Жунсалиева Акмарал Казыбековна,
№10 Күреңбел орта мектебінің
тарих-құқық пәні мұғалімі
Қазіргі кезде тарихқа деген көзқарас, ынта күн өткен сайын артып келеді. Оның себебі халықтың өзінің өткен тарихына деген қызығушылығы, тарихтың қойнауында сырын бүгіп жатқан құпия болып келген тұстарына бағамдап қарау, зерттеу қадамына назар аудару, адамзаттың бүкіл даму тарихына соның ішінде жерінің атауына, даму тарихына үңілу, оны түсінуге тырысудың қаншалықты маңызды екенін аңғара бастады. Тарихтың әр халықтың өткені мен бүгінін зер сала отырып зерттейтіні, тарих қойнауында өткен уақыттарда орын алған, болып жатқан оқиғаларға әр тұрғыдан әдістемелік жағынан баға беріп отыратыны арқасында ол халықтың игілігіне айналады. Тарихқа деген қызығушылық мектеп қабырғасында қаланады десек те, тарихи оқиғаларға тарихи сипат беретін, зерттеу нысанына айналдыра отырып, өз бағасын беретін, әрине ол кәсіби тарихшы. Тарихи зерттеу міндетті түрде тарихтың әр саласындағы мамандардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде, ұзаққа созылған пікірталастар, сан алуан зерттеу жұмыстары нәтижесінде тұжырымдалады.
Қазақстан өз елінің тәуелсіздігін алған уақыттан бастап қоғамда ұлттық тарихқа деген түсінікті ынта туындады, халықтың қазақ тарихының бұрын талас тудырып келген, немесе тұмшаланып келген тұстарына деген ұмтылысы ерекше болды. Өткен жолды сараптай келе халық қазіргі уақытпен үндес келетін бұлақтарды тапқысы келеді. Кеңес кезіндегі қазақ тарихы мен қазіргі тәуелсіз даму жағдайындағы қазақ тарихының даму деңгейі туралы салыстыруға келмейді.
Атамекен- туып өскен жерің, кіндік тамған жерің. Құтты қоныстың қасиетіне тәңірден табынып, бас иген бабаларымыздың ақынжанды болуы заңды. Туған жердің кереметтілігін кез-келген адам өзінше пайымдайды. Ата-қоныстың ата-бабамызға тым қымбатқа түскенін әр кез қаперде ұстауымыз қажет. Тіршілікте бабаларымыз кіндік қаны тамған топырақты, қара қонысты кие тұтып ақ дастархандай қастерлеген. Ұлы дала қойнауы-қазақтың қасиетті де қадірлі атамекені тұнып тұрған тарих. «Дала» деген ұғымды тек бір шөл деп ұғынуға болмайды. Әр өлкенің ерте заманнан бергі тарихы тұтаса келіп, бүгінге дейін талай жақсылықты да, қорлық пен қасіретті де бастан кешірді. Әр жердің өз тарихы бар. Жер тарихы- кешегінің бүгінге қалдырған, бүгіннің ертеңге енші болар жылнамасы, тарихты жоқ ете алмайсың. Жер атауы белгілі бір ортаның ерекшелігіне, табиғатына, оның климат ерекшелігіне байланысты қойылады.
Қойнауы тарихқа толы мекендердің бірі-Жуалы ауданы Жамбыл облысының оңтүстік –батысында орналасқан. 1928 жылықұрылған аудан, 1951 жылға дейін Шымкент облысының құрамында болған. Жер көлемі 4,2 мың шаршы шақырым. Орталығы Б.Момышұлы (бұрынғы атауы Бурное) ауылы.
Ауданның негізгі тұрғындары қазақтар. Қалғандары орыстар, украиндар,немістер, әзірбайжандар, түрік, шешен және басқа ұлт өкілдері . Жуалы ауданының жері Боралдай, Билікөл, Жетітөбе, Шақпақ ата, Күреңбел, Қарасаз, Көктөбе , Ақсай, Бурно-Октябрь, Ақтөбе ауылдық округтеріне бөлінген.
1992 жылға дейін ауданда «ХХІІ партсъезд», « Путь к коммунизму», «Чапаев», «Ленин», «Большевик», «К.Маркс», «Октябрь» колхоздары жұмыс істеді.
Өткенсіз-бүгін, бүгінсіз-ертең болмайтыны белгілі. Жуалы аймағының да бұрынғы өткен тарихы, қазіргі күнгі тыныс-тіршілігі өз алдына бір шежіре. «Бұл өлкенің бір аты баяғы заманнан «Мың-бұлақ» болып аталған-деп жазады жерлесіміз жазушы Ш.Мұртаза «Жұлдызы биік Жуалы» атты белгілі очеркінде.
Қазақ халқының нұрлы болашағын аңсап, оны жақсы жерлерге қоныстандыруды көксеген Асан қайғы бабамыз да бұрын Жуалы өңірінің қасиетін айтып кеткен болатын.
Шөбің шүйгін, суың- бал,
топырағың май екен,
қадіріңді егін салған ел білер» деп тамсанған Асан ата осы аймақтан аттанарда: «Басқаның бәрін қисаң да,
Жуалыны қимайсың.
Бөктеріп алып кетер ем,
Ат сауырына симайсың.»
деп тебірене жыр төккен деседі.
Иә, халық қалт айтпайды. Аңыз да шындықтан туады. Асан Қайғының осынау ұлағатты сөздері ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келеді.
«Түгін тартсаң май шыққан» бұл өлкенің біресе «Мың-бұлақ», біресе «Жуалы» аталуы да тегін емес. Бұл өңір, айтқанымыздай жылға қуалай сыңғырлай аққан мың сан мөлдір бұлаққа қаншалықты бай болса, әр алуан өсімдікке де соншалықты бай. Әсіресе Жуалының жуасының ерекшелігін айтатын болсақ, ата-бабаларымыз бастан кешірген небір қилы заманда, ашаршылықтың алапат кезеңдерінде осы Жуалының жуасын теріп жегендер аштықтың нәубатынан аман қалыпты деген сөз бар. Жуалыда бір ғана жуасымен ғана ерекшеленбейді, жуадан басқа мыңнан аса өсімдіктер өседі екен. Жуалы өңіріне Ресей мемлекетінің де ғалымдары қатты қызыққан. Жуалының табиғи климаттық ерекшелігінде, өсімдіктер дүниесі мен топырақ құнарын, жер асты байлығын да жиі-жиі зерттеп отырғаны тарихи деректерден белгілі. Бұл әрекеттің астында саяси мақсат жатқаны жасырын емес. Өйткені, өткен ғасырдың екінші жартысында Ресей шаруаларын қазақ даласына қоныстандыру жедел қарқынмен жүргізілгені есімізде. Сол кезде Жуалы өңірін де орыс мұжықтары иеленіп алғаны, елді-мекендеріміздің атауының барлығы орысшаланып тасталғаны да барлығымызға аян. Атап айтсақ,елді мекендеріміздің Самсоновка, Алексеевка, Петровка, Зыковка, Юрьевка, Евгеньевка, Кременевка, Казанка, Ясная Полянка, Братск, Гаваевка т.б болып жаппай орыс атауларын иеленіп шыға келгені соның салқыны. Батыс Тянь-Шань өңірін зерттеп жүрген орыс оқымыстысы А.Северцев 1864 жылы генерал Черняевтің әскерімен бірге Жуалы жеріне кіріп, алғашқы жұмыстарын Қаратау жоталарын, Күйік асуын зерттеуден бастаған. 1866 жылы Жуалы жерін бүге-шігесіне дейін тексеріп шыққан Северцев Боралдай тауын, Талас Алатауының қойнауларын түгел сүзіп өтіп, табиғи байлықтарына қызыға қарайды. ..
1909 жылы Кнорринг аудан территориясынан каучук өндірісінің ең басты шикізаты болып табылатын таусағыз өсімдігін тауып, оны тіркеуге алды. Осы негізде ХХғасырдың 20-шы жылдарында Жуалыда «Каучукпромхоз» деп аталатын атақты таусағыз шаруашылығы ашылды…Орыс зерттеушілері тамсанған Жуалы- «Мың-бұлақ» аймағы бүгінде де баяғыдай мың сан бұлағы, сыңсыған орман-тоғайы, еркелеген еліктері қалмаса да, өзінің сұлу қалпын әлі күнге сақтап келеді.
Жуалы- қашан да Жуалы, жер жаннаты. Сонау дүние жүзіне аты жайылған Швейцариядан қай жері кем? Туған жердің осы бір әсем келбетін жергілікті ақын Мырзахан Ахмет поэзия тілімен былай деп суреттейді:
« Төскейіңде сайрандап «сері» құйын,
Асқақтайды Алатау өрі дүйім.
Дидарына тамсанған Асан Қайғы.
Іздеп жүріп тынымсыз жер ұйығын.
Беу, беу, Жуалы!
Батырлардың мекені.
Ақындардың мекені.
Сызылады сағыныш
Ұзай шықсам екі елі.
Құлпырған жер әсемі қайда осындай,
Саяңда көңіл гүлі жайнасын бай.
