Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының басты мақсаты – оқушылардың талдау, синтездеу әрі логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, яғни оқушылардың сабақ бойы ой еңбегімен шұғылдануын қамтамасыз ету, оқушыны ізденуге, өз бетімен қорытынды жасауға үйрету болып отыр.
Білім – ел қазынасы. Халқымыздың білімділігі еліміздің байлығының ең маңызды бөлігі десек, білімнің негізі мектепте, яғни бар ғылымның бастауы – мектеп. «Елдің келешегі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында», – деп Елбасы бізге үлкен міндет артып отыр. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен, білім мен тәрбиенің бастауы болатын – ұстаз қолында, сондықтан да біздің басты мақсатымыз – білім сапасын жақсарту.
Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру. Қазіргі кезеңде білім беру жүйелерінде қайта құру жүріп жатыр, білім беру жүйелерінің жаңа ұлттық моделі құрылуда.
Ұстаз – шабыттандырады – ұйымдастырады – бағыт береді. Осындай даму барысында жүрген ұстаз өзіне де, оқушыға да қызықты. Жобалау технологиясын қолданудың негізгі мақсаты – оқушылардың қызығушылығын арттыру, өз бетімен жұмыс істеу арқылы білімдерін жетілдіру және сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін арттыру арқылы оқушыны болашақта әр түрлі жағдаяттарда, әр түрлі қоғамдық ортада өзін-өзі көрсете білуге бейімдеу.
Бұл технологиядағы жобаның түрлері:
- Ғылыми жоба;
- Шығармашылық жоба;
- Ойын түріндегі жоба;
- Ақпараттық жоба;
Жобаны дайындау барысында оқушылар тақырып таңдай білуге, мақсат пен міндеттер қоюға, тақырып бойынша материалдарды іздеу және жүйелеуге, қорытынды, слайд-презентация жасауға үйренеді. Ғылыми жұмыстармен айналысуда оқушының оқу дағдылары қалыптасады: өз жұмысын жоспарлау; нәтижені болжау; әр түрлі әдебиеттерді қолдану; өз бетімен материалдарды іріктеу, тап-
қан деректілерді салыстыру және талдау; көзқарасты дәлелдеу; өздік шешім қабылдау; адамдармен қарым-қатынас жасау.
Жобалау әдісі оқушыны жан-жақты белсенді етеді; оның интеллектуальді сферасын, типологиялық ерекшеліктерін және мінез-құлқын, қызығушылығын, еңбекқорлығын, табандылық, коммуникативті іскерлігін, сезімін, эмоциясын. Сабақтан және мектептен тыс жұмыс істегендіктен оқушы мен мұғалім арасында, оқушылардың өздерінің арасында түрлі оқу және тәрбие ортасы қалыптасады. Әр жоба түрлі фазалардан қадамдардан тұрады. Жоба фазалары қадамдары дұрыс логикалық ретпен бірінен соң бірі өтеді.
Жоба дегеніміз не? Ол оқытудың бір формасы, яғни белгілі бір уақыт ішінде белгілі бір тапсырма орындалады. Шешу жолы, яғни қадамдары өз бетінше жоспарланып, өткізіледі. Көптеген жобаларда жұмыс түрлі топтарға бөлінеді.
Жобалау жұмысы құжаттандырылады да, соңында жұмыс презентазияланады. Презентацияда адам өз жіберген қателерін көріп, үйренеді және келесі жолы қалай жақсырақ жұмыс жасау жолын қарастырады.
Неге оқушы жоба әдісін үйрену керек? Жоба әдісі бойынша оқушы өз бетімен жұмыс жасай алады. Оқушы жұмыс жоспарын өз бетінше құрып, егер де қате жіберсе, қатесін өзі көріп, жіберген қатесінен үйрене алады. Қазіргі уақытта көп тапсырмалар қиын, оны жалғыз адам шеше алмайды, сондықтан белгілі бір тапсырмалар үшін жоба командалары құрылады. Бұл командалар белгілі бір уақыт ішінде белгілі бір тапсырманы шешу керек. Әркайсысы өзінің пәні бойынша білімін және бейімділігін жұмыста көрсетеді. Жоба жұмысы жүру үшін кім, не, кіммен, қай уақытта, қалай жасайтыны келісілуі керек. Тек қане, егер де әркім жоба жоспарын ұстанса, сол уақытта ғана проблема шешіледі. Мектеп жобаларындағы жұмыс оқушыны шыңдайды, болашақ мамандықтарының талаптарын орындай алатындай етеді.Сонымен қатар, оқушы жұмыс тапсырмаларын бөліп, ұйымдастыра алуға үйренеді, сөйтіп кез келген жұмысты орындай алатындай шеберлік қалыптасады.
Қорытындылай келе айтарым, жоба әдісі шынайы практикалық нәтижеге бағытталған проблемалық, зерттеу, іздестіру әдістерін қарастырады. Дүние жүзінің барлық елдерінде жобалар әдісі кең қолданылады, себебі, ол бір проблеманы шешу барысында оқушылардың алған білімдерін практикада қолдану мүмкіндіктерін береді.
Қарқабаева Парида,
ҚР БжҒМ«ӨРЛЕУ»БАҰО» АҚ Жамбыл облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының
«Басқару және білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы