Home » Мақалалар » «Жобалау әдісі негізінде оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қызметін дамыту»

«Жобалау әдісі негізінде оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қызметін дамыту»

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкірт жандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы.

Ол — өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында.Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге.

Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген болатын. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде.

Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің бірі – оқытудың әдіс — тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру.

Өз пәнімді оқытуда «Жобалау әдісі негізінде оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қызметін дамыту» мәселесімен жұмыс атқарамын.

Мен өз тәжірибемде жобалау әдістерін қолдану арқылы оқушылардың өз бетінше білім алуға, өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыруға үйрету, шығармашылық және зерттеушілік қызметін дамыту мақсатында еңбек етудемін.

Сабақ беру үрдісінде мынандай негізгі факторларды басшылыққа аламын:

  • оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу тиімділігін арттыру;
  • жекелей, жұппен, топпен жұмыс жүргізу;
  • ойлау қабілетін дамытатын тапсырмалар беру;
  • қабілетіне қарай деңгейлік тапсырмалар беру;
  • шығармашылық қабілеттерін дамыту;
  • зерттеушілік қызметін дамыту мақсатында тапсырмалар беру;
  • оқушылардың теориялық-практикалық сауаттылығын арттыру.

Сонымен қатар жекелей жұмыстар, жұптық, топтық жұмыстар арқылы ойын ашық айта білу, пікір айтуға үйрену, пікір таластыру, ойланып жауап беру, жолдастарының ойын тыңдау, жауаптарын бағалай білу, білім деңгейінің жоғарлауына әсерін тигізеді.

Өз сабақтарымда оқытудың жобалау әдісін қолдана отырып, заманауи құрылғыларды, оның ішінде интербелсенді тақтаны, планшет, ноутбук, проекторларды пайдаланудың нәтижесінде оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырып, белсенділіктерін дамыта түстім. Сабақ барысында дарынды талантты балалармен және үлгерімі төмен оқушылармен деңгейлік тапсырмаларды орындатамын.Әр сабақтың материалын өмірмен байланыстырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға көп назар аударамын. Сабақтан тыс уақытта да оқушылардың бойында зерттеушілік қабілеттерін оятып, қосымша материалдармен жұмыс жасау арқылы ғылыми жобалар орындатамын.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша оқушыларым қалалық, облыстық, республикалық сайыстарға қатыса отыра өз көрсеткіштерін, жетістіктерін көрсетуде. Атап өтсем, облыстық байқаулар мен ғылыми жобалар байқауында оқушыларым ІІ, III дәрежелі дипломмен марапатталса, республикалық байқауда 1 оқушым қатысып ІІІ жүлделі орынға ие болды.

Әрбір іс — әрекет, әсіресе, мұғалімнің өткен жұмысы туралы бағасы мен болашақтағы бағдарламасына есеп беру керек. Мұғалім жұмысының мазмұнын құру үшін үзбей білім беру, кәсіби шеберлікті жоғарылату әрбір мұғалімнің шығармашылық қабілетін жетілдіру мәселесі болып табылады.

Облыстық, республикалық семинарларда және сыныптан тыс өткізген іс-шаралар «Білімділер» халықаралық веб-сайтында және ustaz.kz республикалық сайтында жарияланды. Сонымен қатар, халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференцияларға қатысып, баяндамаларым жарық көрді. «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетке мектебіміздегі облыстық деңгейде өтіп жатқан семинарлар жайында өз мақаларымды ұсынып, баспа беттеріне жарияладым.

Қазіргі білім беру ісінің басты шарттарының бірі болып оқушының өзіне керекті мәліметті өзі іздеп табуы және олардың өз оқу траекторияларын өзінің таңдай білуі болып есептеледі. Сондықтан мен өз сабақтарымда мүмкіндігінше оқушыларды өз беттерімен  ақпараттар іздеуге, қосымша материалдарды ақпараттық-коммуникациялық технологиялар көмегімен анықтай алуға үйретемін. Мен өз мамандығымды қадірлеймін, сүйемін!

 

Есенгалиева Айгуль Ерболқызы,
Петропавл қаласы, СҚО
Қазақ мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.