Билікөл түстік жерден жарқырайды
Сұлудың түсіп қалған айнасындай.
Беу, беу, Жуалы!
Жаратқандай шың-құздан.
Бауыржанды туғызған,
Өзің едің маған да
Өлең жолын қуғызған.
Жуалы ауданының ресми құрылуы 1928 жылы 3 қыркүйектен басталады. Бұл туралы БОАК-нің шешімі шықты. Ауданның құрамына Көлбастау, Күреңбел, Бурно-Октябрь, Петровка, Шақпақ, Қазан, Амангелді, Боралдай, Қошқарата болыстықтарының аумақтары енгізілді.
1930 жылы 17 желтоқсанда БОАК –нің қаулысы бойынша Түлкібасы Жуалы ауданына берілді.
1932 жылғы 20 ақпанында Түлкібасы мен біріккен Жуалы ауданы Шымкент облысына қаратылады.
1936 жылы Жуалы ауданы қазіргі жер көлемімен өз алдына жеке аудан болып отау тікті.
1951 жылы Жуалы ауданы Жамбыл облысының құрамына енгізілді.
Аудан орталығы болған Бурный ауылы мен осындағы темір жол бекетінің неге бұлай аталғанын көпшілік біле бермейді. Оның тарихын атап өтетін болсақ: 1913-14 жылдардың қысында Ташкенттен бері қарай тартылған шойын жол құрылысы дәл осы біздің өңірге келіп жетті. Табиғаты қатал, қысы боранды, аязды, ызғарлы Жуалы жеріне жеткенде жол жұмысы тоқтап қалады. Айлап соққан ақ боран жолшылар жұмысын бір адым ілгері жылжытпайды. Жуалының дүлей боранынан мезі болған жолшылар «бұл жер боранды жер екен ғой, болашақ бекет «Боранды» болып аталсын» -деген екен. Борандының орысшасы «Бурное» емес пе, жол құрылысында жұмыс істегеннің көбісі орыстар болғандықтан, беке салынып болғаннан кейін, олар оның маңдайшасына «Бурное» деп жазып кеткен деседі. Кейінірек теміржол бекетінің айналасына қоныс тепкен үлкен елді-мекен де осылай аталынып кеткен.
1991 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық кеңестің төрағасы Естемес Аманбековтың тікелей қолдауымен және ұсынысымен Бурное ауылына Жуалының дауылпаз перзенті, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімі берілді.
Сөйтіп, 90-шы жылдардың бас кезінде болған осындай зор үрдістердің арқасында «кіші Ресей» атанып кеткен, Жуалы өңіріндегі елді-мекендер тарихи атауларына қайтадан ие болды. Енді осы өзгерістерге назар аударып көрсек:
Елді- мекендер:
Кантимеровка-Қошқарата
Некрасовка-Ақтасты
Луначарка-Рысбек батыр
Алексеевка-Көлтоған
Самсоновка-Күреңбел
Казанка-Тасбастау
Успеновка-Жетітөбе
Братск-Шымбұлақ
Петровка –Қарасаз
10.Ясная-Поляна-Береке
11. Бурное-Б. Момышұлы
12. Кременевка-Шақпақ-Ата
13. Евгеньевка-Көлбастау
14. Столыпинка-Көктөбе
15. Кастальевка-Қосбөлтек
16. Гагарин-Түктібай
17. Андреевка-Алатау
18. Габаевка-Ақтөбе
19. Калинин-Көксала
Ауылдық округтер:
Луначарка-Боралдай
Казанка-Жетітөбе
Петровка-Қарасаз
Евгеньевка-Ақсай
Бурный-Б.Момышұлы
Большевик-Көктөбе
Кременевка-Шақпақ-Ата
Самсоновка-Күреңбел
Шаруашылық атаулары да түгелдей туған тілімізге көшірілді. Ономостика саласында әліде атқарылатын бір сыпыра істеріміз бар екенін жасырғанымыз жөн болмас. Қазақстан бойынша ірі қалалардың бірі ,халық көп орналасқан аймақтардың бірі Павлодар, Петропавл қалаларының есімі неге қазақша есімге ауыстырылмайды. Тәуелсіздігімізді алғанымызға міне биыл 27 жыл болды. Әлі де қала, ауыл, көше, мектептеріміздің атын қазақшаландыра алмай жатырмыз. Кімнен қорқамыз, неге сескенеміз? Неге аудан орталығындағы ірі мектеп-гимназиясының есімі «Ордженекидзе», «Герцен», «Гайдар».. орта мектептерінің атауы қазақ атауларымен алмастырылмайды. Халқымыздың азаттығы үшін жанын қиған қаншама батыр бабаларымыз жер жастанып жатыр. Сол кісілердің есімдерін неге бермеске.
