Home » Білім және өнер » Жырға құмар жастардың байқауы

Жырға құмар жастардың байқауы

Сәуірдің 10-ы күні Орал қаласында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауының қалалық кезеңі өтті.
Көркемсөз сайысын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Жастар мәдениет үйі ұжымы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, талантты жастарды қолдау. Екі кезеңнен құралған байқауда үміткерлер алдымен қазақтың белгілі қаламгерлерінің прозалық шығармаларынан үзінді оқыды. Ал келесі кезеңде Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай ақынның поэзиялық шығармаларына кезек берді. Жырға құмар жастардың оқу шеберліктерін қазылар алқасы сараптады.
Нәтижесінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Ернұр Кінәма 1-орынды жеңіп алды. Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің шәкірті Айбек Боранбаев пен М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Ғабиден Ғабитов 2-орынды иеленсе, осы университеттің студенті Дәулет Қуанышбайұлы мен Эстрада мектебінің оқушысы Аружан Елемес 3-орынға қол жеткізді. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының актеры, қазылар алқасының мүшесі Салауат Түменов мұндай байқаулардың берері мол екенін жасырмады. – Қоғамның кітапқа, әдебиетке деген қызығушылығы азайып барады деп алаңдаймыз. Бірақ бұл сайыс соңымыздан ерген жас буынның Абай, Мағжан сынды ірі ақын-жазушыларымызды ұлықтайтынын дәлелдеді. Осындай білімді жастардың бар екені қуантады. Мұндай іс-шаралардың көбірек ұйымдастырылғаны дұрыс, – деді Салауат Аюпұлы.
Байқау шарты бойынша жүлделі І және ІІ орын алған жеңімпаздар сайыстың облыстық кезеңінде бақтарын сынайды деп күтілуде.

 

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.