Home » Ашық сабақтар » Жыл мезгілдері

Жыл мезгілдері

Мақсаты: Балалардың жыл бойы өткен жыл мезгілдері туралы білімдерін бекіту, есте сақтау қабілеттерін арттыру, жыл мезгілдері туралы қазақша сипаттай білуді үйрету, байланыстырып  сөйлеуді қалыптастыру, табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімдерін ұялату.

Қажетті құрал-жабдықтар: Жыл мезгілдері туралы суреттер, сиқырлы қалам, магнитті тақта, қима суреттері, жапырақтар, ағаштар, фланелеграфты тақта, қамыр.

Ойын түрлері: «Жапырақтар», «Аққаланы құрастыр», «Көктем бейнесі».

Оқу қызметінің барысы:

— Балалар, біреу есікті қағып тұр. Қане көрейік. Сен кімсің? (Білмеймін).

— Бізге не үшін келдің? (Білмеймін).

— Балалар, мына бала ештеңе білмейді екен, біз оған Дымбілмес деп ат қояйық. Сен оған қарсы емессің бе? (Білмеймін).

— Дымбілмес, сен балабақшаға келдің. Біз бүгін «Жыл мезгілдері» деген тақырып өтіп  жатырмыз, тыңдайсың ба? (Білмеймін).

— Онда бізбен бірге отырып, тыңда. Балалар, Дымбілмеске жыл мезгілдері туралы айтып берейік. Мынау қай жыл мезгілі? (Жаз)

Жазым келді жарқылдап,

       Қазым келді қаңқылдап,

       Гүлге қонды көбелек,

       Қос қанаты қалтылдап.

-Жаз айларын кім атайды? (Маусым, шілде, тамыз).

Балалар: Жазда күн ыстық. Жазда біз суға шомыламыз, демаламыз, күнге қыздырынамыз. Айнала гүлге толады. Жауыннан кейін кемпірқосақ шығады. Жазда өте көңілді, біз жұқа киім киеміз. Біз жазды жақсы көреміз.

— Өте жақсы. Ал, мынау қай жыл мезгілі? (Күз).

Алма пісіп, алмұрт түсіп,

    Күзде бақтар жайнайды.

    Құстар қайтып, қош айтысып,

    Қимас үнмен сайрайды.

— Өте жақсы. Күз айларын кім біледі? (Қыркүйек, қазан, қараша).

— Балалар, күзде жеміс жидектер піседі, ал ағаштардан не түседі? (Жапырақ).

— Жарайсыңдар. Олай болса «Жапырақ» ойынын ойнайық. Дымбілмес, сен де кел. (Балалар ойын ойнайды).

— Жарайсыңдар, балалар, ал енді мынау қай жыл мезгілі? (Қыс).

   Өстіп, міне қыс түсті,

   Бола қалды дала аппақ.

   Қар лақтырып үсті-үсті,

   Балалар жүр ойнақтап. 

— Өте жақсы. Қыс айларын кім атайды? (Желтоқсан, қаңтар, ақпан).

— Жарайсыңдар! Қыста қандай ойындар ойнайсыңдар?

Балалар: Шанамен сырғанаймыз. Шаңғы, коньки тебеміз. Аққаланы жасаймыз.

— Аққаланы неден жасайды? (Қардан).

— Жақсы онда. Аққала жасайық.

Дымбілмес: Ой, мен білемін, мен жасайыншы.

  • Жарайды, жасай ғой.

Дымбілмес: Төртбұрышты аламыз, оған шеңберді қоямыз, оған үшбұрышты қоямыз. Мінеки, осылай жасайды.

— Дұрыс па, балалар?

— Жоқ, дұрыс емес.  Алдымен үлкен, орта және кіші шеңберді аламыз.

Басына шелек кигіземіз. Қолын шыбықтан, көздерін көмірден, мұрнын жасаймыз.

  • Өте жақсы, жарайсыңдар. Ал мынау қай жыл мезгілі? (Көктем).

Көрініп, жиі күлімдеп,

  Төбеден күн күледі.

  Ұшып кеткен құстар да,

  Көктемде қайтып келеді.

  Көктем, сені күттім мен,

  Көк шалғынды сағынып.

  Жүретін әсем гүліңді,

  Шаштарыңа тағынып. 

— Көктем айларын кім атайды? (Наурыз, сәуір, мамыр).

— Жарайсыңдар! Қане енді көктем суретін Дымбілмеске құрап көрсетейік. Міне мыналар: күн, бұлт, ағаш, гүл, көбелек. т.б.

— Керемет, мінеки, Дымбілмес, көрдің бе, балалар бәрін біледі. Енді сен де білетін болдың.

Дымбілмес: Ия, мен бәрін түсіндім. 4 жыл мезгілі болады екен. Олар: жаз, күз, қыс және көктем. Енді мен мұның бәрін анама айтып берейін.

  • Жақсы, онда бара ғой.  (Балалар Дымбілмеспен қоштасады).

Ән: «Ай аттары»

Қорытынды. Балаларды мадақтап, мақтайды.

Балманова Гулпан Огизбаевна,

№5 «Балбөбек» балабақша тәрбиешісі,

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.