Бүгін Көкшетау қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлік «Туған жерім» шығармалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Байқау жеңімпаздарының еңбектері «Туған жерім» шығармалар жинағына енгізілді. Кітап «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жарыққа шықты.
Іс-шараның ұйымдастырушылары: «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы мен Ақмола облысының білім басқармасы.
Өңірлік байқау комиссиясының шешімі бойынша «Кіші Отан неден басталады?», «Туған өлкенің батырлары», «Туған өлкемнің болашағы туралы менің арманым», «Туған өлкенің игілігі» — төрт номинацияда үздік 23 жұмыс іріктелді.
Атбасар ауданының 9 сынып оқушысы Андрей Жадан өз шығармасында «Сіз «Кіші Отан неден басталады?» — деп сұрайсыздар, ал мен болсам: Отан — анамның күлкісінен, әкемнің қуатты қолдарынан, бетімді самал желдің сипауынан, құстардың әнінен, күннің шуағы мен мамық бұлттар жүзетін шексіз көк аспаннан, мейірімді және қайырымды адамдардан, терең мағына жататын ақындардың әнінен басталады … Отан бізден басталады! — деп жауап беремін» — деп жазды.
Байқау үш кезеңнен тұрды, 5-қыркүйектен 25-қазанға дейін «Нұр Отан» партиясының аумақтық филиалдарында білім бөлімдерімен бірлесе байқаудың алғашқы екі кезеңі өткізілді. Аумақтық филиалдарда төрағалардың бірінші орынбасарлары төрағалық еткен байқау комиссиясы құрылды. 25-31 қазан аралығында аумақтық филиалдарда үздік жұмыстар іріктеліп, байқаудың нәтижелері жасалды, шығармалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау бойынша іс-шаралар өткізілді. Аудандардың үздік жұмыстары Ақмола облысы білім басқармасына жіберілді. Облыс бойынша байқауға барлығы 196 оқушы жұмыстары қатысты.
Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі