Home » Жас қалам » ЖУРНАЛИСТ БОЛУ АРМАНЫМ

ЖУРНАЛИСТ БОЛУ АРМАНЫМ

Ойлы адам баласы әр күні сан-қилы сұрақтардың жетегінде жүреді. Мысалы, өмірдің мәні неде, бақыт дегеніміз не, басымызға қонған бақ құсын сезіне аламыз ба, дүниені бар жан-дүниемізбен танудың сыры неде жатыр… және т.б

Осы сұрақтардың ішіндегі мен үшін ең өзектісі «бақыт дегеніміз не?» Өмірде бақытты болуды қаламайтын адам сірә, жоқ шығар?! Дүниеде жер басып жүрген жұмыр басты пенденің барлығының арманы – бақытты болу. Бірақ, сол бақыт деген ұғымды жүрегіне жеткізе түйсініп, көңілдің көгілдір көкжиегінде дұрыс көре алып, тұла бойымен, ой төңірегінің әрбір түйсігімен шынайы түсінетін адамдар некен-саяқ. Өзім балалық шағымнан теңіз қиялына сүңгіп, келешекте өз елімнің, алтын ордамнан алатын орыным жайлы ойланып, осы сұрақтар мен ойлар аясында көп толғанатынмын…

Менің ойымша, әр адамның шексіз бақытқа қол жеткізіп, арман оты жүрегінде лаулаған ойларына нық ынта салып, асу-белестер мен биік шыңдарды бағындыру жолы — ішкі жан-дүниесінің тазалығы, ниетінің пәктілігі мен жүрегінің риясыз ақ болуына байланысты сияқты. Жүрек таза болғанда ғана бақыт бастау алып, адами қасиеттерінің әсем де көркем тоғысуынан киелі орын табады. Әрбір адамның бақыты — ол оның көзінің қуанышы мен көңілінің жұбанышы. Біреулер бақытты рахат өмірмен байланыстырса, біреулер байлық пен биік мақсатқа қол жеткізумен шендестіреді.

Ал менің бақытым — өзімнің өмірім мен өзгелердің өмірін жайдары  жарқын нұр іспеттес сезімдерге толтырып, қас пен көздің арасында шыр айналған уақытты текке өткізбей, адам бойына парасаттылық пен рухани азықты, адамгершілік сезімдерін бағыттайтын, адам ойы мен санасына құдіретті әрі ұлықты ой түйдіріп, ақыл-ой қондырар игі мамандықтардың бірі – журналист атану. Өзімнің пікірім бойынша, журналист болу – мұқалмас жігер, қажымас рух пен қайсарлықты талап ететін мамандық. Егер адам қиындықтарға төтеп бере алып, өмірдің сынағынан мүлтіксіз өте алса, онда ол нағыз маман әрі өз ісінің сөзсіз шебері атанып, көкірек көзі ояу тұлға болады. Мен осы мамандықты осы іске қабілетім бар деп таңдап отырған жоқпын. Бұл жолды өз өміріммен ұштастырсам, осы іске ден қойып, бар жан-тәніммен, ішкі түйсігімнің асқан қызығушылығымен, шегі жоқ құлшыныспен берілетінімді білемін. Өзімнің бүгінгі күнімді ертеңгі күніммен, яғни журналист мамандығы аясындағы істермен айналысуды – келешегімнің кепілі деп білемін. Осы мамандықтың қыр-сырын танығым келсе, ақ маржандай ой тізбегін тізіп, ақыл-ой мен кемеңгерлікті бойыма жинап, өткен күндерімнен сабақ алуым керек. Жалпы мен, берілген бес күндік жалғанда екінші мүмкіндіктің берілмейтінін ескеріп, осы мамандық төңірегіндегі барша іс-шараларға белсене қатысамын. Теңдесі жоқ білім мен ілім болар ғанибетті қалт жібермеуге, қоржынымды байыту бағытында мүмкіндігімді жіберіп алмауға тырысамын. Барша шұғылалы ойлар мен шарапатты ұғымдар журналист болу арманымның қанатын қағып, арманыма жетелей түседі.

М.Жұмабаев атындағы
№39 гимназияның
11 «А» сынып оқушысы
Аяжан КЕНЖЕБАЙ
Қарағанды облысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.