Арнайы бағыттағы (түзету) мектеп оқушыларына қазақ тілі сабақтарында жаңа оқу-әдістемелік жиынтықтарын пайдалану жолдары
Қоғамдық құрылыстың дамуында оның әрбір белсенді мүшесінің толыққанды жетілуіне жағдай жасап отыру — біз өмір сүріп отырған құқықтық даму жолына түскен мемлекеттің өскелең талаптарының бірі саналады. Осыған орай жас ұрпақ тәрбиесі мен олардың оқып-біліп алуына толық жағдай жасау мәселелері күн тәртібінен түскен емес.
Қазақ тілі пәнін көмекші мектепте оқытудың негізгі міндеті — оқушыларды жазуға, оқуға және тіл арқылы қарым-қатынас жасау қызметінің түрлерін (тыңдау, оқу, сөйлеу, жазу, т.б.) меңгеруге үйрету, ойлау қабілетін дамыту, өз ойларын еркін жеткізе алуға тәрбиелеу.
Бұл биік мақсатты орындау үшін, оған қол жеткізу жолында мынадай талаптарды орындаған жөн:</h4>
— оқушылардың ұғымына сай мәтіндерді дұрыс оқып, мағынасын түсіне білуге үйрету;
— ауызекі және жазба тілде қарым-қатынас жасауға қажетті сөйлеу дағдыларын қалыптастыру;
— оз ойларын жүйелі түрде дұрыс жеткізе білуге үйрету;
— оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес орфографиялық және пунктуациялық ережелерді практикалық түрде меңгерту;
— диалогтік және монологтік сөйлеу (ауызекі, жазба тіл) дағдыларын, сөйлеу мәдениетін, өз сөзінің дұрыс айтылуын өзі бақылау машығын дамыту;
— оқушылардың сауатты, көркем жазу дағдыларын жетілдіру;
— шәкірттер бойында адамгершілік, әсемдік қасиеттерін қалыптастыру т.б. Бір сөзбен айтқанда, мүмкіндігі шектеулі балалардың ойлау мен сөйлеу кемістігін түзету, тілдік қорын байыту, жаңа оқу-әдістемелік кешеннің ерекше мақсаты болып табылады. Сонымен бірге көмекші мектеп оқушыларына берілетін тіл сабақтарының аса маңызды дидактикалық — танымдық міндеттері қатарына мүгедек жандардың қоршаған орта, дүниетаным туралы (атап айтқанда адам мен табиғат бірлігі) түсініктерін қалыптастыру және одан әрі дамытуда жатады.
Сондай-ақ, оқушыларға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүйе білуге, оны құрметтеу сезімдерін ояту — тіл білімі саласын меңгерту арқылы жүзеге аспақ.
Қазақ тілі сабақтарында берілетін білім сапасына және оны жеткізу барысында мүмкіндігі шектеулі балалардың өзіне тән екпін мен өзіне тән қабілет-мүмкіндіктерін ескеріп отырған жөн. Мысалы, оқытылып жүрген бағдарламада көрсетілген материалдарды толық меңгермеген оқушылар да кездесіп отырады. Сол себепті көмекші (арнайы) түзету мектеп оқушыларын оқытуда шәкірттерге оқыту материалдарын қабылдату үшін өзгертулер енгізіп, әрбір шынайы ұстаз шығармашылықпен, байқампаздықпен жұмыс істегені дұрыс. Өйтпейінше ынта — қабілеттері әрқилы балалар тоқсанға, жылға бөлініп, белгіленген тақырыптарды қабылдап үлгіре алмай қалуы мүмкін. Енді бір ескеретін жағдай — оқушы барлық бағдарламалық материалдарды толық меңгеруге және оқыту мақсаттарын іске асыруға міндетті емес.
I кезең — Сауат ашуға дайындық. Сауат ашу және тіл дамыту.
Бұл кезеңде оқушылар көріп, қабылдау және кеңістікті бағдарлай білуі тиіс. Қойылатын білік — дағдыларына заттарды атау, оны толық мөлшерде көріп есте сақтау, заттың бөлшегін бөліп айтуға және заттарды топ ішінен бөліп айта білу, екі затты салыстыра білу жатады. Осы кезең ішінде ұғымдар (үлкен-кіші, жоғары-төмен, оң-сол, қатты — жұмсақ, т.б.) туралы түсінік, өз денесін бағдарлай білу (адамның дене мүшелерін атай білу, бас: көз, құлақ мұрын, ауыз; дене: қол, аяқ, т.б) заттың түсі (ақ, қара, жасыл, т.б), заттың түрі (үшбұрышты, төртбұрышты, шеңбер), заттың көлемі (үлкен, кіші, тар, т.б), күндер (кеше, бүгін, т.б), тәулік мөлшері (таңертең, түсте, т.б), ата-тегі (өзінің, әке-шешесінің, туған-туысқандарының), мекен-жайы, т.б қамтылады. Сонымен бірге бүл кезенде танымдық қызметті дамытуға, сөйлеу тіліне, дыбысқа назар аудару, дем алу мен артикуляциялық жаттығулар, тіл дыбыстарын дұрыс айтуға жаттықтыру, сөз құру да кіреді.
