Home » Мақалалар » Жырға айналған Ақжайық

Жырға айналған Ақжайық

Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық,

Тептер үшін тебістік,

Теңдікті, малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік!

       Махамбет

— деген ақынның үнінде егескен елдің, жандасқан жұрттың, қырылған қазақтың көз-жасы, бар қаракеті көрініс тапқан. Ел мен жер тағдыры үшін басын бәйгеге тіккен алаш ұлдарының асыл арманы, теңдік үшін күрескен іс-әрекеті, болашақ үшін ғасырлар бойына алысқан айқасының лебі сезіліп тұр. Бұған түрткі болған ең басты себеп – орыс отаршылдығы. Жайық бойындағы жандасулар, Ертіс бойындағы егесулер жат жұрттықтардың пайдасына шешіліп, қазақ өзінің қасиетті де құнарлы жер-суынан қаралай айрыла бастаған мезетте, әлбетте, түйсік-танымы терең ақындарға тіл бітпей тұрмады.

Ақын өлеңдерінде жиі кездесетін жер-су атауларының, әсіресе Еділ мен Жайықтың тек географиялық ұғым ретінде ғана емес, ел қонысы, халық мекені, болашақ тіршілік кепілі ретінде алынғанын анық аңғарамыз.

Дәстүрлі қазақ поэзиясында Туған жер, Отан, Атамекен идеясын білдіру үшін «қос өзен» ұғымының кеңінен қолданылғанын білеміз.

Ия, шынында өршіл ақынның отты, рухты өлеңдерінде кездесетін жер-су атауларының, туған өлке атырабының аталуынан біз оның туған жерге деген махаббатын, Отан сүйгіштігін, атамекен, құт қонысы «қос өзен» үшін жанын пида етуге даяр екендігін көреміз. Махамбеттің:

«Айналайын, Ақ Жайық!

Aт салмай өтер күн қайда?» — деуі,

немесе:

«Еділді көріп емсеген,

Жайықты көріп жемсеген,

Таудағы тарлан біз едік», -деп елінің, жерінің тәуелсіздігін аңсайтыны, жыр толғайтыны сондықтан.

Еділ-Жайық бойына ел қондырып, жағасына мал толтырсам деген ақын сөзінен оның қай кезде де жеке бастың қамын емес, ел мұңын, жоғын түгендеуге жанын салғандығын аңғарамыз.

Ақын ұғымындағы Еділ-Жайық – қос өзен – ен жеріміздің, кең байтақ даламыздың, елдіктің символы, атамекен, туған жер ұғымымен теңесіп, Отан сөзінен кем соқпайды. Сол өлкеге теңдік әперсем, бостандық әперсем деген ақын арманын ұққандаймыз. Ежелгі дұшпанды жеңіп, өз алдына дербес, тәуелсіз, баянды өмір сүруді ойлап, халқын жігерлендіреді.

Басына төнген қауіп-қатерге қарамастан қалың халықтың амандығын, бостандығын ойлау – жаратылысы бөлек жанның, жүрек жұтқан батырлықтың белгісі. Заманы жүктеген ауыртпалықты мойымай көтеріп, ел үмітін ақтаған Махамбеттердің бүгінгі ұрпақ алдында ары таза, айтқаны ақиқат.

Қалың елі үшін ханның – қорған, ерлердің – қалқан болғанын біліп өскен ұлан ұлтына қамқор болып ер жететінін, отансүйгіштік рухта тәрбиеленетінін ұмытпағанымыз жөн.

Еділ мен Жайықты емірене жырлаған Махамбеттің шығармаларындағы еліне, жеріне деген сүйіспеншілік, ұлт азаттық идеясы Асанқайғы, Ақтамберді жырау, Шортанбай ақынның да жыр-толғауларымен үндесіп жатыр.

Еділ әнге арқау болса, Жайық та қосарласа жүріп, бұл күнде Еділ-Жайық қазақ үшін бір тіркеске айналып кеткендей. Еуропадағы ең үлкен өзен болып табылатын Еділ мен Ресей, Қазақстан жерлерінде шалқып жатқан Жайық жайында ертегі, эпостық жырлар халық арасына кең тараған.

Жыршы-жыраулар да, ақын-сазгерлер де көңілдегі көрікті ойдың өңін қашырып алмау үшін осы бір ғаламат екі өзенді төңіректеген.  Атырау өлкесіне келіп, оның басты байлығының бірі Жайығының жағасына бара қалсаң, ішкі мұңыңмен бөлісіп, сағыныш сезіміңді, сырыңды ақтарып, керемет бір күйге түсесің, табиғат пен адамның арасындағы тылсым күш жүрегінде жылуы бар кез келген жанға шабыт беріп, жан рахатына бөлейді.

