Мақалада жеткіншектердің танымдық іс-әрекетін дамыту бағытында педагог-психолог мамандарды даярлаудың тиімді жолдары, жеткіншектердің танымдық іс-әрекет құрылымы: танымдық белсенділік, танымдық қызығушылықтарын қалыптастыру қажеттіліктері қарастырылады.
Түйін сөздер: маман дайындау, танымдық іс-әрекет, танымдық қызығушылық, танымдық белсенділік.
«Қазақстан Республикасының 12 — жылдық білім беру Концепциясында» әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын білім берудің ұлттық моделін қалыптастыруға бағытталған міндеттер белгіленген.
Көрсетілген міндеттердің толық жүзеге асуы жеткіншектердің оқу танымдық іс-әрекетін белсендіруге тікелей байланысты десек қателеспейміз. Сондықтан жеке тұлғаға өзіндік құндылық ретінде қарап, жеткіншектердің оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіруде дәстүрлі оқыту әдістерін әлемдік білім кеңістігіндегі оқытудың озық технологияларымен толықтыра отырып, оқу үрдісін жетілдіру міндетіміз. Осыған орай әлемдік танымдық жүйені дамытуда педагог-психолог мамандарды өз бетінше ғылыми тұжырым жасауға бейімдеу, әр түрлі жағдайларда өз бетінше дұрыс шешімдер қабылдай білуге дағдыландыру, оларды өз іс-әрекетінің субъектісі болуына мүмкіндік туғызу, студенттерді танымдық іс-әрекет бағытын ұстанған шығармашыл жеке тұлға ретінде қалыптастыру өзекті мәселе болып тұр.
Білім беру және оқыту теориясының әдістемелік негізі – таным теориясы, ол болашақ педагог-психолог мамандарды жан-жақты және үйлесімді қалыптастыру туралы ілім. Бұл теория білім беру мен оқыту әдістерін тиімді ұйымдастыратын іс әрекет ретінде қарастырады. Білім беру мәселесіндегі талаптардың бірі — танымдық белсенділік пен саналық. Бұл талаптардың орындалуы студенттердің оқу материалын түсінуге, өткенді жаңамен байланыстыруға, алған білімдерін тәжірибеде пайдалануға, өз пікірлерінде оларға сүйенуге ұмтылысынан көрінеді. Болашақ педагог-психолог мамандардың белсенділік танымдық іс-әрекеттің негізгі мүддесі – білімнің қоғамдағы мәнін ұғыну, қоғамға нәтижелі қызмет ету қарқанын үдету қажеттігінен дамиды.
Болашақ педагог-психолог мамандарды іс-әрекет бағытын ұстанған тұлға ретінде тәрбиелеу үшін, олардың белсенді іс-әрекетін оқытушы жетекшілігімен өзін-өзі басқару іс-әрекетіне ауысуына жағдай жасау қажет.
Осы тұрғыда болашақ педагог-психолог маманның танымдық іс-әрекетін қалыптастыру мәселесінің көкейкестілігі күннен-күнге арта түсуде.
Жоғары оқу орындарында педагог-психолог мамандарды даярлаудың ғылыми, теориялық, дидактикалық, әдістемелік негіздері мен олардың кәсіби дайындығын қалыптастыру мәселелері Ш.А.Абдраман, С.Ә. Әбдіманапов, Е.Ө. Жұматаева, В.Л. Ким, Б.С. Сәрсекеев, А.П. Сейтешев, Л.А.Шкутина, И.Б.Федоров, Ш.Т.Таубаева, Ж.К.Оңалбек, С.С.Маусымбаев, М.С. Мәлібекова және т.б. ғалымдардың еңбектерінде зерттелген.
Қоғамның әлеуметтік дамуына, келешекте білім берудің жаңа технологиясына сай негізгі орта буын жеткіншектерінің танымдық белсенділігін қалыптастырудың әдіснамалық, ғылыми-теориялық жақтары жете зерттеуді қажет етеді. Сонымен қатар, оны педагог-психолог мамандарды кәсіби даярлауда жеке проблема ретінде арнайы зерттеуге болады.
Жеткіншектердің танымдық іс-әрекеті педагог-психолог мамандардың басшылығымен жүзеге асады. Оны А.Х.Аренованың «Жеткіншектерінің танымдық іс-әрекетін қалыптастыру бұл оқу әрекетінің субъектілері ұстаз бен жеткіншектің бір-бірімен қарым-қатынасының бірлігін дәлелдейтін күрделі тұлғалық құрылым»деген анықтамасынан көруге болады.
