Home » Жаңалықтар » ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК!

ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК!

«Жас толқын-2018»

Кеше, Павлодар қаласының Ертіс жағалауында Павлодар облыстық білім беру және облыстық мәдениет басқармаларының ұйымдастыруымен, мектеп бітірушілердің «Жас толқын-2018» мерекелік кеші өз мәресіне жетті.

Айтулы іс-шараға Павлодар облысының қала, аудандары мен Павлодар қаласының барлық жалпы орта білім беру мектептері және Павлодар облыстық мамандандырылған мектептерінен жалпы саны – 1 864 түлек қатысты.

Болашаққа жаңадан қадам басқан жас жеткіншектерді алғашқы боп құттықтаған аймақ басшысы Болат Бакауов, оларға сәттілік, күш-жігер, шығармашылық табыс пен үздік жетістіктер тілеп, «Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қорытындылау аттестациясында ең жоғары білім деңгейін көрсеткен 208 «Алтын белгі» иегеріне мектеп бітіру аттестатын табыс етті.

Мерекелік сахна төріне сәнді киінген жас түлектермен бірге ата-аналары да шақырылып,  «Мектеп вальсін» биледі. Салтанатты кеш көңілді ән, қызықты сайыстармен жалғасып, кеш иелері мен көрермендерге қуанышты көңіл-күй сыйлады.

БАЙМАНҚҰЛОВ Әсет Русланұлы, Павлодар облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы:

  • Биылғы мектеп бітірушілердің «Жас толқын — 2018» кешінің басты ерекшелігі – оның

елордамыз – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, баршамызды айтулы тарихи сәтке куә етіп отырғаны. Осыған орай, мерекені жылдағыдай Орталық стадионда емес, жағажайда, жаңа форматта құрылған сахнада өткізіп, жас түлектеріміздің ата-аналары мен туған-туыстарының, достары мен сыныптастарының кеңінен тамашалауына мүмкіндік беріп отырмыз. Бүгінгі іс-шараны еліміздің танымал әншісі Серікбол Сайлаубек пен актриса, вайнер Анар Батырхан жүргізеді. Сонымен бірге, отандық эстрада жұлдызы Ерке Есмахан мен бүгінгі күннің хит трендтері — «ВN» тобы және «Артур и Райым» дуеті жас түлектерге жаңа әндерінен тамаша тарту жасамақ. Түлектерге арналған ауқымды іс-шара діттеген мақсатына жетіп, жас түлектеріміздің жадында жағымды естеліктер қалдырады деген ойдамыз. Біз барлық мектеп бітірушілері мен ұстаздарын, ата-аналарды осынау қуанышты күндерімен құттықтап, алдағы жоспарларының қалтқысыз орындалуына тілектеспіз!

САҒАТ Алихан, Павлодар облыстық мамандандырылған әскери мектеп-интернатының түлегі:

  • Мен Павлодар облыстық мамандандырылған әскери мектебін жақсы бітірдім. Ұлттық

бірыңғай тестілеуден де 140 ұпай алып, жақсы нәтижеге жетемін деген ойдамын. Алдағы оқу жылын Алматы қаласындағы екі жылдық Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара қызметі Академиясында жалғастырсам,-деймін. Оған іштей дайынмын. Бүгін біздің мектеп бітіруімізді үлкен мерекеге айналдырып, кеш ұйымдастырған аға-апаларымызға көптен-көп рахмет! Әсіресе, облыс әкімі Болат Бакауовтың құттықтауы көңілімізде ерекше әсер қалдырды.

УАХИТОВА Рымгүл, Ертіс ауданы Сілеті ЖОББМ-нің түлегі:

  • Осында ауылдық мектептен «Алтын белгі» иегері ретінде жалғыз болсам да,

жалпы Ертіс ауданынан 44 оқушы келдік. Бәріміздің көңіл-күйіміз керемет! Мен 11-ші сыныпты «үздік» бағамен бітірдім. Және маған әрдайым оң бағыт беріп, жоғары жетістікке жетуіме теңдесі жоқ үлес қосқан ата-анама, ұстаздарыма шын жүрегімнен алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі кезде мені мұнай және газ саласы қатты қызықтырады. Сол себепті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «машинақұрастыру» бөліміне оқуға түсіп, болашағымды осы мамандықпен байланыстырсам,- деймін.

ӨМІРБАЕВА Наталия, ата-ана:

  • Мен Өмірбаева Саиданың анасымын. Қызым Баянауыл ауданына қарасты №2 Майқайын

орта мектебін үздік тәмамдап, «Алтын белгіге» ие болды. Бұл – біздің әулетіміз үшін ерекше қуанышты күн! Мен қызымның еңбекқорлығы мен күш-жігеріне сенемін. Бұйыртса, алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуді де ойдағыдай тапсырады деген үміттеміз.  Қызымның ендігі таңдауы — Астана қаласындағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетіне түсіп отыр. Талап болса, армандар да орындалады деп ойлаймын. «Асыл – тастан, ақыл — жастан» дегендей, ақылды, жігерлі жастарымыз көп болсын!

 

 

 

Айгүл МОЛДАШ,

Павлодар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.