Арманым саған ауған,

Самал соқса жағалаудан,

Жүректе тербетілген

Ақжайығым —

Ақ еркем, аңсаған ән өлкем!

деп, мәтіні ақын Төлеген Айбергеновтың сөзіне жазылған, «ән патшасы» атанған Шәмші Қалдаяқов осы өзенге, өлкеге деген махаббатын «Ақерке — Ақжайық» деп әндетті.

Осы бір керемет сәт сазгер Илья Жақановтың «Бір әннің тарихы» тақырыбындағы эссе-элегиясында тамаша баяндалған:

«Өлеңді сол толқыған күйі қайта бастай бергенде, Шәмші де әндете қосылды. Осы шалқу бізге әннің бет-бейнесін анық танытқандай болды. Ән де, сөз де бір-біріне бап келген көркем дүние боп шыққан екен деп сүйсіне құптадық.

Әнді жұрт алдына шығаруға асықтық. Шәмші әзілқой да жан екен, жұрттың көзін ала бере маған елжірей қиылып: «Вальсіңіз дайын. Ал…» деп сөзін сұраулы леппен білдіреді. Іштей күлем де қоям. Шәмші де мәз. Мен де мәзбін. Әннің дақпыртын естіп, біраз жұрт құлақтанып та қалды. Әнді тездете әзір­леуіміз керек. Ал, ол үшін бізге кім көмек­теседі? Шәмші бір сөзінде: «Осында әнге аккомпонемент жасайтын музыкант бар ма?» – деп еді. Осы сауалы көкейімде жүретін-ді.

Бір күні қонақтарды өзім бастап, Балықшы жағына бара жатып, бір жұпыны үйде музыка училищесі бар еді, соған соқтық. Мұнда Шәмшіні директор Сейілхан Хұсайы­новпен таныстырдым. Сейілхан кішіпейіл, ілтипатты жан, Шәмшімен шүйіркелесе сөйлесіп, өздерінде қызмет ететін педагог-композитор Роальд Тапчевскийді шақырып алды. Оған мән-жайды түсіндірді. Шәмші мен Тапчевский әнді әуендете күбірлесіп, қолма-қол нотаға түсірді. Тапчевский әннің аккомпонементін жасайтын болды. Осы училищеде орыс тілінен дәріс беретін Өтеген Олжабаев деген әнші жігіт бар. Даусы сондай әуезді, таза, жарқын еді, оның үнін тыңдадық та, оған да бірден келістік. Ертеңінде әннің нотасын белгілі домбырашы, әрі дирижер Боздақ Ырзахановқа беріп, Дина атындағы ұлт аспаптар оркестріне түсіруді тапсырдық».

Ақжайыққа арналған осындай баға жетпес құнды шығармалар қатары Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған халық әні «Ақжайық», Илья Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнімен байып, әлі де болашақта көркем туындылармен толығары сөзсіз. Себебі халықтың туған жеріне, өлкесіне, оның табиғатына деген махаббаты мәңгілік.

Дегенмен, бүгінгі күннің маңызды мәселесі болған халық шаруашылығында және әлеуметтік салада ерекше маңызы бар ірі табиғи нысан – Жайық өзенінің құрып кету қаупі бар екенін сезінудеміз.

Бұл тек Жайық бойын жайлаған жұртшылықты ғана емес, үкіметтік емес ұйымдарды, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарын және жергілікті маслихат депутаттарын, кейбір Парламент депутаттарын да көптен бері толғандырып келетіні даусыз. Бірқатар жақсы бастамалар қолға алынып, игі шаралар жасалап жатқанын да білеміз. Атырау өлкесінің басты байлығының біріне, жеріміздің, еліміздің тынысына айналған Жайық өзені өз арнасына кемелденіп, толығып, балығы тайдай тулап жататын кезеңі келер, жағасы жағалай жасыл желекпен жайқалар деген үміттің елін, жерін сүйген әрқайсысымыздың жүрегімізде орын алғаны сөзсіз. Ақерке Ақжайығыма деген сезімімді ақын Қадыр Мырза Әлінің мына бір өлең жолдарымен жеткізгім келеді:

Ақжайық, сенің орның алабөтен,

Таппаспын ешбір жайлау далада кең

Өзіңе деген ыстық махаббатты,

Өлгенде көрге бірге ала кетем.

Асыл арманымыз ақиқатқа айналу үшін айтылған мәселелер сөз жүзінде жалаң ұғым болып қалмай, іс жүзінде жүзеге асуын асыға күтеміз. Сөзімді қорытындылай келе, жырға айналған Ақжайығымызды бағалайық, өлкеміздің табиғатына бейжайлық танытпайық, ағайын!

     Изтелеуова Айнұр Байтұрсынқызы

«Д. Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы»

Атырау музыка колледжінің

Қазақ тілі және әдебиет пәнінің І санатты оқытушысы

Атырау облысы, Атырау қаласы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.