Home » Мақалалар » Жетім балаларға психологиялық-педагогикалық көмек берудің маңызы

Жетім балаларға психологиялық-педагогикалық көмек берудің маңызы

Жетім — ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала болып табылады. Сондай-ақ ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, олар өлдi деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабiлетi шектеулi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған бала.
Жетімдік – баланың психикалық дамуына қатты әсер етеді. Ата-анадан айрылған және интернат жағдайына түскен балалардың жалпы психикалық жағдайы төмендейді, өзін-өзі реттеп-бағыттауы бұзылады, көңіл-күйі жабырқау болады. Балалардың басым көпшілігінің өмірге құштарлығы жоғалады, өзіне-өзінің сенімсіздігі күшейіп, бойын үрей билей бастайды. Эмоционалдық-танымдық талпынысы төмендейді де, интеллектуалдық дамуы тежеледі. Бүгінгі таңда мен жұмыс атқарып жатқан мекемеде осындай тағдыр тауқыметін тартын жатқан балалар тәрбиеленуде. Шағы отбасылық ауыл балалары қазір бір-біріне бауыр басып, үйреніп кеткен. Дегенмен, көздерінде жасырынған мұң бәрі бір көрініп тұрады.

Елімізде соңғы жылдары жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы көпшілікті толғандыруда. Аталған санаттағы балалар тәрбиесіне ұлт мүддесі тұрғысынан көңіл бөлу, оларды тұлғалық қалыптастыру мәселесі бүгінгі күн талабы.
Жастай үзілген жандардың артында еңіреп аяқтанбаған ұрпағы қалатыны рас болса, қазіргі заманда жетімнен тастанды бала көп екені де өмірдің ащы шындығы. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген дана бабаларымыз жетім-жесірін ешқашан жылатпаған. Елімізде бүгінгі күні бұл мәселені оңтайлы шешу үшін барынша жағдай жасалып отыр. Оларды жан-жақты қолдайтын заң да бар, қаржы да аямай бөлінуде.
Ата-ана қамқорлығынан айырылған әрбір бала отбасында тәрбиеленуі тиіс. Бұл тұрғыда жетім балаларға жаңа мүмкіндіктер мен  жаңа отбасын сыйлайтын отбасы үлгісіндегі балалар үйінің маңызы зор.
«Бақыт деген сенің бала күндерің» деп Мұқағали Мақатаев айтқан. Балалық шақ – қамсыз, мұңсыз,  қызықпен  өтетін бақытты балалық болуы тиіс. Бірақ та балалық шағында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар сол бақытты сезініп жүрген жоқ. Үкімет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетілгенімен, ата-анасының орнын алмастыра алмайтыны белгілі. Елімізде балалығында қуанып күле алмаған, ата-анасына еркелей алмаған сәбилер көбейіп барады. Бізде жетім балалар саны көп. Туған перзентіне тасбауыр, ата-аналардың кесірінен жетімдер үйінде өсіп жатқан балалардың тағдыры ешкімді де немқұрайлы қалдырмайды. Бұл бүгінгі күннің ащы шындығы. Әрине, жетімдер үйі барлық мемлекеттерде бар. Алайда қазақ – ежелде жетімін қаңғыртпаған, жесірін тентіретпеген халық. Өркениет дамығаннан бері біздің елде  де жетімдер үйі,  қариялар  үйінің  саны  артып кетті. Әрине, бұл тек жеке бастың емес, қоғамның қасіреті, балалық шақта қатыгездікке жол, зорлыққа орын жоқ болуға тиісті. Бірақ та мына жарық дүниеге келмей жатып, тастап кеткен анасының қатыгездігін сезінген бала мына жалған дүниеде зорлық, жауыздықтың да орын алатындығын ерте сезініп өседі. Қорғансыз баланың отбасында, қоғамдық орында қорлық не зорлықты көріп, бұл өмірден алыстап қалуы, әлемнің барлық елдерінде жиі орын алатын қауіпті құбылыс. Адамзат санасын уақыт билеген қазіргі нарық заманында үлкендер баланың ішкі сырына көңіл бөле бермейді.
И.В. Ежовтың психологиялық-педагогикалық зерттеу нәтижелері де тәрбиеленушілердің эмоционалдық-еріктік саласындағы айтарлықтай бұзылыстарды дәлелдейді. Кіші мектеп жасындағы балалардың көпшілігінде эмоционалдық күйдің әртүрлі бұзылыстары анықталды: психикалық шаршау, эмоционалдық стресс, депрессивті көңіл-күй, қоршаған ортаға жаушылық қатынас, аутизм, пассивтілік, дауларды шешуге дайын болмау. Көпшілік жасөспірімдерде әртүрлі мінез акцентуациялары, жетістікке жету мотивацияларының төмендігі, өмірдегі қиындықтарға сезімталдық т.с.с. байқалады.
В.С. Мухина жүргізген зерттеулер нәтижесі балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінде аутизм, қарым-қатынасқа деген қажеттілік әлсіз, дамуының баяулығы байқалатындығын анықтады. Бұл балаларда жиі сөздік қорының даму деңгейі төмен, ойын ойнай алмайды, қарым-қатынасқа түсе алмайды. Оның байланыстары көбіне үстіртін, асығыстау болып келеді. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жағдайдағы әлеуметтік даму ситуациясы, тіршілік шарттары (өзінің заттарының, киімдерінің болмауы) баланың қарым-қатынас саласындағы бұзылыстары баланың тұлғалық дамуын, өзіне деген қатынасты бұрмалап, өзін тұлға ретінде сезінуін қиындатады. Сонымен қатар, балалар үйі жағдайындағы тәрбиеленушілердің тағы да бір маңызды мәселесі олардың әлеуметтік рөлдерді игерудегі қиындықтарынан көрінетін әлеуметтену мәселесі болып табылады. Баламен қалыпты байланыстардың болмауынан (жанұя, достар, көршілер, т.б.) балада әртүрлі әлеуметтік рөлдер жөнінде қарама-қайшы көзқарастар қалыптастырады. Осыған байланысты балада өзінің «жетім» ретіндегі әлеуметтік рөлі туралы жалған бейне қалыптасады.
Сонымен, психологиялық-педагогикалық зерттеулер нәтижелері балалар үйі жағдайындағы тәрбиленушілердің көпшілігінің тұлғасының әлеуметтік даму қиындықтары туралы айтып тұр. Тұлғаның қалыптасуындағы әлдеқайда күрделі қиындықтар, әсіресе құндылық бағдарының қалыптасуында, эмоционалдық-еріктік салада, әлеуметтік өзара әрекет бұзылысында, өз-өзіне сенімсіздігінде, мақсатқа бағыттала алмауында байқалады. Бұл проблемалардың барлығы балалар үйінің тәрбиеленушілерінің әлеуметтенуіне арнайы жұмыстың дайындалып, іске асуын талап етеді. Ал, бұл талапты орындау әлеуметтік ұстаздар мен жантанушылардың құзырында деп білемін.

Харипова Гульмира Сайрановна,
Солтүстік Қазақстан облысы
облыстық үлгідегі балалар ауылы КММ
әлеуметтік педагог

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.