сынып оқушысы Жайнар Жанатбек, №48 мектептің 8 сынып оқушысы Мадина Смагулова жүлделі ІІ орынға, №80 орта мектептің 5 сынып оқушысы Наргиз Ерназар, №14 мектептің 7 сынып оқушысы Нұрдаулет Ахметжанов ІІІ орынды иеленді. Жоғары сыныптар арасында өкен бәсекеде №77 орта мектептің 11 сынып оқушысы Майра Ділдахан топ жарса, №14 орта мектептің 9 сынып оқушысы Бақыт Закария І орынды, №77 орта мектептен Ақерке Махаш, № 67 орта мектептен Индира Нұрпейісова жүлделі ІІ орынды, №30 орта мектептен Даяна Капизова, №82 орта мектептің 9 сынып оқушысы Әлия Амреева, №16 орта мектептің қос шәкірті жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Шәкірттерімен бірге Абай өлеңдерін үздік жеткізе білген №31 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абадилов Нұрбек Қабыкенович, №71 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байғани Жайна марапатқа ие болды.
№ 66 орта мектептің шәкірті Қайырбекова Айгерім «Абай бейнелеу әлемінде» аталымын, Абай әнін нақышына келтіре орындаған № 63 орта мектептің 11 «б» сынып оқушысы Цой Софья « Құлақтан кіріп бойды алар…» аталымын иеленді. «Әлемнің Абайы» номинациясы бойынша Абай өлеңін ағылшын тілінде еркін жеткізе білген № 77 мектептің 8 «а» сынып Адия Омарқызы бас жүлдені, № 48 мектептің 8 «а» сынып оқушысы Мөлдір Иманғалиева жүлделі І орынды, №38 мекептің 4 «ә» сынып оқушысы Әділжан Қайырбай ІІ орынды, №84 мектептің 5 «г» сынып оқушысы Ни Даниель жүлделі ІІІ орынға ие болды.
№31мектеп 10 сынып оқушысы Пащенко Илья, №71мектептің 4 сынып оқушысы Лина Булашова, №16 мектеп 2 «к» сынып оқушысы Заболотских Алексей, № 71 мектептің 4 сынып шәкірті Софья Степанова, №18 мектептің 7 «б» сынып оқушысы Фатима Лолохаева аталмыш аталымның иегерлері атанды. Оған қоса бір білім ошағынан оннан астам байқау қатысушыларын дайындаған ұстаздар мен мектеп ұжымына «Алғыс хат» тапсырылды.
Ә.Ғалымбекқызы,
Астана қаласы