ІІ кезең — «Әліппеге» дейінгі кезең» деп аталады.
Бұл кезеңнің басты бөлімдері — әліппеге дейінгі кезең, мектеппен, күн тәртібімен таныстыру, оқу тәртібіне дағдыландыру, оқушылардың сөйлеу тілі, есту қабілетін дамыту, көру қабілетін жетілдіру, жазуға үйрету, ұғымдармен танысу (сөз бен сөйлем), буын, дыбыс түрлерімен танысу сияқты біліктілік дағдыларын қамтиды.
ІІІ-ХІ кезеңдердің жалпы қамтитын, қарастыратын мәселесі -«Грамматика, емле және тіл дамыту» деп аталады. Алайда жас ерекшеліктері мен сыныптық сатысына байланысты біліктілігі мен дағдылары бірте-бірте дамып, күрделене түседі.
Мысалы, III кезеңде әріп пен дыбыстың өзара қатысын айқындап айта білу, сөздерден дауысты дыбыстарды көмек арқылы таба білу, дауысты және дауыссыз дыбыстардың белгіленуін (қызыл, көк), оларды ажырата білуді, қимылды білдіретін сөздерді, тасымалды, жазу техникасын меңгеру, т.б. осындай міндеттерді қамтиды.
Ал IV кезеңде грамматика, емле және тіл дамыту амалдары бойынша берілетін тапсырмалар күрделене түседі. Мысалы, дыбыстар мен әріптерді өткенде қазақ тіліндегі әріптердің орналасу тәртібі, алфавитті жаттау, оларды ретімен орналастыра білу, дауысты және дауыссыз дыбыстардың бөлінуін, олардың жұбын айыра білу міндеті жүктеледі. Көркем жазуға, эдемі жазуға дағдылану, оқулықтағы жаттығуларды орындай білу, буын мен тасымалды ажырата білу де — аталған кезең еншісінде.
V кезең — заттың атын, қимылын, сапасын, санын білдіретін есім сөздерді, көмекші сөздерді танып-білу, жазылу емлесін білу мәселесі бастапқы орынға қойылады. Сондай-ақ, сөз құрамы, сөйлем түрлері, байланыстырып сөйлеу, мазмұнды сурет бойынша ауызша сөйлем құрастыру, әңгіме құрастыру, жазу, таныс заттарға сипаттама жазу, хат жазуға дайындық, т.б. білік — дағдылар игертіледі.
VI кезеңде сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін білу, сөйлемнің түрлерін ажырату, дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырату, сөздердің лексикалық мағынасын білу, мәндес сөздерді танып білу, көп мағыналы сөздерді, синоним, антоним, омоним сөздер туралы тереңірек білу, сөз құрамын ажырата білу, сөз таптарының түрлерін тану, тірек сөздер арқылы әр түрлі тақырыпқа әңгіме құру сияқты тапсырмалар орындалады.
VII — VIII кезеңдерде өткен кезенердегі тасырмаларды қайталау, сөйлемнің тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелерін білу, оларды сөйлемнен тауып, шартты белгілермен сызып көрсету, дыбыс пен әріптің ережелерін білу, мысалдар келтіру, алфавитті ретімен айту, сөз таптарын (зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік) айыра білу, мысалдар келтіру, сөйлемнің түрлерін (жалаң, жайылма) ажырату сынды білік — дағдылар қамтылады. Мазмұндама жаза білу, саяхат кезіндегі көргендерін, алған әсерлері жайында өз ойларын айта білу, өмірбаянын жаза білу, өтініш жаза білу, оны іс жүзінде іске асыру да — аталған кезендер ішінде іске асуы тиіс.
ІХ-ХІ кезеңдерде өткенді қайталаумен, еске түсірумен бірге үндестік заңының түрлерін, анықтамасын, сөз құрамы туралы түсінікті кеңейту, сөз таптарын толық меңгеру, дұрыс құрылмаған мәтінді қайта құра білу, іс-қағаздарын: хабарландыру, жедел хат, түбіртек толтыра білу, төл сөз бен төлеу сөзді қатыстырып сөйлем құра білу сынды тапсырмалар жүктеледі.
Қорыта айтқанда бүгінгі таңда арнайы бағыттағы (түзету ) мектеп оқушыларына қазақ тілі сабақтарында (5-9 сыныптар аралығын қамтыған) жаңа оқу-әдістемелік жиынтықтарын (комплексін) пайдаланудың маңызы өте зор.
Жумабаева Жұлдыз Қанатқызы,
Астана қаласы әкімдігінің «№1 Арнайы мектеп — интернаты» КММ қазақ тілі пәні мұғалімі