Жылы сөз – тәрбие негізі
Көздері тұп-тұнық, бейкүнә, үш жасар сары бала әкесін күтіп жүргеніне үш айдың жүзі болды. Әкесінің азан шақырып қойған аты – Нұрәли. Оның мінезі соңғы уақытта тұйықталып кетті, мөп-мөлдір жанарынан әкесіне деген сағынышы байқалады.
Қыстың қытымыр күні. Ақшам намазында үйге мейман келді, ол Нұрәлидің әкесінің інісі. Ал кішкентай, тәп-тәтті Нұрәли ұйықтап қалған еді.
Таң атты. Кешкісін жатып қалған бүлдіршін ерте оянды. Жып-жылы, әдемі қолдарымен көздерін уқалап, терезеге қарады. Әкесі келіп қалардай… Бөлмесінен шығып, ішкі бөлмеге кірді, әкесі ұйықтап жатқандай.
«Әке, әке, келдің бе? Әкетай, тұрыңызшы! Сізді көп күттім! — деді Нұрәли.
– Жоооқ, Нұрәли, ол біздің әкеміз емес! Ол Баймаханбет көке ғой, әкеміздің інісі – деді Нұрәлиден екі жас үлкен әпкесі Кәусар.
Жоооқ, ол менің әкем», — дейді бүлдіршін бой бермей. Кенет балалардың сөздерінен ұйқысынан оянып кеткен мейман:
Нұрәли, бұл мен ғой, Баймаханбет көкең! Не болды, балақай? Әкеңді сағынып жүрсің бе? – деді де ауыр күрсінді. Бірақ баланың көкесі бұдан соң ештеңе де айтпады. Нұрәли де үн-түнсіз, сағынышы су сепкендей басылды. Монтиып тұр, әдеттегідей үлкен аға-көкелермен «Ассалаумағалейкум» деп қолын да алмады. Қайран өмір! Өмір оның әкесін алып кеткендей болды. Баланың пәк жүрегі бәрін де сезеді емес пе? Шынтуайтында оның әкесін өзге әйел алып кеткен еді. Үш бірдей баласы мен әйелі жалғыз қалды. Бүтін бір отбасы бұзылды.
Ал, Нұрәли үш жасынан бері жүрек түкпірінде әкесін күтіп жүр, оның жылы сөзі мен тұщымды ақыл-кеңесін естіп, құлағының құрышын қандырамын деп армандаған. Зіңгіттей жігіттік жасында Нұрали ащы шындықты естіді. Әкесі неге мұндай қадамға барғандығын білгісі келіп, оны жиырма бес жыл күтті. Міне, осылай зулап бір ғасырдың ширегі өтті. Неткен зымыраған уақыт! Қаншама жылдар, айлар, күндер, минуттар мен секундтар сырғып өтсе дағы Нұрали әкесін тағатсыздана күтіп, оның жылы сөзі мен ақыл-кеңесін естіп жүрегім бір шаттанады деп ойлады. Десе де оның әкесі келмеді, отбасында материалдық қиыншылық та болды. Анасы адал еңбекпен азғантай нәпақасымен балаларын асырап, көп қиыншылықты көрді. Қыздарын қияға қондырды. Ал ұлы үйленген жоқ. Өйткені Нұрали балалалық шағынан әкенің мейіріміне, жылы сөзіне зәру еді, оның қателігін қайталамаймын, көп табыс табамын деп ойлады. Ол теріс жолға түсіп құмар ойынның құрбаны болды. Ана жүрек қатты езілді, бес жылдай баласының психологиясын орға жыққан құмар ойыннан қалай арылтуды ойлап байғұс ана психологтардың кеңесін алды. Ал психологтар әр түрлі кеңестер айтып, қиналған жанға қол ұшын созып, жан-жақты көмек беруге тырысып бақты. Ал Нұралидың ең басты емі – әкенің жылы сөзі.
Міне, бұл шынайы оқиғаның ең басты кейіпкері әкенің жылы сөзіне, мейірімге зәру болып өсті. Өмірлік оқиғадан көріп отырғанымыздай адамның толық адам болып қалыптасуы балалық шағынан екендігін ұғынамыз. «Сөз – тәрбие негізі» дегендей әрбір бала сөзбен тәрбие алады. Себебі «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нықыл сөз бекер айтылмаса керек.
