Жуырда Оралда Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ мүшелері арасында дәстүрлі «Денсаулық» спартакиадасы өтті. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған спорттық шараның мақсаты – кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру және бірлігін нығайту, білім және ғылым қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Спартакиаданың ашылу салтанатында сөз алған облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Марат Даупаев қатысушыларға сәттілік тілеп, арнайы шақырумен келген қонақтарға, ардагер ұстаздарға алғыс білдірді.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, академик Асхат Иманғалиев пен БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыров кәсіподақ еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғаумен ғана шектелмей, салауатты өмір салтын насихаттауға да қолдау көрсететінін атап өтті. Облыстық ардагер ұстаздар кеңесінің төрағасы Өтебай Құспанов дені сау, мықты мемлекет қана бәсекеге қабілетті ел бола алатынын айтып, аға буын атынан осы шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.
Аталған спорттық-көпшілік шараға облыс аудандары мен қаладан барлығы 18 команда қатысып, спорттың волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ ойындарынан бақ сынасты. Жарыс барысында салауаттылықты серік еткен ұстаздар жоғары дайындықпен келгендерін байқатты. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер, үздік ойыншылар анықталды. Екі күнге жалғасқан облыстық ІV «Денсаулық» спартакиадасының қорытындысы бойынша командалық жалпы есеппен А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББМ ұжымы жеңіс тұғырына көтеріліп, «Ақжайық» шипажайына тегін он жолдамаға ие болды. Ал екінші және үшінші орындарға табан тіреген оралдық №14 орта мектеп пен Бөрлі ауданының құрама командасына кубоктар, естелік сыйлықтар бұйырды. Жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде, дені сау ұрпақ қалыптастыруда кәсіподақ ұйымымен бірлесе жұмыс жасайтын «Батыс Қазақстан облыстық Ауғанстан ардагерлері одағы» ҚБ төрағасы О.Пимонов белсенді кәсіподақ мүшелері – қалалық №14 мектептің құрама командасының капитаны Жарқын Тайшыбаев пен Зеленов аудандық құрама командасының капитаны Мұхтар Қайратқа алғыс хат табыстады.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы М.Даупаевтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірдегі аталмыш кәсіподақ ұйымын 40 мыңға жуық сала қызметкері біріктіріп отыр.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал