Бәрімізге белгілі 2018 жылдың 10 қаңтары күні Елбасымыз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жариялады.
Елбасы Жолдауда 10 міндет қойып отыр. Президент өз сөзін былай сабақтайды: «Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды». Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқтала келіп, оның негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім екендігін баса айтты. «Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдімін» дей келіп, өзі тапсырғалы отырған 10 міндетке тоқталады. Олар мына міндеттер:
Бірінші. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.
Екінші. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту.
Үшінші. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі.
Төртінші. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру.
Бесінші. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу.
Алтыншы. Қаржы секторын «қайта жаңғырту».
Жетінші. Адами капитал – жаңғыру негізі.
Сегізінші. Тиімді мемлекеттік басқару.
Тоғызыншы. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.
Оныншы. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін.
Елбасы міндеттеп отырған 10 міндеттің барлығының да біздерге қатысы бар. Соның ішінде білім саласына тереңірек тоқталған ЖЕТІНШІ міндет – Адами капитал – жаңғыру негізі. Білім берудің жаңа сапасы туралы, барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет екендігіне жан-жақты тоқталған. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуы керек екендігін баса айта отырып, мына мәселелерге басымдық береді:
- 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу;
- Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, оны 2021 жылы аяқтау. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау;
- Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты.
- Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізу.
- Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және ЭЫДҰ елдеріне қарағанда, орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету;
- Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру. Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі.
- Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз керек. Аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату қажет.
- Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау.
- Орыс тілін білу маңызды болып қала береді. 2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылып келеді. 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіруді бастау. Біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады.
- Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады. Кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алады, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндігі болады. Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады.
- Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру.
- Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді. Үкімет бұл міндетті орындауға тиіс.
- Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек. Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізу.
- Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту. Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі.
- Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру. Жеке сектордың бірлескен қаржыландыруға атсалысуы барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін міндетті талап болуға тиіс.
- Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізу. Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарау.
- Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту. Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу.
- Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс.
Елбасы Жолдауын былайша қорытындалайды: «Міне, алдымызда тұрған 10 міндет осы. Бұлар – түсінікті әрі айқын. Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік. Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы балансты нақтылай түсті. Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық. Бұл базалық үш бағыт Қазақстан жаңғыруының жүйелі үш тұғыры болып саналады. Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек. Барлық құқығы қорғалған».
Елімізде болып жатқан ұлы өзгерістерге атсалысу – біздің басты міндетіміз. Олай болса, әріптестер, сіздерді де осы өз саламыз бойынша тапсырылған міндеттерді орындап, еліміздің білім саласындағы оң жаңалықтарға қатысуға шақырамын.
А.ҚАБЫЛОВА,
Жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді
оқытудың инновациялық технологиялары
мен әдістері кафедрасының меңгерушісі,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
Германия халықаралық дифференционалды
психология институтының құрметті профессоры