Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерілген. Сонымен қатар, Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліскен еді.
Рухани жаңғыру дегеніміз – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу. Сондықтан рухани жаңғыру үдерісін дер кезінде қабылданған оң шешім деп танимыз. Осы рухани жаңғырудың жүзеге асыруда ел еңсесін көтерген жобаның бірі – қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім — қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы.
«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі» демекші, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген ақыл-ойы кемел тұлға болуы үшін, біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Осы жобада бабалар ұлағатымен астасып жатқан зерделі ойы мен парасатты пайымдылықты білдіреді: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Елімізде он мыңдаған жастар әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытылып, дайындалды. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталған еді. Енді міне, өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері мен мәні мынада:
— бұл алдымен қазақ тіліндегі білім алуды биікке көтереді және мемлекеттік тіліміздің берік нығаюына негіз жасайды;
— жоғары оқу орындарында қысқартылған қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы және т.б. гуманитарлық кафедралар енді қайта құрылып, білімдіге кең өріс ашыла беретін болады;
— алдағы жылдарда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар, 2018-2019 оқу жылының өзінде оқушыларды, білімгерлерді осы оқулықтармен оқыту жүзеге аспақ.
Жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті боламыз десек, әлемдік деңгейдегі ең озық оқулықтардан, ғылыми әдебиеттерден білім алған абзал. Біз әлі күнге дейін көбінесе орыс тіліндегі шетелдік әдебиеттерді қолданамыз. Бұл қазақ тілінің ғылым тіліне айналуын тежейді, орыс тіліне деген тәуелділікті арттырады. Егер қазақ тілін дамытамыз, білім мен ғылым тіліне айналдырамыз десек шет тілдеріндегі оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпаратты түпнұсқадан ала білуіміз қажет. Шынайы рухани жаңғыру сол кезде жүзеге асады.
Келелі істің ілгері басуына елімізге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, сарапшылар да тиісінше үлес қосуда. Әрине, қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі 100 жаңа оқулықты қазақ тілінде сөйлету – игі іс, сапалы аударылған оқулықтарға қазақ қоғамы сусап отырғаны да рас. Елімізде жарық көрген қазақ тіліндегі оқулықтардың көбіне халық наразы, сапасы да көңіл көншітпейтіні де жасырын емес. Сондықтан дүниежүзі халықтарының интеграциясы күшейген қазіргі заманда әлемнің беделді оқу орындарының руханият саласындағы таңдаулы оқулықтарын қазақша сөйлету, қазақша оқыту – өте игілікті қадам. Рухани қазынамызға пайдасы зор кітаптар өскелең ұрпақтың білімін толықтыратыны сөзсіз. Ең бастысы, жаңа оқулықтар қазақ ұғымына, қазақ менталитетіне, қазақы ұғымымызға сай болуы тиіс. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықтың 18-і аударылып бітіп, редакторлар қолынан өтіп, беттеле бастағаны жөніндегі жаңалық та осының жаршысы емес пе?!
Еліміздегі тіл мамандарына гуманитарлық бағыттағы 100 оқулық Қазақстанда аудармашылар мен редакторлар мектебін нығайтып, осы салаға жаңаша серпін әкелді. Бұған қоса аударма процесін жеңілдететін бағдарлама мәселесі де күн тәртібіне шығарылған еді. Мысалы, Ұлттық аударма бюросы қолданысқа енгізіп отырған SmartCAT бағдарламасы аударманы жылдамдатып, оның сапасын арттыруға көмектеседі екен. Аталған бағдарламаның ерекшелігі сол, аудармашының жазған мәтінін де, оның үстінен түзеткен редактордың да түзетулерін есіне сақтап, әрі қарай мәтінде кездескен кезде сол сөздерді автоматты түрде өзі қойып отырады екен. Сондай-ақ, SmartCAT арқылы аудармашылар мен редакторлардың жұмысын қадағалап отыруға да мүмкіндігі бар екен. Енді «100 оқулық» жобасына қатысушы аудармашы мен редактордың әр қимылы мен әрекеті «бір терезе» бойынша бақыланып, мәтінді біреуге аудартып, редакциялатып алу қаупі де мүлде жойылмақ. Әлбетте, мұндай қадам жаңа оқулықтардың сапалы аударылуына деген жанашырлықтан туғаны анық. Сонымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылып жатқан оқулықтар – латын әліпбиімен басылып шығатын алғашқы басылымдар болмақ. Жаңа кітаптар жаңа төл әліпбиіміздің Елбасы қол қойған нұсқасы бекітілісімен баспаға жіберілетіні жөніндегі жаңалық елді қуантуда.
Өйткені қарапайым халықтың өмір сапасына әсер ететіні
анық және оны іске асыру үшін әрбір адамның өмір сапасын белгілі бір деңгейге көтерілуі қажет. Алайдабұл жоспар өздігімен болмайтынын ескерсек, билік қана емес әрбір азаматтың сол бағытқа қарай өзгеруі талап етіледі.Сондықтанда Елбасының бағдарламалық мақаласындағы сананы жаңғырту бағытында жүктелген міндеттер мемлекеттік аппараттың ғана емес, қоғамдағы әрбір азаматтың жауапкершілігін де айқындап отыр. Ең әуелі, әр адам өзінің білімі мен біліктілігіне, мәдениеті,жеке тұлғалық қасиеттеріне, өмірлік дағдыларына мән беру қажет.
Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді.
Президентіміз Н.Назарбаевтың талай ұрпақтың жасампаз еңбегімен, қуаныш-қайғысымен сараланған, бүгінгісімен дәйектелген, жарқын болашаққа деген сеніммен суарылған рухани дүние ретінде ұсынған ұлттық идеясы шын мәнінде тәуелсіз елдің еңсесін тіктеп, терезесін әлемдегі озық елдермен тең етуге бастайтын стратегиялық маңызы бар тұғырнама екені сөзсіз. Ол бүгінгі таңда Қазақстанның алдында тұрған әлемнің барынша дамыған 30- елдер қатарына кіру мақсатына жету үшін қазақстандық әрбір азамат бәсекеге қабілеттілік, прагматизм секілді қасиеттерге ие болуы тиіс, сонымен қатар, өзінің ұлттық бірегейлігін сақтай отырып, батыстық өркениеттің тек жағымды жақтарын ғана сіңіруі қажет екендігіне назар аудартты.
Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу – Елбасының асыл арманы. Ендеше, мемлекет басшысының жастарға соны серпін, тың бастама ұсынуы келешекке қамданудың әрекеті деп түсінеміз.
Аманова Гүлхан Сабырханқызы,
«Өрлеу» БАҰО Жамбыл облысы бойынша
филиалы ПҚБАИ ИТжҒЖ(Г)ПО кафедрасының
аға оқытушысы