Танымдық әрекеттің негізінде жеткіншектерде танымдық белсенділік қалыптасады. Танымдық белсенділік — жеткіншектің оқуға, білуге деген ынта-ықыласының, құштарлығының ерекше көрінісі.
В.Г.Белинский жеткіншектің танымдық іс-әрекетіндегі индуктивті әдістердің рөлін қарастырады. «Жеткіншектің ізденіп білім алуы, талаптануы оның қызығушылығын оятып, тәрбиелген жағдайда ғана жеміс бере алады» — деген пікірді Ы.Алтынсарин тұжырымдайды.
Жеткіншектердің танымдық іс-әрекетін құрылымына: танымдық қызығушылық, танымдық белсенділік, танымдық ізденімпаздық пен шығармашылық әрекетті жатқызуға болады.
Жеткіншектердің танымдық белсенділігін ынталандыру үшін жеткіншектер арасында тұрақты қызығушылығын қалыптастыру қажет. Танымдық қызығушылық педагогикалық процесте маңызды рөл атқарады.
Педагогикада арнайы танымдық қызығушылықты зерттеумен шұғылданушы Г.И. Щукина танымдық қызығушылықты:
- Қоршаған орта құбылыстары мен түрлі заттарын тану бағыты ретінде;
- іс-әрекетке талпыну, негізгі ой, қажеттілік ретінде;
- психикалық процестер қарқынды, іс-әрекет нәтижелі және қызықты өту үшін жеткіншектің белсенділігін талаптандырушы ретінде;
қоршаған орта құбылыстары мен заттарына, процестерге ерекше таңдамалы қатынас ретінде қарастырады.
Жеткіншектердің танымдық қызығушылығын қалыптасуына ең алдымен пән мұғалімдерінің ықпалы зор. Ол үшін мұғалім сабақта қызықты, тартымды оқыту үшін пайдаланатын әдістерді оқу барысында маңызды мақсаттарды ескергені жөн:
- Танымдық қызығушылықты тек қана оқыту, балаларды сабаққа тарту, қызықтыру құралы деп қарамай, сонымен қатар баланың ішкі психологиялық жан-тербеністері, жекелік ішкі процестерін қалыптастыруда маңызы ерекше деп қарау.
- Жеткіншектің өзінің көңілі қалаған сабағын оқуына жағдай жасау немесе сабақты эмоционалды ұнату, ұнатпауын қадағалау арқылы ықпал ету.
Сонымен қызығушылық түсінігі күнделікті қолданыста да, ғылыми түсіндірмеде де, адам өмірінде де шешуші рөл атқаратынын, басқа да ішкі сезімдермен, рухани қажеттіліктермен, кәсіби ұштасушылықпен тығыз байланысады. Қызығушылық жеткіншектердің танымдық еңбектеріндегі жеке қоғамдағы іскерліктерінің негізі, тұрақты факторы және ол тұлғаның ішкі сезімдерінің белсенділігінің артуына ықпал ететін күш. Жеткіншектердің танымдық қызығушылығы интеллектуалдық белсенділікпен, оң эмоционалдық көңіл-күймен, еркін таңдау мүмкіндігі мен қызметтің таңдаулы бағыттарымен сипатталады.
Жеткіншектердің танымдық белсенділігін ұйымдастыру — әрбір танымдық үдерістің заңдылықтарын ескере отырып, білім беру мәселелерін бірізді және тәжірибелік тұрғыда шешу үшін оңтайлы жағдайлар жасау қажет. Танымдық әрекеттің негізінде жеткіншектердің оқуға, білуге деген ынта-ықыласының, құштарлығының ерекше көрінісі. Мысалы: мұғалімнің баяндап тұрған жаңа материалын түсіну үшін, оқушының оны зейін қойып тыңдауы, алған білімін кеңейту үшін өздігінен кітап оқып, бақылау,тәжірибе жасау сияқты жұмыстар жасауы қажет. Өйткені өтілген материалдарды саналы қайталауда, жаңадан білім алуда, оның жолдары мен дағдыларына үйренуде белсенділіксіз мүмкін емес. Яғни жеткіншектің белсенділігі оқу үрдісінің барлық кезеңінде орын алуы қажет. Сабақ барысында жеткіншектің бойында танымдық белсенділік пайда болса, жеткіншектердің ақыл-ой қабілеттерінің мынадай элементтері дамиды: зеректілік, зейінділік, байқағыштық, ойлау және сөйлеу дербестігі т.б.
Оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру барысында келесі шарттарды ескеру және негізге алу керек:
- танымдық үдерістің өзара әрекеттестігі;
- қабылдау мен бақылауды ұйымдастыру;
- жеткіншектердің зейінін ұйымдастыру
- есте сақтауды жаттықтыру (есте сақтау, қайта жаңғырту);
- жеткіншектердің ойлауын дамыту;
- күшті білім мен дағдыларды қолдану арқылы қиялды дамыту;
- жеткіншектердің шығармашылық белсенділігін арттыру;
- жеткіншектердің жеке қабілеттерін есепке алу;
- жеткіншектерді білімге, танымдық қызығушылыққа және ғылымды меңгеруге деген оң көзқарасты қалыптастыру;
Танымдық іс-әрекетті оңтайлы ұйымдастыру қоғам сұранысына сай жеткіншектердің жеке тұлғасын қалыптастыруда маңызды мәселе болып табылады. Себебі қазіргі кезеңдегі ғылымның бүкіл саласында білім мазмұны тереңдеп, оның ауқымы қауырт өсіп отырған қазіргі ғылыми-техникалық өрістеу кезеңінде жеткіншектің өз іс — әрекетін ұйымдастыру біліктілігін қажет етеді. Сондықтан жеткіншектердің танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру біліктерін қалыптастыруды арнайы ұйымдастыру оқыту процесін жетілдірудің шарттарының бірі ретінде қарастыру керек.
Болашақ педагог-психологтардың танымдық іс-әрекеттегі біліктерінің сапалық деңгейі оның дербестігін анықтайды, бұл ақыл парасат дамуының жоғары деңгейіне және студенттің ой-танымдық дербестік арналарының даму ерекшеліктеріне тікелей байланысты деп тұжырым жасауға болады. Жеткіншектердің танымдық белсенділігін дамыту және қалыптастыру мәселесіне зерттеушілердің, педагог-психологтардың көптеген еңбектері арналған. Жеткіншектің оқу-танымдық іс-әрекет деңгейі, бағыты мұғалімнің іс-әрекетіне тікелей байланысты. Мұғалімнің педагогикалық шеберлігі, оқу материалының түсініктілігі, мазмұндылығы оқытуды ұйымдастырудағы тиімді әдіс-тәсілдер, педагог пен оқушы арасындағы жылы қарым — қатынас жеткіншектердің шығармашылық дербестігінің қалыптасуына үлкен септігін тигізеді.
Білім берудің мақсатын айқындау үшін қазақ білімпазы Ж.Аймауытовтың мына сөздерін еске алған жөн. «Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты осы. Мектеп осы бағытта жеткіншектердің келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек».
Мәселен, жеткіншектердің оқуға деген қатынасы оның жеке бас ерекшелігін ғана танытып қоймайды, оқу нәтижесінің бала үшін қаншалықты маңызды екенінің де көрсеткіші болып саналады. Әрі олар жеткіншектің оқуға деген әлеуметтік көзқарасын да субъект ретінде жеткіншек үшін оқытудың өмірлік мәнін де айқындайды.
Қорытындылай келе, болашақ педагог-психолог мамандардың танымдық іс-әрекеттеріндегі жоспарлау және ұйымдастыру біліктерін қалыптастыруды кешенді сипатта, сатылы түрде дамытып отыру қажет. Сондықтан оқу үрдісінде студенттердің танымдық іс-әрекетіндегі жоспарлау мен ұйымдастыру біліктерінің болашақ маман үшін үлкен мүмкіндіктері бар деп тұжырым жасауға болады.
Қ.Қ.Шалғынбаева,
п.ғ.д., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,
Нұр-Сұлтан қаласы.
А.Қ.Турдыбекова
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты,
Нұр-Сұлтан қаласы.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы Егеменді Қазақстан газеті, 2014ж.
- Мектеп оқушыларының психологиялық ерекшеліктерін анықтауға арналған психодиагностикалық қызмет. Құрастырған Л.К.Көмекбаева Алматы, 2004.
- Ж.Р.Баширова, Ұ.Б.Төлешова оқу әдістемелік құрал: «Студенттердің танымдық іс-әрекетін дамыту ерекшеліктері» Алматы 2003ж.
- Салпынова Қ. Танымдық қызығуды дамыту. Қазақстан мектебі. № 4, 2007. 42-43б.