Ал біздің аталарымыз ауылға, жер-суға атау беруде сол жердің табиғи-географиялық ерекшеліктерін, бет-бедерін еске алған. Негізінен біздің қазақ даласында төбелер мен су көздері аз емес. «Сулы жер-нулы» деп аталарымыз бұлақтар мен бастаулардың, көлдердің және көкорайлы сай-салалар мен төбелердің маңына қоныстанғаны белгілі. Үй тіккен өңірдің табиғи ерекшелігіне қарай ауыл аты да солай аталған.
Күреңбел
Күреңбел! Атының өзі тауып қойылғандай. Қашанда туған жерің, елің, отаның өзіңе ыстық болады емес пе? Күреңбелдің Жер шарындағы орнын айтсам: өзі Азия құрлығында, Қазақстанның Оңтүстігінде, Тараз қаласының батысында, Шымкент қаласының шығысында, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы ауылының теріскей жағында орналасқан. Күреңбел Жуалы ауданындағы ауыл, ауылдық әкімшілік округінің орталығы.
Бұл аймақтың Күреңбел аталуы туралы мынадай ауыздан-ауызға тараған аңыз әңгіме бар.
« Төңкерістен бұрын мына жатқан Батырбек Датқаның сазында үлкен дуан өткен екен. Жан-жақтан дуанға жиналған атты адамдарда есеп болмапты. Аттарын жақын беткейге тұсап жіберіп таң ертең қараса аттары өліп жатыр екен. Сөйтсе, ол «күреңсе» деген улы шөпті жегеннен болыпты. Таңқаларлық жайт, жергілікті жердің жылқысы бұл шөпке үйреніп кеткендіктен уланбайды екен. Сондықтан мына жатқан үлкен бел «Күреңбел» аталған дейді.
Күреңбел ауылы ХІХ ғасырдың 80 жылдары орыс генералы Самсоновтың атымен Самсоновка деп аталынып кеткен екен. ХХ ғасырдың 90 жылдарынан бастап, өзіміздің «Күреңбел» атауына ие болдық.
Ауылды үш жағынан орап « Теріс» өзені ағып жатыр. Бастауын Қаратау жотасының оңтүстік-шығыс баурайынан алып оңтүстік-шығысқа қарай бұрыла ағатын өзен. Жалпы ұзындығы 52 шақырымды құрап, Терісащыбұлақ бөгеніне құяды. Өзен шығысқа қарай ағады, сондықтан оның аты Баркуаб (мағынасы: кері бағытта ағатын өзен, яғни, Теріс өзені) деп аталады.
Күреңбел ауылындағы тарихи жерлерді атап өтетін болсақ: Шұқыр Жуалы, Ормансай, Бүтінбай бұлақ, Датқа саз, Таңшығыс, Қарасай, Қарағанды т.б сияқты зерттеуді қажет ететін төбе, су атаулары бар. Атамекен жеріміздегі тарихи топонимиялық атауларды келер ұрпаққа мәңгілік мұра етіп қалдыру біздің басты мақсатымыз. Өйткені, ол ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинап келген баға жетпес қазынасы. Ол туралы ғалым М. Мырзахметов төмендегідей тұжырымдама жасайды: «Әрбір халық туған жер, атамекен жұртындағы топонимикалық атауларды белгілі бір себептерге байланысты, не тарихи оқиғаларға орай бір рет дүниеге әкеледіде оны ұрпағына мәңгілікке ескерткіш ретінде қалдырады.Ол атаулар халықтың тарихи жадында таспен қашап жазғандай мәңгі өмір сүре береді. Ал осы мәңгілік топонимикалық қастерлі атау бұзылса, оған төлем жоқ, ол қайта айналып келмейді, жоғалады»
«Мән бермеппін жер атына бұрын мен,
Кездерім көп мән беруден сүрінген» -деп ақын Ж.Нәжімеденов жырлағандай, ендігі жерде ұлан-байтақ өлкеміздің тарихи төлқұжаты болып қалыптасқан топонимикалық атаулар халықпен бірге мәңгі жасауы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Қазақстан тарихы» /әдістемелік журнал/ 2013ж №4
2. «Жері, суы дуалы-Жуалы» Айтбайұлы Т, Үсенбаев Е, Ахмет М.
3. «Жуалы өлкесінің ежелгі тарихы» Байдалиев Д 2007 ж.
4. «Менің Күреңбелім» Сайынқызы Г 2005 ж
5. «Қазақстан тарихы» /әдістемелік журнал/ 2014ж №