Бала тәрбиесі туралы психология ежелден қалыптасқан. Өйткені бала – Алланың ата-анаға берген аманаты! Баланың тәрбиесі ата-анасының жылы сөзі мен мейірімінен бастау алады. Бүгінде Латвиядағы Балалар емханасының атақты реаниматологы Петерис Клява француз ғалымдарының зерттеуінше, күніне басынан кемінде 32 рет сипаламаған бала өзін бақытсыз сезінеді деген қорытындыға келген. Баланы жылы сөзге бөлеп, мейірімге бөлеу, балаларын алаламау, балаларымен бірге ойнап, имани тәрбие мен жақсы білім беру жас баланың келешегін жарқын етеді! Қисық ағаштың көлеңкесі де қиысық болатындығын ұмытпаңыз, сондықтан да әуелі өзіңіз дұрыс адам болуға талпынған жөн!
«Бала тәрбиесі тал бесіктен» деп нақыл айтқан біздің данагөй халқымыз, баланың тәрбиесіне ерекше мән берген . Ата-бабаларымыздың нақыл сөздері мен мақал-мәтелдерінен де бала тәрбиесіндегі ерекше психологиялық тәрбиені айқын көруге болады. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер», — деп бала тәрбиесі жайында айтып кеткен. Жалпы өз басым бала тәрбиесі туралы айта кетсем мынадай кеңестерді ата-аналар дұрыс іске асырған нұр істіне нұр болар еді.
Біріншіден, баланы еркелетіп, әлпештеу шектен тыс болмауы қажет!
Екіншіден, баланы әрбір ата-ана жалғызсыратпау қажет! Әрине, қазіргі өмір қат-қабат шаруаға толы, десек те бала тәрбиесі кез-келген ата-ананың ең бірінші жұмысы, міндеті деп білуіміз керек.
Үшіншіден, баланы дұрыс жазалау қажет! Бұл жерде баланы жазалау дегеніміз баланы ұрып, соғу емес, керісінше балаға тиісті мультфилмдерін көрсетпеуге тиым салу дегендей әрекеттерге көшуіне болады. Этнограф Жағда Бабалықұлының айтуы бойынша баланы жазалаудың 120 түрі бар көрінеді. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жайт, баланы үнемі қаталдықта ұстау болашақта оны жасқаншақтыққа алып келуі мүмкін.
Төртіншіден, баланы үйретіп, ұқтырудың дұрыс үлгілері болуы шарт! Мәселен баланы жастайынан еңбекке баулып өсіру, нан әкелі, күріш тазалау секілді кішігірім үй жұмыстары. Әрі бұл жұмыстар баланың моторикасын да дамытатындығын білуіміз маңызды.
Бесіншіден, баланың эмоционалдық бұзылуына жол бермеуіміз қажет! Көбіне эмоционалды бұзылу толық емес отбасында қалыптасады. Мұндай отбасылар бала тәрбиесіне ерекше мән беруі керек. Балаларын ерекше еркелетіп немесе шектен тыс жазалау баланың психологиясының бұзылуына алып келеді. Баланы жалғыз тәрбиелеп отырған әкесі, яки жалғызбасты ана баламен күн сайын әңгімелесіп отыруы қажет! Балалардың эмоциялық бұзылуының негізгі белгілері мыналар:
Ұйқышылдық немесе ұйқысыздық, тұйықтық, тәбеттің қашуы, ашқарақтық, жалғызсырау, қайғыру, достары мен отбасынан оқшаулану, ызақорлық, ашуланшақтық, өзінің сыртқы келбетіне көңілі толмау.
Міне, бала тәрбиесіне алаңдайтын әрбір ата-ана осы жағдайларды ескеріп, мамандардың ақыл-кеңестеріне де көңіл аударғаны орынды.
P.S. Жақсы адам болу үшін сәбидің де жан-жағы жақсылықпен қоршалуы тиіс. Балалық шақ – патшаның тағынан да артық. Сондықтан да бала тәрбиелеп жүрген әрбір ата-ана, әрбір тәрбиеші бағытын дұрыс танып, бауыр етіміз- балаларымыздан жан жылуын аямай, мейірімге, жылы сөзге құлақ құрышын қандырып, ана мен әке ретіндегі парызымызды уақытылы орындасақ қоғамда жақсы адамдар көп болмақ! Өйткені бала – болашақтың темірқазығы!
Сураншиева Райхан Онгаровна,
«Үміт» мамандандырылған бөбектер үйі психолог,
Тараз қаласы