Спорттың барлық түрі денсаулыққа пайдалы, соның ішінде суда жүзудің орны бөлек. Бұл спорт саласына келуіме мектеп жасымда денсаулығымның сыр бере бастағаны себеп болды. Көкшетау қаласындағы Бурабай спорт кешеніндегі жүзу секциясында МСМК Дубитская Екатерина Владимировна тобында жаттықтым. Ол кісі спорттық жүзудің әдіс-тәсілдерін үйретіп, мені спортқа бейімдеді. Суда жүзу кезінде қол, аяқ, жалпы организмдегі барлық мүшелер жұмыс істеу арқылы бұлшық еттер күш жинайды.
Суда жүзу омыртқа ауруларының алдын алады, бүгінгі күндері мектеп оқушыларында көбейіп кеткен остеохондроз ауруының алдын алып, дене бітімін қалыпқа келтіреді. Жүрек қан тамырларының жүйесі жүзу кезінде реттеліп отырады. Суда жүзу үшін дұрыс тыныс ала білу өте маңызды. Сондықтан тыныс алу мүшелері де жақсы жұмыс атқарады. Суға түскен адамның ағзасы шынығып, иммунитеті де жақсарады. Көп қозғалыспен энергия жұмсалатындықтан, артық салмақтан арылуға да көмектеседі. Жүзудің стресс кезінде көмегі зор. Ол жүке жүйесін тыныштандырады.
Жүзудің денсаулығына осынша пайдалы екенін білгеннен бері кәсіби түрде жүзумен айналыса бастадым. Түрлі жарыстарға қатысып, өз мүмкіндіктерімді байқадым. Бүгінгі күні Қазақ спорт және туризм академиясының студентімін. Айтпағым, балаларды кішкентайынан балабақша мен мектеп қабырғасынан спортқа баулып, адам ағзасына тигізетін пайдасын балаларға түсіндіріп отырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Мүмкін бүгінгі оқушы ертеңгі олимпиада чемпионы шығар.
Дуйсенова Арайлым Болатовна
Қазақ спорт және туризм академиясының
2 курс студенті
Жузу бөлімі